Дәрігердің жан сыры: «Науқастың өлім үрейін көп көрдім»

747
Adyrna.kz Telegram

Дәрігердің қадірін ауырғанда білеміз. Білікті дәрігер – қай қоғам үшін де ауадай қажет маман. Отандық дәрігерлерді, оның ішінде аймақтарда еңбек етіп жүрген ақ халаққыт абзал жандарды не толғандырады? Олардың не нәрсе ынталандырады? Осы туралы Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Көкшоқы алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының бөлім меңгерушісі, жоғары санатты, білікті де  тәжірибелі дәрігер  Ұлжан Жүнісовадан сұраған едік.

– Құрметті Ұлжан Жылқыайдарқызы, жоғары білікті маман ретінде өңірде қызмет етіп жатқаныңызға біраз болды. Біліктілігіне сенімді маманның ауданда тұрақтап қалуына басты не себеп? 

– Жоғары білікті дәрігер атанғаннан бастап, ауылға оралуды көздедім. Ауыл медицинасын көтеру, туып-өскен ауданымның халқына мүлтіксіз көмек көрсету – басты мақсатым болды. Ұзақ жылдан бері сол мақсатыма адалдық танытып келе жатқаным – халық денсаулығына қосқан үлесім, құрметім деп білемін. Туған жерімді жақсы көремін. Болашақ  жастарға, ізімізді басқан жас дәрігерлерге солай үлгі болсам деймін. Сонымен қатар, өз балаларыма өнеге бола білу – қасиетті парызым.

– Карантин кезін, ковид дүрбелеңін өткергенімізге көп болмады. Сол кезде өзіңізге адам ретінде, маман ретінде не түйдіңіз?

– Дүние жүзі бойынша дүрбелең болған Covid-19 эпидемиясы кезінде халықтың көзіндегі үрейді көп көрдік. Дегенмен, өмір сүруге деген талпынысқа да куә болған сәттерде, оларға көмек қолын соза алған кездерде, шынымды айтсам, осы дәрігерлік мамандықты таңдағанымды мақтан тұттым. Халыққа қолымнан келген көмегімді көрсете білгеніме шексіз риза болдым. Эпидемияға шалдыққан науқастардың өлімнен үріккен  қорқынышын көргенде, дәрігер ретінде мейірімді, кішіпейіл болуды, дер кезінде шұғыл жағдайдан шығу жолдарын тереңірек меңгердік. Таңның атысынан түннің жарымына дейін дамылсыз жұмыс істесек те, ұйқымыз келмейтін, өйткені қазір ғана сап-сау отырған адам дем арасында жүріп кетуі мүмкін сындарлы сәт болғандықтан, қайта-қайта тексеріп, көмек қолын созудан мүлт кетіп қалмайын деп тырмысады екенсің. Негізі мамандығымызға байланысты, өлім үрейін жиі көреміз ғой. Ал эпидемия кезінде оны көру тым жиіледі. Бірақ ең қиыны сол, 10-15 күндеп бала-шағаңды көрмей күні-түні жұмыс істеу қатты қажытты. Түйгенім: ковид кезінде қосымша сырқаты жоқ, салаутты өмір салтын ұстанатын, өмірге құштар адамдар  ауруды оңайырақ еңсерді. 

– Қазіргі отандық медицинаның үш түйіткілі мен үш жетістігі не десе, қалай жауап берер едіңіз? 

– Қазіргі отандық медицинаның үш жетістігі дегенде ойыма алғаш келгендері:  

  • Қазіргі медицинаның қарқынды дамуы.
  • Инновациялық технологиялардың кеңінен енгізіліп жатуы.
  • Шетелде жасалып жатқан күрделі оталар өз елімізде де жасалуы.

Ал кемшілік жоқ емес, бар. Мәселен, отандық ақпараттық жүйелерді интеграциялау жағы кемшін. Ортақ база болса деймін. Мәселен, адам қайтыс болды деп РПН-ге енгіземіз, бірақ ол КМИС-те қайтадан «тірі» болып тұрады. Дәріні жазғанда да бір жүйе екінші жүйеге сәйкес келмей, бір жасағанды екі қайтара енгізуге мәжбүр болып жатамыз. Екінші олқылық: Жалпы тәжірибелі дәрігерлердің жүктемесін азайту ауадай қажет. Шынын айтсақ, сондай жүктемемен отырған көп дәрігердің сырқатқа дұрыстап көңіл бөлуге шамасы жоқ. Қағазы, компьютері екінші жақтан тұрады. Екпе салатын дені сау балаларды да осы дәрігер, қатты ауырып тұрған науқасты да  бір адам өзі қараған соң, сапаның ақсайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, емханаға кезек жағын реттеу де – күн тәртібіндегі мәселе. Қарттар жағы электрондық кезек дегенді жете түсіне бермегендіктен, науқасты қабылдауда түйіткілдер туындап жатады.

– Медицина саласында неше жылдан бері қызмет етесіз, қиындығы мен жауапкершілігі мол бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды? 

– Медицина саласында қызмет атқарғаныма –  17 жыл.  Бұл мамандықты таңдаудағы басты мақсатым – денсаулық саласын жіті меңгеріп, халыққа сапалы, қолжетімді қызмет көрсету.

– Қазақ медицинасы даму үшін мемлекет деген менеджердің ұстанымы қандай болуы керек деп ойлайсыз? 

– Мемлекет деген менеджердің ұстанымы – жақсылап жоспарлау, мұқият ұйымдастыру, қисынды үйлестіру, әділдікпен бақылау және барынша ынталандыру.

–  "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген сөз бүгінде қаншалықты өзекті? Қарапайым халыққа ГМО-сы көп, азық-түлігі қымбат қазіргі кезеңде денсаулығына байланысты қандай кеңес берер едіңіз? 

– Халыққа салауатты өмір сүруді насихаттау – өте маңызды міндет. Әр адамның айнымас серігі олар: спортпен шұғылдану, табиғи өнімдерді тұтыну, таза ауада серуендеу және көтеріңкі көңіл-күй. Жылына кем дегенде 1 рет алдын ала тексеруден өтудің де мәні зор. Педагог, Алаш дәрігері Біләл Малдыбайұлы айтқандай «Ұзақ өмір сүрудің сыры – тазалық». 

 – Өзіңіз білікті дәрігер ғана емес, көпбалалы анасыз да. Жұмыс пен отбасын үйлестірудегі сіздің формулаңыз қандай? 

– Еңбек пен отбасын теңдей ұйымдастыру әйел заты үшін оңай емес екені белгілі. Отбасы – қоғамның ең өзекті құрылымы. Мамандық бойынша жұмыс та әлеумет үшін маңызды. Жұмыс пен отбасын бірге алып жүру оңай шаруа емес, алайда өзім осы медицина саласын таңдағаннан кейін, осы дәрігерлік мамандығымды отбасыммен қатар игеруді жөн көрдім. Өзім көпбалалы отбасынан шыққандықтан, ұл-қыздарымның жанашыр бауыры көп болғанын қаладым. Еңбексүйгіштікті, отбасының қамқоршысы болуды, жанұяның ұйытқысы болуды, ерін күте білуді, бала тәрбиелеу және аналық борышымды орындауды осы таңдаған дәрігерлік мамандығыммен қатар алып жүремін деп  мақсат еткенмін. Құдай қуат беріп, соның үдесінен шығуға барынша тырысып келемін.

– Өзіңіздің ізіңізді басып келе жатқан жас буын дәрігерлерге орта буын өкілі ретінде қандай кеңес айтар едіңіз?

– Келешек жас буын мамандарға берер кеңесім:  ақ халатты абзал жан деген атқа кір келтірмей, халыққа мейірімділігімен қатар, адал қызмет көрсету керектігін ұмытпаңыздар. Білімін үздіксіз шыңдап, ізденісте болу, жұмысына жауапкершілікпен қарау, қазіргі заман талабына сай дамып жатқан ғылыми технологияларды меңгеруге кеңес берер едім. Ал болашақ ақ  халатты абзал жандарға жоғары оқу орындарында білікті, үздіксіз ізденіс үстіндегі, шетелде білімін шыңдаған, талап қоя алатын ұстаздар дәріс берсе, нұр үстіне нұр болар еді. 

–Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге береке тілейміз!

Алма Сайлауқызы

Пікірлер