Қазақстандық ұстаздар демалысын не себепті ақшасыз өткізді?

2696
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облысындағы мұғалімдерге жаздағы демалысы үшін төленуге тиіс бюджет қаржысы әлі күнге дейін бөлінбеген. Осы облыстың ұстаздарының басым бөлігі демалысын ақшасыз өткізген. Мұғалімдердің демалысы үшін төленуге тиіс қарыз қаржы сомасы бір миллиардқа жуық. Бұл туралы ақпарат таратқан ҚазТАГ агенттігі аймақтағы білім басқармасынан «Маусым айында демалған мұғалімдердің айлығы мен демалыс ақшасы түгел төленді. Бүгін де 80 пайыз ұстаз шілде айының жалақысын алды. Бұған дейін ұстаздарға қарызымыз – 6,5 млрд теңге болатын. Қазір 1 млрд теңге қарызымыз ғана қалды. Төлем жасауды алдағы бірер күнде бітіреміз» деген жауап алғанын хабарлады.

Ал осы облыстың бірқатар мұғалімдері бүгінге дейін бір тиын ақша алмағандарын, бүкіл демалысын ақшасыз өткізгенін айтады.

«Біз ақшамыздың бір ғана бөлігін алдық. Өзім маусым айында демалысқа шықтым. Әлі демалыс ақшамнан төленбеген 150 мың теңгемді алғаным жоқ. Мектеп басшысы бұл жағдайға байланысты нақты түсінік бермей отыр. Республикалық бюджеттен түсуге тиіс ақшаны күтіп отырғандарын айтады. Бұл деген мазақ қой! Демалысқа шыққанмен қалтада көк тиын жоқ. Ақшаның жоқтығынан санаторийге де демалуға бара алмадым. Әне-міне дегенше, демалысымыз да бітті. Алда жаңа оқу жылы басталады. Біздің бұл мәселемізге ешкім басын ауыртқысы келмейтін сияқты», – деп шағымданды маңғыстаулық ұстаздардың бірі.

Тек Маңғыстау өңірі емес, еліміздің бірнеше облысындағы ұстаздар биыл демалыс ақшасын кешіктіріп алды. Тіпті, осы күнге дейін жалақысын түгел алмаған да ұстаздар жоқ емес. Мұғалімдер осы үш айлық демалыстарын тоғыз ай бойы ерекше күтеді. Міндетті түрде осы демалысқа көп жоспар түзеді. Бірі үйіне жөндеу жұмысын жасауды, енді бірі қыдыруды, емделуді, құда күтіп, той жасауды жоспарлауы мүмкін. Өкінішке қарай, бюджет бүйірінің тесілуі мен тиісті қаржының уақытылы түспеуі қазақстандық ұстаздардың жоспарын бұзды. Ұстаздар неге айлықсыз қалды? Бұл сұраққа тиісті мекеме тарапынан нақты жауап болады деген сенімдеміз.

 

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер