Астана жедел жәрдем станциясының директорына үкім шықты

655
Adyrna.kz Telegram

Астана сотында жедел жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаевқа бірнеше рет пара алды деген айып тағылды. Соттың мәліметінше, пара алуда делдалдық жасады деп айыпталған фельдшер де сотқа тартылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы 2022-2023 жылдар кезеңінде бас фельдшерден медициналық колледждерде ақылы негізде оқу практикасын өткізуге жәрдемдескені және жалпы қамқорлығы үшін 676 мың теңге сомасында пара алды», - деп хабарлады сотта.

Сондай-ақ, 2023 жылдың сәуір айында Оразбаев жедел жәрдем станциясы жанындағы осы академия студенттерінің өндірістік практикасынан өткізгені үшін жеке компания директорының орынбасарынан фельдшер арқылы 100 мың теңге алған.

Оразбаев кінәлі деп танылып, параның 46,6 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынды. Оған 36 млн теңге төлейтін болды. Фельдшер 2 млн теңге өтейді.

Айта кетейік, Мұрат Оразбаев 1976 жылы 9 қазанда Қызылордада дүниеге келген.

Еңбек жолын 2000 жылы Қызылорда облысы Жалағаш аудандық орталық ауруханасының хирург-дәрігері болып бастаған. 2001 жылдан 2008 жылға дейін Қызылорда облыстық медициналық орталығында реаниматолог-анестезиолог, токсикология және ГБО бөлімшесінің меңгерушісі, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі, бас токсиколог, Қызылорда облысы денсаулық сақтау департаментінің бас реаниматологы болып жұмыс істеді.

2009 жылдан бастап еңбек жолын Астана ұлттық медициналық холдингінің Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығында жалғастырды.

2011 жылы аурухана әкімшілігінде (MD MBA) іскери әкімшілік магистрі академиялық дәрежесі берілді.

2017 жылғы 19 мамырдан 2019 жылғы қарашаға дейін "Республикалық санитариялық авиация орталығы" ШЖҚ РМК Өңірлік даму жөніндегі директорының орынбасары, "ҚР М3 шұғыл медицинаның ұлттық үйлестіру орталығы" ШЖҚ РМК Басқарма төрағасының орынбасары. ҚР Жедел медициналық көмек қауымдастығының атқарушы директоры. ДДҰ ТЖ-ға ден қою жөніндегі ұлттық үйлестіруші.

2020 жылы "Құрмет"орденімен марапатталған.

Пікірлер