Шын – бір сөз, өтірік – мың сөз

663
Adyrna.kz Telegram

Технология ғасырында жалған ақпарат тарату бұрынғыдан да оңайлай түсті. Әлеуметтік медиа және басқа да онлайн платформалар адамдарға ақпаратты оның дұрыстығына қарамастан өте жылдам және оңай таратуға мүмкіндік береді. Сондықтан ақпараттың тарап жатқанына қарамастан, оның қатесін танып, сыни тұрғыдан ойлай білу маңызды.

  Манипуляторлар өз мақсаттарына жету үшін жалған ақпаратты жиі пайдаланады. Ал адамдар өздерінің бар сенімдерін растайтын немесе олардың эмоцияларына жүгінетін ақпаратқа көбірек сенеді. Жалпы, жалған ақпараттың мақсаты – адамдарды адастыру және шындыққа жанаспайтын нәрсеге сенуге итермелеу. Бұл бірнеше себептер бойынша жасалуы мүмкін, соның ішінде:

   Саяси ықпал. Дезинформация қоғамдық пікірге және саяси шешімдерге әсер ету үшін қолдануы мүмкін. Оны белгілі бір саясаткерлерді, партияларды немесе идеологияларды насихаттау, сондай-ақ қарсыластарды қаралау үшін пайдаланып жатады.

   Қаржылық пайда. Жалған ақпарат өнімдерді немесе қызметтерді, сондай-ақ инвестициялық алаяқтықты немесе басқа қаржылық алаяқты қолдау үшінде пайдаланады. Сонымен қатар, алаяқтар адамдарды алдап, ақшасын ұрлау үшін жалған немесе жаңылыстыратын мәлімдемелер жасап, таратуы мүмкін.

   Әлеуметтік инженерия. Жалған хабар адамдарды белгілі бір әрекеттерді жасауға манипуляциялау үшін пайдаланылады. Мысалы, ол қорқынышты немесе басқа да эмоцияларды бірден тудыру арқылы белгілі бір топтарға деген сенімге нұқсан келтіру үшін қолданылуы мүмкін. Бұл саяси, әлеуметтік немесе экономикалық мақсаттарға жету үшін жасалады.

   Барлау. Дезинформация барлау мәліметтерін жинау, әскери немесе дипломатиялық жағдайларда артықшылық алу үшін өзінің пайдасына қолданады. Үкіметтер мен басқа ұйымдар қарсыластарын адастыру немесе өз мүдделерін қорғау үшін жалған ақпарат таратуы мүмкін.

   Қарапайым түсініспеушілік. Кейде адамдар өздері жаңылып, ақпаратты дұрыс түсінбегендіктен байқаусызда жалған ақпарат таратуы мүмкін. Бұл, әсіресе, ақпараттың дұрыстығын тексермей-ақ, анық-қанығына көз жеткізбей жатып, жіберген адамның жауапсыздығы.

Жоғарыда айтылған жауапсыздықтар мен заңсыздықтарға байланысты елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

   Әкімшілік жауапкершілік. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (ҚР ӘҚБтК) жалған мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктің келесі түрлері заңдастырылған:

   130-бап. Жеке немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату - 50-ден 100 айлық есептiк көрсеткiштiң (АЕК) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

   131-бап. Халықтың денсаулығына зиян келтіру, жаппай тәртіпсіздіктер жасау, топаралық және өзге де әлеуметтік шиеленіс жасау қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат тарату - 500-ден 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу.

   Қылмыстық жауапкершілік. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (ҚР ҚК) жалған ақпарат таратқаны үшін мынадай баптар көзделген:

    274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату – айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

164-бап. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру - айыппұл немесе жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.

Жалған ақпарат тарату бойынша жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына (полиция немесе прокуратура) арыз жазу керек. Өтініште жалған ақпаратты тарату фактілерінің толық сипаттамасы, сондай-ақ дәлелдемелер (мысалы, скриншоттар, жарияланған ақпаратқа сілтемелер) болуы керек. Құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп, негіз болған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғайды.

Жалған ақпарат таратқаны үшін жаза құқық бұзушылықтың ауырлығына, оның зардаптарына және басқа да жағдайларға байланысты. Қазақстанда жалған ақпараттың таралуы қоғам үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Атап айтар болсақ, жалған ақпарат елді әлсіретуге немесе тұрақсыздандыруға бағытталған үгіт-насихат немесе шынайы емес дүниелерді тарату арқылы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру, жалған ақпарат белгілі бір топтарға, мысалы, этникалық, діни топтарға немесе басқа да  қауымдастықтарға қатысты дұшпандық пен қасақана кемсітушілікті тарату, әлеуметтік және саяси шиеленістерді өршіту, зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктерді қоздырып, сонымен қатар бұл үлкен мәселе – қоғамның поляризациясына және елдің тұрақсыздануына әкелуі мүмкін. 

Дезинформация әлеуметтік желілер мен басқа да онлайн платформалар арқылы тез таралып, аз уақыт ішінде үлкен аудиторияға жетеді. Әрине, интернет желісіндегі ақпараттың тым көптігінен жалған ақпаратты шынайы ақпараттан ажырату қиынға соғады. Осы орайда, заман талабына сай жаңа ұғым пайда болған, инфодиета – бұл сіздің әл-ауқатыңызға пайдалы ақпаратты ғана тұтынуды саналы түрде таңдау. Яғни, ақпараттың өзімізге шамадан тыс жүктелуін азайту, және осы арқылы сіз өзіңіздің физикалық, психикалық денсаулығыңызды айтарлықтай жақсарта аласыз. Түрлі ақпарларға сауатты скептицизмді қолдану, дереккөздерді тексеру және дәлелдемелерді талдау арқылы сіз өзіңізді жалған ақпараттан жақсырақ қорғап, дұрыс негізделген шешімдерді қабылдайсыз.

Ақпараттық технология кең дамыған дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, жалған хабардың таралуымен күресу барлық мүдделі тараптардан, соның ішінде үкіметтен, технологиялық компаниялардан, жеке тұлғалардан және БАҚ-тан күш салуды талап етеді. Қырағы болу, дереккөздерді тексеру және жалған ақпаратпен күресетін ұйымдарды қолдау арқылы біз ақпараттандырылған және төзімді қоғам құруға үлес қосамыз!

Айгүл Мұратқызы




Пікірлер