Әйелін соққыға жыққан дипломаттың үстінен қылмыстық іс қозғалды

856
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі, дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды»,- деді департамент.

Еске салайық, бұған дейін Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш видеоүндеу жасап, күйеуінен қорлық көргенін айтқан еді.

"Мен, Мамаш Карина Госманқызы, БАӘ-дегі елшінің кеңесшісі Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлының жұбайымын. 10 жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырап келемін. Маған көрсеткен бүкіл қорлығы – оның ішінде физикалық, сексуалдық, эмоционалдық, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін күйеуімді дипломат мәртебесінен айырып, түрмеге отырғызғанын қалаймын", - деген еді Карина Мамаш.

Карина 5 мамыр күні күйеуі оған және оның әпкесіне күш көрсеткенін де айтқан.

Сол кезде «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі президентке, Ішкі және сыртқы істер министрліктеріне үндеу жасаған. Ол «Ішкі істер министрлігінен Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі жасап отырған әрекетке араласып, әйелін күйеуінен қорғауды талап етеміз,"- деп мәлімдеген.

Сыртқы істер министрлігі де сол кезде оқиғаға қатысты бірден реакция білдірген. 

«Біз бұл қызметкерді шұғыл түрде Қазақстанға шақырып жатырмыз, енді оның ісімен құқық қорғау органдары айналысады», - деген Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Карина Мамыр елге жеткізілген соң 9 мамырда ол Астанадағы дағдарыс орталығына орналастырылды.

Пікірлер