Мамандығым – мақтанышым!

718
Adyrna.kz Telegram

Әскери  қызмет – жауапты міндет! Алдымен Отанға деген шексіз құрмет! Біздің бүгінгі кейіпкеріміз мамандығын мақтан тұтатын батальон командирі подполковник Бағдат Мамбетов.

Әскери адам болу оның бала күнгі арманы, қиялы бүгінде абыройлы қызметі. Бағдат Мамбетов Сыр өңірінің тумасы.1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әкесі механик, ал анасы  ұлағатты ұстаз. Ата-ана тәрбиесін көріп, берген білімді бойына сіңіре алған кейіпкеріміз өзінің үлкен өмірінде де айтулы жетістіктерге жетуде. Тал бесіктен алған тәрбие биік белестерді бағындыруға көмегін тигізіп келеді. 

Отанға адал қызмет ету әрбір азаматтың парызы. Қай заманда болмасын елді жаудан сақтаған ата-бабамыздың да ұстанымы бұл. Дәл осы борышты адал өтеп жүрген подполковник Бағдат Мамбетов әскери саладағы мектебін 2005 жылдан бастаған. Балалық арманын жүзеге асыру мақсатында мектепті аяқтай салысымен Петропавл жоғары училищесіне оқуға түседі. Онда ол төрт жыл білім алып, 2009 жылы офицер мамандардың ұстаханасына айналған әскери оқу орны интститут болып қайта құрылған кезде оқуын тәмәмдайды. Алғашқы офицерлік еңбек жолын Өскемен қаласында орналасқан 5518 әскери бөлімінен бастайды. 2009-2018 жылдар аралығында взвод командирі, рота командирі, батальонның штаб бастығы және әскери бөлім басқармасында әскер қызметі және әскери қызмет қауіпсіздігінің  бастығы лауазымында болған. Ал 2018-2022 жылдар аралығында  Қызылорда қаласындағы 5547  әскери бөлімінде әскер қызметі және әскери қызмет қауіпсіздігінің бастығы болды. Одан кейін қызмет бабымен алып мегаполиске қоныс аударады. 2022 жылы Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі, Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің 3 жедел мақсаттағы батальон командирі   қызметіне тағайындалады. Содан бері осы қызметті абыроймен атқарып келеді. Қарамағында 400-ге жуық әскери қызметші бар. Түсіне білген адамға батальон командирі болу қинынның қиыны. Алдымен үлкен жауапкершілікті, еңбекті, қажыр-қайратты, төзімді талап етеді. Мәселен,  отбасында  ата-анасына, жарына, бала-шағасына жауапты болса мұнда әрбір әскери қызметшіге жауапты.  

– Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей жалпы батальон командирі болғаннан кейін  біздің  жауапкершілік өте жоғары. 400-ден аса адамнан тұратын жеке құрамды басқару да оңай емес. Әр адамға ерекше қарым- қатынас қалыптастырумыз қажет. Мәселен, жаңадан келген әскери  қызметші бірден әскери адам болып келмейді. Біз ол адамды әскери өмірге бейімдеу арқылы, күнделікті тәртіп пен жауынгерлік қызметтердің арқасында ойлаған нәтижеге қол жеткізе аламыз. Сондай –ақ, әр сарбаз да бір-бір үйдің кенжесі, еркесі я болмаса жалғызы болып табылады. Мұндай кезде тәртіпке үйренгенше жүйелі түрде жеке-жеке жұмыс жасаймыз. 

Бұл да біздің  кәсіби шеберлігіміздің бір көрінісі болмақ. Ең бастысы кеудедегі Отанға деген патриоттық сезімін арттыру. Бауыржан Момышұлы айтпақшы «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Менің таңдаған бұл мамандығым қазіргі күні мақтанышыма айналды. Күнделікті тәртіп пен талаптың арқасында өзімнің отбасылық институтымды да жақсы қалыптастырып келемін. Отаныма, отбасыма адал қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын, - дейді подполковник Бағдат Мамбетов.

Иә, Бағдат Мамбетовтың мамандығына деген адалдығын, ерекше құрметін байқадық. Бұл қызмет қателікті кешірмейді. Белгіленген әскери жарғы бойынша қатаң талаптар қойылады, соған жеке құрам бағынады.  Әскери салада  өз алдына қиындықтары  кездессе де сыр білдірмей адал қызметін атқарып жүр. 

Еңбек қана бәрін жеңбек. Дәл осы ұстанымды ұстанатын кейіпкеріміз жас жауынгерлерге де осы принциппен өмір сүру керектігін айтады. Әскери өмірдің аз ғана ауыртпашылығына шыдас беріп адал қызмет етсе кейін зейнетін көретініне кәміл сенімді. Әр кез шыншыл, батыл, батыр болуға кеңес береді. Сол кезде ғана өмірде белгіленген мәреге қол жеткізуге болады дейді батальон командирі Бағдат Мамбетов.

Аяулым Мадиканова                                                                 

Пікірлер