Осындай төсбелгілер қазақты ірітудің басы болды. Әуелде ел аузына қараған билерді “судебный біи” деп бауырға тартты, кейін ығыстырып, кез келген ыбырайға тақты. Содан шолақбелсенділік басталды, алақандай темірі бар адам басқа адамдарға, басқа руларға қырғидай тиді.
Содан ол рулар да осындай темірге қол жеткізейік деп жанталасты, патша ағзамның жандаралына жалынды.
Ақсақал, биді ақылына қарай ардақтайтын қазақтың түсінігі түбегейлі өзгеріп кетті, мың жерден ақылды болсаң да патшадан таққан шенің болмаса сен ешкім емессің! “Патшаға жаққан ебіміз бар, кеудеге таққан шеніміз бар” ыбырайлық басты.
Бұратаналарды бодандау саясаты - ортақ, Сүйінбайдың патша мақтаған манаптарын айтқан Қатағанға “түлкіге шапқан тазыға, оған да қарғы тағады” деп салуы тек ақынның емес, отаршылдық жете қоймаған тұтас бір өңірдің көзқарасы еді. Общым, би дегенді тағайындау ақыл-парасат туралы түсінікті бұзды, ойы озған емес, жандарал қолын созған адам елге билік айтты.
Сол әдет екі жарым ғасырда қанға сіңді.
Serik Abikenuly