Бағдарлама барысы. “Оңтүстіктен - солтүстікке” көшудің сәтсіз болғаны айтылды

1147
Adyrna.kz Telegram
Фото: pavon.kz
Фото: pavon.kz

Оңтүстік өңірден солтүстік өңірге азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аяқталған. Алайда нәтиже көңіл көншітпей тұр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі демографиялық жағдайды зерттеген ғалымдар осындай тұжырым жасаған.

Зерттеу жетекшісі - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Қайрат Бодаухан. Ғалым бағдарламаның іске аспай қалуының себебін жұмыс күшіне сұраныстың жоқтығы, ауа райының қолайсыздығы және жергілікті тұрғындардың менталитеті деп атады.

"Олар сұраған сала емес, басқа сала бойынша мамандар келген. Мысалы, жұмыссыз, қарызға батқан, аз қамтамасыз етілген оңтүстік өңірдің азаматтары жағдайын түзету мақсатында солтүстікке қоныс аударды. Алайда оларға солтүстікте сұраныс болмағандықтан үлкен мәселе тудырды. Солтүстікке көшсе, барлық проблемалар шешіледі деп айтуға болмайды. Себебі ол жердің менталитеті басқа. Екіншіден, солтүстік өңірде көктем оңтүстіктегі қыс мезгіліне ұқсас. Сондықтан оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстікте тұруы қиын, өйткені қыс 6 айға созылады", – деді профессор.

Ғалымның сөзінше, жыл сайын солтүстік өңірлердің халық санының азаюы байқалады.

Осыған сәйкес, мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай да пікірін білдірді.

"Біз Түркістан қаласын реконструкциялау мен трансформациялау кезінде ішкі миграцияның баяулағанын байқадық. Болашағы астананың құрылысы сияқты жарқын көрінетін қалаға, әсіресе жастар арасында халықтың ағылуы байқалды. Дәл сондай, солтүстікте бір үлкен жобаны бастау керек. Бір қалаға саяси маңыз беру және жаңа келбет беру қажет. Менің ойымша, сонда ғана осы қалаға жастар белсенді түрде қоныс аударады", – деді депутат.

Пікірлер