БҚО-да 40 адам ішімдіктен мәжбүрлі емделуде

1739
Adyrna.kz Telegram
фото: AlmaLife
фото: AlmaLife

Бүгінде ішкілікке сылқия тойып алып қоғамдық орында ойран салатындарға, отбасының шырқын бұзатындарға жаза қатаң. Әйтсе де, мұндай жандар көбінесе мәжбүрлі емдеуден бас тартып, жауапкершіліктен жалтарады. Мұндай жағдайда зардап шегушң маскүнемді еріксіз емдеуге жіберу жайлы ішкі істер органына арыз жазуға құқы бар.

           Батыс Қазақстан облысы бойынша екі уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы бар, яғни Орал қаласында және Бөрлі ауданы Ақсайқаласында. Орал қаласында орналасқан уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы 50 орындықлайықталса, ал Ақсай қаласындағы 10 орындық жасақталған.

Ағымдағы жылы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 2880 азамат жеткізіліп, оның ішінде 1801 азамат орналастырылған. Батыс Қазақстан облысы бойынша маскүнемдіктен, нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу мекемесі бар. Мекеме 170 орынға арналған. Күні бүгінде мас күйінде жасалған қылмыстың алдын алу мақсатында арнайы мекемеге мәжбүрлеп емдеуге 40 маскүнем және нашақор рәсімделген. Бұл туралы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Тлектес Кажкеевтен сұрап білген едік.

          Ағымдағы жылы мас күйінде жасалған қылмыстар төрт пайызға төмендеп отыр. Өткен жылы 126 қылмыс орын алса, қазіргі таңда 121қылмыс тіркелді. Қоғамдық орында алькогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде жүргені үшін 1800 әкімшілік хаттама толтырылды. Маскүнемдіктен және нашақорлықтан емдеуге жыл басынан бері 40 тұлға рәсімделіп, қазір мәжбүрлі емделуде. Заңмен белгіленген орындарда темекі өнімдерін шеккені үшін 68 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды, дейді полиция майоры Тлектес Құрманғазыұлы.

         Кейіпкеріміздің мәліметінше, маскүнемді мәжбүрлеп емдеуге туыстары қарсы болатын да көрінеді. Өйткені туыстары түзелемін деген құр уәдесіне сеніп қалады. Мәселен, Орал қаласының 50 жасар тұрғыны  ішімдікке әбден тәуелділіктен, үйіндегі заттарын сата бастаған. Жұбайы полицияға сан мәрте арыз жазғанымен, кешірім беріп, әбден шектен шыққанда ғана алты ай мәжбүрлеп емдеуге келісіпті. Қазір уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында ем қабылдап жүр. Алайда, туыстары «ауруынан» толық айығып шығарына күмәнді. Орталық мамандары маскүнемдікке салынған жанды тезірек емдету керек екенін айтып дабыл қағады. Олардың айтуынша, ішімдікке тәуелді адамдардың бұл дерттен өз еркімен айығулары қиын.

    Сондай-ақ күні бүгінде спирттік ішімдік ішіп, көлік жүргізетіндер саны күрт артып отыр.  Нәтижесінде, соңы өліммен аяқталған қаншама жол апаты орын алды. Жол-көлік оқиғаларын азайту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында батысқазақстандық полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстарын үзіліссіз жалғастыруда. Осы мақсатта қалалық департамент жеке құрамының жұмылуымен  «Мас жүргізуші – қылмыскер!» рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан бері 339 тұлға ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылған.

       Жақында БҚО полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйлерінде басқарған екі жүргізушіні ұстады. Мәселен, БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Орал-Атырау» тас жолында Чапаев кенті тұрғынының мас күйінде көлік жүргізген «Ваз-21012» автокөлігін тоқтатады.

Сондай-ақ Орал қ.ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері патрульдеу кезінде Орал қаласындағы Әзірбайжан көшесінің бойында «BMW» маркілі автокөлігі тоқтатады, оның жүргізушісі есірткіге мас күйде болған. Айта кету керек, екі жүргізуші де көлік айдау құқығынан айырылған.

Қазіргі уақытта екі жүргізуші де уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, ал көліктері арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бір ғана мысал.

               Ғаламтор деректеріне сүйенсек, елімізде 46 мыңдай жетім бала болса, 16 мыңының ата-анасы ішімдікке салынуы себепті ата-аналық құқынан айырылған. Ал араққа салынудың салдарынан жыл сайын 28 мың адам бауыр, жүрек-қан тамырлары, асқазан жарасы тәрізді дерттерді асқындырып алып, көз жұмады. Жол-көлік апаты оқиғаларының да 50 пайызы ішімдіктің салдарынан. Бұл көрсеткіш арақ пен темекіге қатысты заңды күшейту керек екеніне нақты көзімізді жеткізіп отыр.

           Тепсе темір үзетін азаматтардың қу арақтың құлына айналғанын көзің көріп, еріксіз ойланасың!  Алкаголь өнімдерін жарнамалауға, саудалауға  тыйым салынса деген ой мазалайды. Ит те ішпейтін ащы судың қоғамымызға әбден сіңіп кеткеніне налисың. Қоғамды орын алып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалар, озбырлық әрекеттердің 90 пайызына себеп ішімдік екенін біле тұра көз жұма қараймыз. Қылмыскердің жазасын айыппұлмен ғана шектейміз! Ойланарлық жағдай!

Пікірлер