Наразылықты сырттан бақылау. Депутаттар Құлсары дауына пікір білдірді

1629
Adyrna.kz Telegram

Тасқын судан зардап шеккен Құлсары халқының баспанасының әр шаршы метріне 400 мың теңге талап етуі орынды ма? 

Атырау облысының Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен үй өтемақысы бойынша наразылық екіжақты келісімге қол жеткізудің арқасында аяқталды. Бұл туралы бүгін, 22 мамырда Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев мәлімдеді. 

Наразылыққа шығушылар шатырларды жинап алып, орталық жолды ашты. Қазір тұрғындар бүлінген баспананы бағалау туралы келісімге келген.

«Құлсары төңірегінде бүгін жұрт алаңнан кетті. Менің түсінуімше, конструктивті консенсусқа қол жеткізілді. Құлсарыда да, Оралда да ешкім қамауға алынған жоқ. Өтемақы төлеуді талап еткен адамдар қамауға алынбады», - деді Қожаев сәрсенбі күні Мәжіліс сыртында.

Әлеуметтік желідегі азаматтардың басым бөлігі «Халықтың талабы орынды» десе, енді бір топ  бұл қаржыны ел бюджеті көтермейтінін айтады. Ал Мәжіліс депутаттары не дейді?

«ЕКІ ЖАҚ ҚАНАҒАТТАНАТЫН ӘДІЛ ШЕШІМ БОЛУ КЕРЕК» 

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев бұл мәселеде арнайы комиссия белгілеген мөлшерлеме бар екенін айтады.

  - Менің ойымша, екі жақты да қанағаттандыратын әділ шешім болу керек.  Бұл жерде дұрыс немесе дұрыс емес деген секілді кесіп болжам айту дұрыс емес. Қазіргі нарықтың сұранысы бойынша белгіленген комиссияның мөлшерін қанағаттандыратындай деңгей болуы керек. Шыны керек, Үкімет ұсынып отырған 240 мың теңге жете ме, жетпей ме деген сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Ең бастысы – Құлсары халқы қанағаттанатындай болуы керек. Бірақ талап етудің өзінің мөлшері бар ғой. Сондықтан да түптеп келгендегі нәтижесі елді қанағаттандыратындай дұрыс шешім болуы керек, - дейді әлденеден сақтана, қорғана сөйлеген халық қалаулысы.

 - Ұзын сөздің қысқасы, әділетті өзіндік бір бағасы белгіленуі керек. Мысалы үшін қазіргі таңда бір шаршы метріне 239 мың теңге көлемінде қаржы белгіленді. Алдағы уақытта олардың барлығы баспанасыз қалмайды. Белгіленген мөлшерде көмек көрсетіледі деп үміт артамын, - деп қосты ақын депутат Аманжол Әлтаев алдыңғы пікірін нығарлағандай.

«ХАЛЫҚТЫ ДА ТҮСІНУГЕ БОЛАДЫ»

Мәжіліс депутаты Максим Рожин де әріптесі Аманжол Әлтаев секілді орағытқан пікір білдіре алмады.  

 - Менің ойымша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында  халықтың зардап шеккен мүлкін қалпына келтіру керек. Осы тапсырманың негізінде Үкімет есептерді жүргізу керек. Бәлкім жергілікті жерде құрылыс материалының құнына байланысты, не болмаса, шығынға ұшыраған халықтың есебі бойынша осындай сумма шығып жатқан шығар. Бірақ менің түсінігімше бізде есептеудің белгілі бір стандарттары бар. Қазір соңғы мәліметтер бойынша шығын есептеліп жатыр. Сол шығынға байланысты ақша қайтарылып және үй салынатын болады, - дейді майдан қыл суырғандай сөйлеген Максим Рожин.  

 - Бұл жерде халықты да түсінуге болады, екінші жағынан ережелерді де естен шығармаған жөн. Осы мәселеде екі жақты пікір бар, - деді депутат барлығына белгілі жайға сілтеп. 

«СӘЛ КӨБЕЙТУГЕ» ҺӘМ «СӘЛ ТҮСІРУГЕ» ДЕГЕН НИЕТ

Аманжол Әлтаев пен Максим Рожинмен салыстырғанда Абзал Құспан сұраққа нақты жауап берді. Мәжіліс депутаты Құлсары халқының сұрап отырған қаржы көп деп мәлімдеді. 

 - Мысалы, ауылды жерде 200 шаршы метр үй болатын болса, оған 80 млн теңге беруге тура келеді. Оның ішіне кейбір азаматтар жазып жатқандай бүлінген дүние-мүлік кірмейді, бұл – тек құрылыстың ақшасы. Біз Қазақстандағы бюджеттің жалпы жағдайын білеміз ғой. Әрі - беріден соң мемлекеттің бюджеті бәріміздің қалтамыздан шығатын дүние. Менің ойымша, 400 мың деген кішкене көбірек, - деген депутат оның төркінін де түсіндіре кетті.  

  - 400 мың теңге деген цифр қайдан шыққанын білесіз бе? Егер құрылыс компаниялары үйді салатын болса, әр шаршы метріне 400 мың теңге айналады. Оның құнына ПСД, яғни, жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Егер сіз жеке үй салсаңыз, жобалық-сметалық құжаттама жасамайсыз. Аталған құжатты арнайы лицензиясы бар компаниялар дайындайды. Оған бөлек ақша кетеді. Бұл – бір. Екіншіден, оның ішіне компанияның өзінің табысы кіреді. Құрылыс компаниясы қарамағындағы құрылысшыларға жалақы төлейді және өзі табыс табу керек. Біз ешбір кәсіпкерге тегін істе немесе патриоттық сезіммен арзанға істе деп талап ете алмаймыз. Даудың басы осы цифрдан шыққан. Сондықтан осыдан сәл төмендеу керек деп есептеймін. 240 мыңнан сәл көбейтуге болатын шығар, бірақ 400 мың теңгеден сәл түсіруге болады деп есептеймін, - деді ол.

Шынар Ақжанқызы





Пікірлер