Тоқаев еңбек демалысы қарсаңында кімдерді тағайындады

2222
Adyrna.kz Telegram

Тоқаев еңбек демалысы қарсаңында кімдерді тағайындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

"Тимур Мұратұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын", - делінген Жарлықта.  Тимур Сүлейменов 22 наурызда Президенттің көмекшісі болып тағайындалды. Бұл жерде ол Ерұлан Жамаубаевты алмастырды. 2019 жылдың наурыз айының басында Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте қызмет атқарды. Оны қаржы реттегіш төрағасының орынбасары етіп тағайындады. 2016 жылғы 28 желтоқсаннан бастап 2019 жылғы ақпанға дейін Тимур Сүлейменов ҚР Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды. Тимур Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын "Эрнст энд Янг Қазақстан" аудиторлық компаниясында бас кеңесші қызметінен бастады. 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі қызметтерін атқарды. 2012 жылдың ақпан айынан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты бойынша алқа мүшесі (министр).

Аида Балаева Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ол басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды.   "Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын", - делінген хабарламада.

Аида Балаева 1974 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін "орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі" мамандығы бойынша және Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған.  Әр жылдары ол Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне қарасты Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы қоғамдық-саяси процестерді талдау және үйлестіру бөлімінің жетекші маманы, Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. Алматы қаласы ішкі саясат департаменті директорының бірінші орынбасары, Алматы қаласы ішкі саясат департаментінің директоры, Нұр-сұлтан ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды. Төрт жыл бойы қала әкімінің орынбасары қызметін атқарды. "Құрмет" орденімен марапатталған, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты. Аида Балаева.  Талғат Бегімұлы Қалиев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды. Осыған дейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметін" құру туралы Жарлыққа қол қойды. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Журналист, ішкі істер министрінің кеңесшісі болды. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық ақпарат Комитетінде, Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. Таяуда Талғат Қалиев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кірді.

Президент жанынан жаңа қызмет құрылды Сондай-ақ, Сатыбалды Ересұлы Бұршақов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды; Айдын Жеңісұлы Құлсейітов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды.

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер