"111 миллион теңге". Күрделі жөндеуден өткен спорт зал қаңырап қалған

732
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Жамбыл облысында 111 миллион теңгеге салынған спорт зал қаңырап бос тұр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Хабар 24"-ке сілтеп.

Жаңа жыл қарсаңында Жуалы ауданы Кәріқорған ауылындағы спорт залы салтанатты түрде көпке таныстырылған. Дене шынықтыру мекемесі ондаған жыл қараусыз қалған ғимараттан ашылып еді. Оның құрылысына "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша 111 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғаны белгілі болды. Дегенмен ғимаратты тексеріс кезінде жөндеу сапасыз жүргізілгені анықталды.

“Бұл спорт кешенін қалпына келтіру жұмыстары нашар жүргізілді. Жобалық-сметалық құжаттаманы тексеріп, спорттық құрал-жабдық қамтамасыз етілмегенін анықтадық. Тапсырыс берушінің айтуынша, олар спорттық құрал-жабдықтарды Жамбыл облысының дене шынықтыру басқармасы уәде еткенін айтады”, – деді Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Қуатбеков.

Құрылыстың сапасыз болғанын ауыл тұрғындары да айтуда.

“Басында сметаны қате құрастырдық деді. Кәріз жүйесі тартылмаған, жарты жолда тастап кеткен. Тараздан комиссия келіп, осы кемшіліктердің барлығын анықтады. Ғимарат күзетілмейді. Ол бұдан былай бос қтұра берсе, жойылады.”, – деді Кәріқорған ауылының тұрғыны Дәурен Үсіпбеков.

Ғимаратта сылақ құлап, қоқыс шашылып, жарықсыз қалған. Ал жабдықталмаған бос бөлмелер сол күйі қалып кеткен. Аудандық спорт бөлімі басшысының айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары кейінге қалдырылыпты. Бұл нысанды спорт бөлімі бақылауға алуы керек болған, дегенмен әлі орындалмаған.

Қоғамдық кеңес барлық кемшіліктерді кепілдікпен мердігер жоятынын айтады. Жергілікті билік штат жасақтап, бюджеттік өтінім беруді жоспарлап отыр. Аудандық мәслихат мақұлдаса, бір айдан кейін спорт залы ашылады деп күтілуде.

Пікірлер