«Халықты ашындырмаңдар». Орынборда су тасқынынан зардап шеккендер ТЖМ жұмысын сынға алды

505
Adyrna.kz Telegram

Су тасқынынан зардап шеккен Орынбор тұрғындары президент Владимир Путиннің бұрынғы күзетшісі Александр Куренков басқаратын Төтенше жағдайлар министрлігін көзбояушылық жасады деп айыптауда. Жергілікті билік өкілдерімен кездесуде азаматтар ТЖМ-нен тиісті көмек ала алмағандарына наразы болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Астра сайтына сілтеп.

Тұрғындардың айтуынша, департамент өкілдері тек теледидардан «әдемі көрініс» көрсету үшін сюжеттер түсірумен ғана айналысады.

«Жеті күн ұйықтамадым, ал ТЖМ ештеңе істеп жатқан жоқ. Отырып алып бәліш жеуден басқа түк бітірмеді. Міне, теледидарда олардың жұмыс істеп жатқанын көрсететін әдемі суреттер бар. Түк те істеп жатқан жоқ! Халықты ашындырмаңдар. Біз бәріңді айырмен айдап тозаққа түсіреміз », - деді зардап шеккендердің бірі.

The Moscow Times бұған дейін хабарлағандай, Төтенше жағдайлар министрлігінде бір ай бұрын Орынбор облысында күтілетін күшті су тасқыны туралы ақпарат тараған болатын. Жайық өзеніндегі су деңгейін реттеп, Ириклинск су қоймасындағы тасқын суларға алдын ала орын босатып, тасқынның шығынын азайтуға мүмкіндік болған. Алайда, апаттың алдын алу үшін еш шара қолданылмаған.

Орынбор облысында су тасқынының күрделі деңгейі сақталуда. Сенбі күні таңертең Орынбор маңындағы Жайық өзені арнасынан асып 12 213 тұрғын үй мен 17 203 шаруашылық телімін басып қалды. Су тасқыны 5 сәуірде Орск қаласында бөгеттің бұзылуынан басталды. Алайда Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы апат аймағына Путиннің жеке бұйрығынан кейін 7-і күні ғана барған.

Пікірлер