Сақина - тазалыққа таразы!

4268
Adyrna.kz Telegram

Сақина- саусаққа салатын зергерлік бұйым. Жүзікке қарағанда сақинаның бауыры жалпақтау болып, көбіне бетіне тас қондырылмайды.
Ертеде xалқымыз ас адал болуы үшін әйелдің қолында міндетті түрде сақина я жүзік болуы керек деп санаған. Тіліміздегі “Сақинаны сәнге салмайды, ол- тазалыққа таразы” , “Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас” дегендей ұғымдар сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық қызмет те атқаратынын дәлелдейді. Мұның өзі xалықтың сақина соғылатын күміс не алтынның таттануға ұшырамайтынын, судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізіп, денсаулыққа жағымды әсер ететінін ертеден-ақ аңғартып байқағанын көрсетсе керек. Күні бүгінге дейін ауылдық жерлерде жас келіншек нәрестесін шомылдырар алдында яки баланың жөргек-жаялығын жуар алдында оған сол үйдің үлкендері (енесі не абысыны) “Қолыңа сақина салып ал, тазалыққа тән болады” деп ескертіп отырады. Олай болса нәрестені қырқынан шығарғанда оны шомылдыратын суға алтын не күміс сақина немесе білезік салу дәстүрі оларды соған қатыстырып отырған әйелдерге сыйлық ретінде үлестіру үшін ғана емес, осындай асыл бұйымдарды қасиетті санаудан, тазалыққа мән беруден де шыққан сияқты.
Тілімізде сақинаға байланысты бірсыпыра атаулар да бар:
Ақық сақина- кішкентай ақық қондырылған сақина.
Алтын сақина- таза алтыннан соғылған сақина.
Балдақ сақина- сақинаның саусақ үстіне қараған беті төртбұрыш болып келетін түрі.
Бұрама сақина- алтын, күмісті есіп жасаған сақина.
Жез сақина- саусаққа салу үшін емес, қамшы, найза, пышақ, қылыш сабын бекіту үшін жасалған мыс шығыршық.
Кавказ сақина- қара ала өрнекті сақина түрі.
Күміс сақина- таза күмістен құйып жасаған сақина түрі.
Қола сақина- қоладан жасай салған арзан қол сақина.
Моншақты сақина- моншақ қондырылған сақина.
Құсмұрын сақина- үсті дөңестеу келген сақина түрі.
Мыс сақина- мыстан жасалған ортан қол сақина.
Неке сақинасы- жас жұбайлардың үйлену тойында бір-біріне сыйлайтын сақинасы.
Сақинек- пышақ, қылыш, т.б. құралдардың сапқа жетесі сұғылатын жерін қысып тұру үшін мыс не күмістен жасалатын балдақ, мойнақ.
Сіркелі сақина- бетіне ұсақ түйіршіктерден сірке өрнек салған сақина.
Тасты сақина- тас, шыны орнатқан сақина.
Темір сақина- темірден жасалған тығыршық, сақинек.
Осылайша жүзік пен сақина кімнің де болсын өмірінде үлкен рөл атқарады. Тіптен ақындарымыз да жүзікті бүгінгі күнге дейін жырлап келеді.

Жұлдызды — жүзік, Айды алқа ғып берейін..

"Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды — жүзік, Айды алқа ғып берейін.

Мағжан Жұмабаев

 

"ЖҮЗІК

Құдды, жай таныстарша қол алыстық,
Біздегі сезім бірақ жоғары, ыстық...
Жүректер қалтырайды – сол жақын ғып,
Жүзіктер жалтырайды – сол алыс қып...

Жүзігім қолымдағы – алтын, алтын,
Байланып саусағыма ар тұратын,
Сол шығар себебім де тартынатын,
Сол шығар себебім де шарқ ұратын...

Сенде ше...
сезім күйіп, жоқ ақылың,
Сол шығар, күйіп тұрып, тоңатының...
Біз ғана білеміз ғой, шулы әлемде
Түк айтпай сөйлесуге болатынын...

Түсініп қайтсін бізді қалың дүрмек,
Жаралы жалғыз ғана бәрін білмек.
Көз айтты: тағдыр салды – бағындым деп.
Қол айтты қатты қысып: сағындым деп...

Жүзігің қолыңдағы – күміс, күміс,
Біздерден бақыт дейтін біл, ұшты құс...
Мені енді жылытсаң да – дұрыс, дұрыс,
Мені енді ұмытсаң да – дұрыс, дұрыс..."

Жадыра Байбұланова

***

Өртке тастап мұң аңқыған бүлдемді,
Менің тұнық өмір шоғым үрленді.
Жанарымыз жолыққанда түсіндім
Жалғыз өмір сүрмеуді...

Тамашалап түнгі аспанның бейнесін,
Жамыламын жапырақтың жейдесін.
Бұлт үстінде жыр оқығым келеді,
Жұлдыздарға кейде шын...

Сағыныштан жасқа оранып етегім,
Ай сәулесін сырлас құрбым етемін.
Мына әлемнің барлығына жария
Менің ғашық екенім...

Байқамастан бар ғаламның байлығын,
Қызғанар ма ең, қызғанғандай ай күнін?
Үндесуге үлгергендей кейде рас,
Тәттісі де болады екен қайғының.

Тамаша ғой тапса егер де тең-теңін,
Шамдарындай ұйқылы ояу өлкенің.
Сұрамай-ақ білгеніңе таң қалам
Саусағымның өлшемін...

Дүрсіл қостың дүрсіліме дем бердің,
Мені осылай бақытыңа тең көрдің.
Жүзігім де жарқ-жұрқ еткен сол сәтте
Жүрегіндей зергердің...

Таң қалар ма ең тамырыңда бүлк етсем,
Арым барда шықпас сезім тым шектен.
Мен бұлт болып бейнеленер едім-ау,
Сен күн болып күрк етсең...

Түн бар ма екен тұнығындай Семейдің?
Бар-ау сірә, ғалам бөлек демеймін.
Әттеген-ай, кетіппін ғой ұмытып
Түсті есіме құрғағанда көмейім.

Анам мені шайға тосып отыр-ед(і)
Асып айтып, тасып айтып не дейін?
Енді осымен қиялдауды тоқтатып,
Шайымды ішіп келейін...

Назерке Серікқызы

("Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл"
әдеби-этнографиялық кітаптан үзінді)

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер