Ішкі «күштік құрылым». Әдеттің жаманынан арылу, жақсысына ұмтылу

1040
Adyrna.kz Telegram

Адамның дамуы мен жетістікке жетуіне септесетін әдет қалыптастыру үшін жазылған кітапта кейбір сұрақтарға жауап табуға болады. Әдет әркімнің жеке әрекеті болғанымен, оған арнайы кітап арнау бұл мәселенің маңызды екенін көрсетеді. 

Мирас Кесебаев – Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру мақсатында шыққан «Жылдам оқы», «Нағыз жігіт», «Мінезді өзгерту алхимиясы» кітаптарының авторы. «Әдет күші» кітабын 2023 жылы «Самға» баспасынан шығарып, оқырманға ұсынды. Бұл кітапта әдеттің құрылымын түсіндіре отырып, 27 пайдалы әдетті үйренудің және 21 зиянды әдеттен арылудың нақты қадамдары көрсетілген. Сонымен қатар, әдетті қалыптастырудағы биологиялық процестер мен психология құпиялары айтылады.

Барлық адам өзгергісі келеді. Спортпен айналысу, жаңа тіл үйрену, ұйқыны реттеу сияқты пайдалы әдеттерді өміріне енгізуді қалайтындар жетерлік.  Бірақ неге ылғи дүйсенбіні немесе жаңа жылдың басталғанын күтіп, уақытымызды зая кетіреміз? Неге жаңа әдетті өмірімізге енгізгеннен кейін, көп уақыт өтпей тастап кетеміз? Себебі, біз мақсатымызға жеткізетін дұрыс тәсілді таңдамадық. Оны қалай дұрыс таңдау керек? Бұл сұрақтың жауабын әдет тақырыбында жазылған кітаптардан таба аламыз. Осы мақсатта жақсы әдет қалыптастырудың дұрыс тәсілін көрсетіп, жаман әдеттен арылуды үйрететін, 10 кітаптың түйіні мен 10 ғалымның тұжырымы біріктірілген Мирас Кесебаевтың «Әдет күші» кітабынан жауабын іздеп көрмекпіз.

АУРУ ҚАЛСА ДА, ӘДЕТ ҚАЛМАЙДЫ

Әдет – адамның күнделікті тіршілік қажетіне байланысты қалыптасқан іс-қимылы. Күнбе-күн қайталайтын әрекеттерге ми көп энергия жұмсамайды. Себебі, мида артық энергия жоқ, сол үшін жиі қайталайтын әрекеттерді әдетке айналдырып қояды. Сондықтан адамға жаңа әдет қалыптастыру қиын болып көрінеді, соның әсерінен бастаған істі соңына дейін жеткізбей тастап кету көп кездеседі. Бұған шешім ретінде автор әдет қалыптастыруды ұсақ әрекеттен бастауды ұсынады. «Ұсақ әдеттер байқалмайды, жасау да қиын емес» дейді ол. 

Мысалы, адамдардың көпшілігі спортпен айналысуды қолға аламын деп, жаттығу залына жазылады. Оған бару үшін алдын-ала заттарды жинап, дайындалу керек, онымен қоса жол жүруге энергия мен уақыт жұмасау бар. Мұның бәрі миға үлкен жұмыс болып көрініп, келесі жолы бармауға түрлі себептер іздейді. 

Ал осы әрекетті күрделендірмей, үйде 10 минут жаттығу жасау арқылы миды күнделікті қайталауға дағдыландырып, спортты әдетке жеңіл айналдыруға болады. Бір әрекетті тұрақты түрде жасау әдетке айналдырады, әдет қалыптасқан соң одан арылу оңай болмайтыны анық. Кітапта оған мысал ретінде «Атом әдеттер» кітабының авторы Джеймс  Клирдің аптасына бірнеше рет зілтемір көтеру арқылы 77 келі қаңбақтай жігіттен жауырыны қақпақтай 90 келілік азаматқа айналған оқиғасы айтылады. 

ҚҰТҚАРАТЫН ДА, ҚҰРДЫМҒА ЖІБЕРЕТІН ДЕ ӘДЕТ

Пайдалы ұсақ әдеттер уақыт өте келе үлкен табыс әкелсе, пайдасыз ұсақ әдеттер адамның мінезін бұзатыны анық. Мәселен, күніне кітаптың 10 бетін оқу арқылы 1 жылда 3650 бет оқуға болады. Бұл дегеніміз орта есеппен 15 кітап дегенді білдіреді. 

Бір сала бойынша осыншама кітап оқу жетістікке жетелері сөзсіз. 

Аз айтылатындықтан мұндай кеңес пайдалы болатынын аңғармай жатамыз. 

Егер осы әдеттің орнына күінне 1 қорап темекі шегу зиянды әрекетін қалыптастырса, бір жылда темекілердің саны 7300-ге жетеді. Бұл әрекет денсаулыққа қаншама кері әсерін тигізеді, одан бөлек уақыт пен ақша пайдасыз іске жұмсалады. 

Сандармен түсіндіру арқылы Мирас Кесебаев әдетке абай болу керек екенін түсіндіріп, оның құтқаратынын немесе құлдырататын көрсетеді. 

УАҚЫТ ЕМЕС, ЖИІЛІК МАҢЫЗДЫ

Осы тұста әрекетті әдетке айналдыруға қанша уақыт кетеді деген сұрақ туындауы мүмкін. Автор «әдет қалыптасу үшін қанша уақыт емес, қанша рет қайталау қажет деп сұрақ қойсақ дұрыс болады» дейді. Мирас Кесебаевтың айтуынша әдеттің қалыптасуына уақыт емес, орындалу жиілігі әсер етеді. Осыған байланысты Лондон университетінің колледжінде 2009 жылы Филиппа Лалли тәжірибе жасап көреді. Барлығы 96 адамға түрлі пайдалы әдеттерді 12 апта жасату арқылы әдетті қалыптастыруға 18 бен 254 күннің арасындағы уақыт аралығы қажет екенін анықтаған. Зерттеушінің пайымдауынша, әрекетті авоматты күйге дейін жеткізуге орта есеппен 66 күн кетеді екен. 

Жақсы әдетті меңгеру қаншалықты қиын болса, жаман әдетті тастау да соншалықты қиынға соғады. Пайдалы әрекеттерді өмірдің бір бөлшегіне айналдырып, зиянды әрекеттерден уақыт жоғалтпай арылған абзал. Ал ол үшін қажетті білімге ие болу маңызды. 

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер