Қыпшақтар

4867
Adyrna.kz Telegram

Тамыры терең жатқан түркі халықтарының төл тарихында дүниені дүбірлеткен қыпшақтардың алатын орны ерекше. Көне тарихымызда небір жарқын беттер қалдырған ерлігі ерен, өнері өрісті, мәдениеті мәуелі қыпшақтар талай ауыр кезеңді бастап өткеріп, Дешті қыпшақ даласынан біртіндеп жылыстап, Жерорта теңізіне дейін жетті. Үш жүз жылдай Мысырда мәмлүктер (қыпшақтар) патшалық құрған кездегі Тұран түлегі Мәлік Заһир Бейбарыс сұлтандай үлкен тарихи тұлға кемде-кем кездеседі. Ол Мысырды 1223 – 1277 жылдары билеген. Қыпшақтар қазақ халқының этногенезінде үлкен орын алады. Өйткені тарихи Дешті Қыпшақ аталған өлкеге Қазақстан жері түгелімен енді және сондағы қыпшақ рулары қазақ халқының құрамына енді. Орта жүздің тайпа бірлестігінің бірі қыпшақтар екендігі белгілі.

Ертiстен Украинаға дейiнгi Дештi қыпшақ даласында көшiп-қонып тiршiлiк еткен қыпшақтар жауынгер де еркiндiк сүйгiш халық болғандықтан, басқа тайпалар олармен тату көршiлiк қатынас орнатуға тырысқан. Грузин патшасы Давид IV өз мемлекетiн шетелдiк шапқыншылықтан қорғау мақсатымен, қыпшақ қызына үйлендi әрi көптеген қыпшақтың Грузияға қоныс аударып, отырықшы халыққа айналуына себепкер болды. ХIII ғасырда Дунай жағалауына дейiн жеткен қыпшақ тайпасының орнығуына мадьяр елiнiң билеушi топтары қарсылық бiлдiрмей, олармен бiрыңғай одақ құруға әрекеттендi. Ерте кездегi Мысыр (Египет) сұлтаны қыпшақ жауынгерлерiнен ерекше жасақ құрып, олар тарихта мәмлүктер деген атпен әйгiлi болды. Мәмлүктердiң бертiн келе өкiмет билiгiн күшпен өзiне қаратқан кезi де белгiлi.

Өз ата жұртынан бөлiнiп, көп ғасыр бойы өзге тiлдi ортаға тап болған осы аталған қыпшақ тайпалары жергiлiктi халықпен қоян-қолтық араласып, олардың тұрмыс-тiршiлiгiн, тiлiн қабылдауға мәжбүр болған.

1239 жылы Шыңғыс хан әскерінен ығысқан Қотан хан бастаған қырық мың түтін қыпшақтар Мадияр (венгр) даласын өздеріне жаңа мекен еткен. Мажар елiнiң тарихнамасында бүгiнгi Венгриядағы сол түрiк ұрпақтары өздерiн ақ қыпшақ немесе құмандар деп атап, ХIХ ғасырға дейiн жетi жүз жыл бойы тiлi мен салт-санасын сақтап келген. Еуропа тұрғындары түрiктердi IV ғасырдағы ғұндардың жорығынан кейiн бiле бастаған. 670 жылы Аспарух хан бастаған түркi тiлдес болғар тайпасы Қара теңiздiң солтүстiк жағалауынан Балқанға көшiп барып, Болғар мемлекетiн құрған. Кейiнiрек олар славяндармен араласып, бiр этникалық топ құрып, сiңiсiп кеткен. Болғарлардың екiншi тобы Орта Едiл мен Кама өзендерi жағалауына жылжып қоныстанды. Ертеректе орталық Еуропаға печенег, оғыз, сақ, ғұн тайпалары да барып қоныстанған.

Алып Еуразия құрлығының дәл кiндiк ортасына орналасқан Қазақстанның, қазақ жерiнiң кең-байтақ территорияға шашырай қоныстанып келген бүкiл түркi халықтары мен ұлттарының ата жұрты, ежелгi тұрағы, қара шаңырағы екенi бүгiнде еске алынуда. Осы орайда венгрлiк қыпшақ ғалымы, мажар халқының үлкен жүректi азаматы, түркологияның белдi өкiлi, профессор, қазақ десе жүрегiн жұлып беруге әзiр болған асыл ер, адал досымыз марқұм Иштван Мандоки Қоңырдың «бiз бiр алып шынардың бұтағымыз, ата-бабаларымыз қасиеттi Тұран топырағында ажырамастай берiк достықта тұрған» деп есептеп, бар ынта-жiгерiмен қазақ тiлiн үйренiп, сол тiлде еркiн сөйлей алғаны ойға оралады. Тiршiлiкте қуаныш пен қызығымыз да ортақ, қаза жеткенде мазарымыз да бiр болғай деп тiлеген абзал ғалымның бұ дүниемен қоштасарда өзiн ақырғы сапарға қазақ жерiнен арулап аттандыруды өсиет етуiнде де өзiндiк мән бар екенi анық.

Бүкіл саналы ғұмырын түркі халықтарының көне тарихына арнап келе жатқан мәскеулік курд Мурад Ескендірұлы Әджи түркі елдерінің ішінде әсіресе Қазақстанға баса көңіл бөліп, қазақ даласының сонау Түрік қағанатына дейін де, кейін де геосаяси салмағының мән-маңызын атап өтті. Ол Қыпшақ дәуірі, Қазақ сахарасы, Ұлы дала сияқты түсінік-ұғымдарды елдің, әсіресе жастардың санасына аса шеберлікпен құйып келе жатқан халқымыздың үлкен досы  әрі жанашыры. «Сіздер өздеріңіздің көне есімдеріңіз «Дешті қыпшақ» атауын заңдастырып, барша түркілерге бабалар жады мен рухын қайтарып, ортақ түркі ордасын әлемге паш етер едіңіздер. Университет пен аспирантурада оқып жүргенімде менің алдымда «ұлты құмық, тегі түркі, келбеті – тау халқы» деген ұғым ойқастай берді. Соны желеу етіп ВАК-та менің диссертациямды бекітпеуге тырысты», - дейді қаламгер.(см. «Түркістан», 19.10.2009).

Бір кездері әр түрлі тарихи себептермен өздерінің түпкі отаны, қарашаңырағы ежелгі Тұран өңірінен қазіргі қазақ жерінен ауа көшіп Еуразия құрлығына тарыдай шашылып кеткен түркілер 200 миллионнан асты.

Егер тарихты зерделеп қарасақ, Қазақ деген халықтың мекен еткен территориясы қазіргіден әлдеқайда үлкен екендігі белгілі. Ресейдің оңтүстігін жағалай орналасқан Астрахан, Орынбор, Омбы өңірлері, Қытайдың батысындағы Шыңжан өлкесі дерлік Қазақ деген халықтың шұрайлы мекені. Кезінде Орыс пен Қытай бодандығындағы халыққа тиесілі жерлерді ақылдасып бөліп алған.

Қазіргі кезде Мажарстандағы қыпшақ ұрпақтары Қазақстанға достық сапармен келіп тұрады. Карсак қаласының әкімі, қыпшақ қоғамының директоры Фозекош Шандор былай дейді: «Бабаларымыз 1700 жылға дейін өз тіліміз қыпшақ тілінде сөйлеп келген. Қандастарымыз күні бүгінге дейін өздерінің қыпшақ екенін мақтан тұтады. Өздерінің керемет этникалық топтан шыққанын, бабаларының о баста осы қазақ даласынан келгенін біледі. Тілі де, ділі де басқа бола тұра, Венгриядағы 300 мың қыпшақтың жүрегі – Қазақстан деп соғады. Салт-дәстүріне келетін болсақ, қазақтың дәмді асы қуырдақты еуропалықтарға үйреткен «қыпшақтар». Қымыз даярлау дәстүріміз бар» («Айқын», 13.02.09). Мажарстандық түркітанушы Шамфей Давид оқушылармен кездесу өткізіп, қазақ тілін жетік меңгергенімен тыңдармандарды тәнті етті. «Сіз қазақ тілін қалай үйрендіңіз?» деген сауалына, ол кісі: «Мен қазақ тілін үйренгем жоқ, тек бабалар тілін өз санамда жаңғырттым» деп жауап берді. Бұның астарында Еуропа төрінде орналасқан өзге жұрт «венгр» деп атайтын, ал өздері «мадьяр» деп атайтын халықтың қазақпен қандас екені туралы әңгіме жатыр. («Алматы ақшамы», 17.11.2011).

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2005 жылғы 18 наурыздағы санында қаламгер Ернар Мәсәлім мынадай мәлімет келтіріпті. Еуропалықтар «венгрлер» дейтін, өздерін «мадияр» деп атайтын мажарлардың этногенезінде түркілік тегі басым екенін мажар ғалымдары Корочи, Пигет, Дьюла Немет тағы басқалары атап өткен. Мандоки Қоңыр мажар тілінде екі мыңға жуық түркі – қыпшақ сөздері бар екенін, бұл аталған тілдің лексикалық қорының көлемді бір бөлігі екенін дәлелдеген. Қазіргі таңда 300 мыңдай адам өздерін XIII ғасырда Дунай өңіріне қоныс аударған қыпшақтардың ұрпағы санайды. Ата жұртын асқақтатқан қазақи патриотизмнің теңдесі жоқ символы аталып кеткен Мандоки «қазақтарға айтар тілегім ана тілінде сөйлеңдер. Жалпы, қазақ тілі өз табиғатынан уақытқа ыңғайланғыш, адекватты тіл. Қазақ тілінде түсіндіре алмайтын нәрсе жоқ, кез келген күрделі мәселелер мен құбылыстарды қазақ тілінде «сойып салуға» болады, – деп атап өткен. Ежелгі ғұндардың ұрпағы, Венгриядағы әлемдік байланыс институтының докторы Иштван Бенценің айтуындай, тамырлас екі елдің Мажарстан мен Қазақстанның тарихи байланысы тереңде жатыр. Оны екі ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүр ұстанымынан, дүниетанымынан, қонақжайлылығынан анық байқауға болады. Мадияр тілінің түркі халықтарының тіліне дыбысталу, фонология, грамматикалық жағынан ұқсастықтарын анықтаған көптеген еңбектер жарық көрді. Қазақ тіліндегі ө, ұ, і деген дыбыстардың сол күйінде айтылатыны, алма, пышақ, ата-ене, арпа, балта, арқан секілді сөздердің ұқсастығы да көп зерттелді. Мұндай сөздер мыңдап саналады («Қазақ әдебиеті», 07.11.2008).

Сібір хандығының соңғы билеушісі Көшімнің орыс басқыншыларымен соғысы он жеті жылға созылды. 1598 жылы оның саны аз сарбаздары қазіргі Новосибирь қаласының маңында саны көп жақсы қаруланған орыс әскерімен кескілескен күрес жүргізіп, жеңіліске ұшырады. Көшім ханның нақты еңбектерін айтар болсақ, 1-ден, ол Сібірдегі ру-тайпалардың басын бір тудың астына біріктірді. Екіншіден, аймақта мұсылман дінінің таралуына зор ықпалын тигізді. Көшімнің әсіресе ешуақытта ұмытуға болмайтын үлкен еңбегі– орыс отаршыларының қазақ еліне кіруін бір ғасырға тежеді (см. «Түркістан», 16.09.2010). Кезінде орыс патшасы Астрахан, Қазан, Қырым хандықтары мен Кавказға да ойламаған жерден тап беріп, халықты қырғынға ұшыратқан. Келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей 1675 жылы туылған Мөңке би былай деп зар қаққан еді: «Еділді тартып алғаны – етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны – жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны – ойындағысы болғаны. Маңғыстауда үш түбек оны дағы алғаны».


 

Пікірлер