Қазақстан менің туған жерім!

5700
Adyrna.kz Telegram

Туған жер – әрбір адам өміріндегі киелі мекен саналады. Адам баласының ертеңгі үлкен өмірге қағатын қанатын туған жері қатайтады. Өзің туған, өзің өскен жердің тыныс-тіршілігі мен салт-санасы күні ертең сенің үлкен өміріңе берілетін жолдама іспеттес. Ең алдымен өз үйіңде бойыңа сіңген мінез-қасиетті өзің туған ауылыңның салт-санасы бекіте түседі.
Мен Қазақстанның шалғай ауылдарының бір – Қаратөбе деген ауылда дүниеге келдім. Балалық шақтан бастап-ақ адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. Осынау ғажайып сезімді оятатын ең алдымен өзің туған топырақ. Өзгелер үшін кішкентай деп саналса да, өзім туған Қаратөбе ауылы жұмақтан кем емес. Өйткені осы ауылда менің өмірімдегі ең бақытты саналатын балалық күндерім өтті. Бір топ бала болып жүгірсек, шаңы көкке көтерілетін ауылымның әрбір бұрышы мен қалтарысы бүгінге дейін жадымда жаттаулы.Себебі, сол ауылда менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағым өтті. Үйдің маңындағы аулада ойнағаным және бала-бақшаға барған көшем бәрі-бәрі есімнен шыққан емес. Сол бір шақта аса биік, шығу мүмкін еместей көрінетін ауыл шетіндегі қырқалар мен сарқырай аққан өзеннің күрілін сағынышпен еске аламын. Есейіп кетсек те, жыл сайынғы дәстүр бойынша жаз айларында міндетті түрде ауылға жиналамыз. Отбасымыздағы тоғыз бала да, бұрынғы сыныптастарым да жыл сайын бас қосамыз. Сондай шақтарда баяғы балалық әрекеттерімізді еске алысып, арасында бала да болып туған жердің топырағына армансыз сайран саламыз. Сондай кездері адамның туған жері де ата-анасы секілді деп ойлаймын. Ата-ана ғана өз баласының бар еркелігін көтере алатыны сияқты, туған топырағың ғана сенің сотқарлығыңды, бұзықтығыңды, еркелігіңді көтереді екен. Өз ауылыңнан, туған жеріңнен ұзай қалсаң, кешегі балалықтан да, сотқарлықтан да түк қалмайды. Сыртта сен бөтен адамсың. Қазақ халқының сәбиінің бойына туған жердің ерекшелігін дүниеге келген сәттен бастап сіңіретіні сонша, кез келген қазақстандық азамат өз туған жерін басқамен алмастыруды ойламайды да. Туған жеріңді басқа мекенмен айырбастау біз үшін мүмкін де емес.
Жұмыс барысымен әлемнің бірнеше елінде болып, тіпті кейбірінде бірнеше жыл өмір сүрдім де. Сол кезде түсініп, түйгенім, туған жердей жер болмайды екен. Елімнен, туған топырағымнен мыңдаған шақырым алыста жүрсем де, мені үнемі бір сағыныш жетелейтін. Жусанның иісіне тұнған туған жеріме деген сағыныш бәрібір түбінде ауылыма қайтарды. Туған жер – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Шетелде жүргенде де өз елім туралы мақтанып, ауыз толтырып көп дүние айтатынмын. Қазақстанды әлемге танытқан жағдайдың бірі – Біріккен Ұлттар ұйымының төріне шығып, Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміз. Осының бәрі елімнің азаттығының жемісі дейтінмін шетелдік достарыма.
Бауыржан Момышұлының «Опасызда - Отан жоқ» деген сөзі бар. Отанын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тәрк етіп, басқаның жетегінде кетіп жатқан, өз елін тастап бөтен елге қоныс аударып жатқан жастарымыз да  кездеседі. Бұл өкінішті жағдай. Алайда, түптің түбінде бүгін елден кеткендер, өз салты мен санасынан адасқандар бәрібір туған топырағы мен туған салт-санасына қайта оралатынына сенімдімін. Өйткені жер шарын жеті рет айналсаң да, туған жеріңнен артық мекенді табу мүмкін емес.

Маржан Тілектесқызы.

Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының

«Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер