"Қайырымды" үкімет шығынның орнын зейнетақымен толтырмақ

2257
Adyrna.kz Telegram

Күн сайын үкіметтің енгізіп жатқан жаңа бір заңына қарық болып жатырмыз. Солардың бірі  "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы. Өзгеріс болғанда жәй өзгеріс емес. Сұмдық өзгеріс.  Қазақстан Республикасының Заңы бойынша қызметкердің жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақының 15 пайызы аударылып отырады. Яғни  10 пайызы - қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары, 5 пайызы - жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен зейнетақы жарналары.

Министрліктің мәліметінше, бұл жаңашылдық барлық жұмыс істейтін азаматқа, оның ішінде жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдарға қолданылады. Жұмыс берушілерден келіп түскен зейнетақы жарналары жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды. Бұл қаражат БЖЗҚ активінде болады және зейнеткерлер арасында қайта бөлінеді.

Ал бұл жөнінде экономист Дәулет Төлеутайұлы: "Келесі жылдан (2020 жыл, 1 қаңтар) бастап зейнетақы қорына 15% пайыз ұсталынады! 10+5(жұмыс беруші). Осылайша, ЕНПФ-қа ай сайын 35 млрд теңге түсіп тұрады. Сол 5%-дан түскен ақша мұра ретінде қалмайды. Яғни, өліп кеткен жағдайда ол ақша өзгенің пенсиясын төлеуге кетеді. Айналып келгенде қарапайым халықтың жинаған ақшасы, жылы креслода отырып пенсияға кеткен, ұзақ өмір сүретіндерді асырайды " десе еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы: Қазақстанда орташа айлық 172000 теңге деп алып, сол адам 33 жыл еңбек етсе, 10% жүйемен пенсияға шыққанда (63 жаста) 140 мың теңге алады. Ал 15% болса, пенсияға шыққанда 190.000 алады деп халықты жұбатуда.

Алайда зейнетке шығу жасын былай қойғанда, ертеңгі күнді болжай алмай отырған бізге бұл жаңалық көктен түскендей болды. Қысқасы, кенеттен өлім құшып жатып, артыңыздағы ұрпаққа бір тиыныңыз қалмаса, өкінбеңіз! Ұзақ өмір сүрмеген өзіңіз кінәлісіз...

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер