“Достар дауы”. Сот тағы да Тоқтасыновтың пайдасына шешілді

630
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 12 сәуір Алматы қалалық сотында Ғалымжан Жақияновтың Төлен Тоқтасыновқа қатысты талап арызы бойынша апелляциялық соты өтті. Азаматтық істер жөніндегі алқа Алматы қаласы Медеу аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Яғни, Ғалымжан Жақияновтың арызын қанағаттандырмады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Еске салайық, былтыр Алматы қаласы Медеу аудандық сотына Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақиянов экс-депутат Төлен Тоқтасынов пен оның жұбайы Алма Тоқтасыноваға қатысты, яғни ортақ кәсіптегі үлесіне жартылай төлем ретінде өз еркімен төлеген ақшаны өндіру туралы талап арыз тастаған болатын

Яғни, Ғалымжан Жақиянов бизнес серіктесінен ALGT моңғол компаниясындағы үлесі үшін 462 мың долларды қайтаруды талап еткен. Ол төлемнің 25%-ын ғана төлеген. Жақияновтың айтуынша, Тоқтасынов оны сатылып жатқан үлеске иелік етпегендіктен адастырған көрінеді. 

Сот жарты жылға созып,  қорытындысы 16 қаңтар күні жарияланды. Нәтижесінде Төлен Тоқтасынов жеңіске жетті

Алайда, сот шешіміне қанағаттанбаған Жақиянов Алматы қалалық сотына арызданып, апелляцияға берген болатын. 

Дегенмен, бүгінгі сот бірінші инстанциядағы соттың шешімін өзшгеріссіз қалдыра отырып, Жақияновтың серіктестіктегі барлық істерден хабардар болғанын айтты. Алайда одан алдын Жақиянов серіктестіктегі шаруадан хабарсызбын деген.

«Н.Исаева төрағалық ететін Алматы қалалық сотының құрамына заңды және әділ шешім қабылдауда адамгершілік пен объективтілік танытқандары үшін алғыс айтамыз!» - деген Алма Тоқтасынова қарсыластары туралы ашына сөйледі. 

Айта кетейік, Төлен Тоқтасынов сот процесіне қатыса алмады. Қазір жағдайы нашарлап, ауруханада ем алуда. Бұл туралы кәсіпкер, әрі екі тараптың досы Ахметбек Нұрсила Facebook парақшасында жазған еді. 

«Төлен Тоқтасынов досым ауыр науқасқа ұшырып қалды. Ғалымжан Жақиянов пен Тагир Сисенбаев деген жасы үлкен адамдарға "Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақтың баласы едік, тағдыры қыл үстінде тұрған, осы жағдайға өздерің жеткізген атпал азаматты өз қолдарыңмен өлтіргілерің келмесе тоқтатыңдаршы" деп өлердегі сөзімді айтып бірнеше хат жаздым.

Ғалымжан да, Төлен де досым. Бірақ "Платон менің досым, бірақ мен үшін ақиқат қымбат" деп Сократ айтқандай мен ақиқат жағына шықтым. «Елдестірмек елшіден» деп осы ұрысты тоқтатуға бар күшімді салдым, басу айттым, бірақ болмай жатыр, өкінішке қарай”, деп жазды Ахметбек Нұрсила.

Айта кетейік, бұған дейін “Достар дауы” арасындағы тартыстың қалай басталғаны және сот барысын бірнеше рет жазған болатынбыз. 

 

Пікірлер