"Су тасқынына алаңдап отыр". Назарбаев қоры биліктің "беделін түсіру" әрекетін жоққа шығарды

832
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөз беттерінен
Фото: Ашық дереккөз беттерінен

Бірінші президент Назарбаевтың қоры ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Тұңғыш президент қоры Қазақстанда су тасқыны кезінде кей БАҚ-тың “Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан» жүргізіп отыр” деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Ресми сайтта:

“Жасырын дереккөз жариялаған ақпаратты жеке тұлғалар да айтып, негізсіз айып тақты

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры бұл жарияланым мен мәлімдеменің ешқандай объективті әрі нақты негізі жоқ деп мәлімдеме жасау қажет деп санайды. Қор қоғамға шынайы және сенімді ақпарат берудің маңыздылығын атап көрсетеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қызметінде саяси да, ақпараттық-манипуляциялық та сипат жоқ. Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, ел жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған”, - деп жазылған.

Бұған қоса, қордың сайтында Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдап, әрмен қарай қолдайтынын жеткізді.

“Бұл күндері ел тұрғындары сияқты Тұңғыш Президент те су тасқынынан зардап шеккен жандарға алаңдап отыр. Біз Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі шарасын толығымен қолдаймыз.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры зардап шеккен өңір тұрғындарын қолдау үшін алғашқылардың бірі болып ақша аударып, қаржылай көмек көрсетті”, - деп жазылған сайттың алғашқы бетінде.

Қор өкілі Әлкей Марғұланұлы Facebook желісіндегі парақшасында жазба жариялады.

”Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Рамазан айының соңғы күні 9-шы сәуірде "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына елдегі орын алған су апатына көмек ретінде 300 000 000 теңге аударған еді. Бізге "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры аталған қаржыны су апатынан зардап шеккен аймақтарда үй салуға жұмсалатынын хабарлады. Игілікті бастаманы қатты қолдадық.

Бірақ біз игі істі хабарлап жатуды жөн көрмедік. Игі істі тыныштықта жасау қажеттілігі негізгі басымдық болды”, - деп жазды Тұңғыш президент қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Назарбаевтың ресми сайты жұмыс істемей тұрғанын жазған болатынбыз.

Пікірлер