ТОҚАЕВ НАРКОБАРОНДАРДЫҢ БИЛІКТЕГІ "КӨКЕСІН" ҚҰРЫҚТАЙ АЛА МА?

3214
Adyrna.kz Telegram

Келесі айдың басында ҚР Президенті Қ.Тоқаев халыққа өз Жолдауын арнайды екен. Тіпті онда шамамен қандай мәселе көтеретініне дейін жариялап қойыпты. Тоқаев ең бірінші есірткі бизнесімен күресті күшейтетінін жеткізді.
Жасыратыны жоқ, бізде билікте отырғандардың, бай-шонжарлардың балалары, тіпті немерелеріне дейін наркоман. Түйені түгімен жұтқандардың балалары әбден есіріп, шіріген жұмыртқалар нашақорлыққа салынды. Тіпті керек десең, наркобарондардың көкелері билікте отыр. Оларды құрықтауға Тоқаевтың күші жете ме?
Ресми мәлімет бойынша, бізде 55-мыңнан аса нашақор бар. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанда 150 мыңнан астам наркоман барын көрсетеді. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, солтүстік бағытқа қарай Қазақстаннан жыл сайын 2000 мың тонна героин өтеді екен. Соның 200 тоннасы елімізде қалатын көрінеді. Сондықтан наркобарондармен күрес жүргіземіз деу бекер сөз секілді.
Ол үшін қытайдағыдай есірткі сатушыларды ұсталған бетте атып тастау керек. Егер бізде осындай қатаң шара қолданылмаса, бәрі бекер болмақ.
Бірақ біздің билік қызық қой. "Күресті күшейтеміз, қатырамыз, ұстаймыз!" дейді де, кейін артынан бәрін жылы жауып қоя салады. Одан кейін ол бастаманың соңы не болғанын ешкім сұрамайды. Себебі, Парламентте шынайы оппозициялық партиялар жоқ. Депутаттарымыздың түрі анау, бетке ашық айтпақ түгілі, көлеңкесінен үркіп жүреді. Осыған билік әбден үйреніп алған соң, істің сұраушысы жоқ екенін біліп, уәдесін орындамайды.

Серік ЖҰМАБАЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер