Көкпардың қасиетін кетіріп алған жоқпыз ба?

2600
Adyrna.kz Telegram

Қазақ үшін ұлттық спорт ойындары ішінде  көкпардың орны  ерекше. Бұл – шетсіз-шексіз сары далада  мал бағып, көшіп-қонып жүрген көшпелілердің нағыз халықтық думаны. Біз көкпарды қазақтың меншігі деп есеп­тейміз. Бірақ  ол – Орта Азия халықтары арасында да кеңінен тараған ат спорты. Қырғыз, өзбек, қарақалпақ,  түркімен, татар сияқты  өзге ағайындар да көкпарды өзіне телиді, өзінің ұлттық спорты санайды.

Бұл мәселеге біз қазір тек «ауызбен орақ ору» арқылы ғана  ден қойып жүрген сияқтымыз. Өйткені күні бүгінге дейін көк­парды халықаралық деңгейде танытып,  қазақтың ұлттық ойыны екенін дәлелдейтін тиімді жоба жоқ.
Рас, бір қарағанда көкпар елімізде қайтадан дәуірлеп, өркендей бастаған сияқты  көрінеді.  Әр облыста ат спортына көңіл бөліп,  көкпардан өз командаларын шығарып, тұрақты түрде Қазақстанның біріншілігі өткізіліп жатыр. Тақымы берік сайлы жігіттерге «Спорт шебері» деген дәреже де берілетін болған. Бәрі дұрыс.
Алайда ат спортының, жалпы спорттың басы-қасында жүрген шенеуніктер осы спорттық ойынның әлемдік деңгейде таны­луына, оны дүниежүзілік аренаға шы­ғаруға байланысты белгілі бір іс-шара ұйымдастыра қойған жоқ сияқты. Олай дейтініміз, көкпарды дәл қазіргідей қарабайыр қалпында еш ел қабылдай алмайды.
Басқа жұртты былай қойыңыз, «Қазақ­стан» ұлттық телеарнасынан  көкпар туралы беріліп жататын репортаждарды көріп отырып қарның ашады. Бұл жерде ұлттық арна басшылығының ат спортын дамыту үшін арнайы жоба жасап, эфир уақытын тұрақты бөліп отырған жанашырлығына, әрине, рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Мәселе басқада.

Біз білетін көкпар сайын далада, самалы соққан, жусаны аңқыған, бедесі мен селеуін жел ойнатқан ен далада өтуші еді.

 Қиқулаған көкпаршылар серкені ана ауылдан мына ауылға әкеліп, кемпір-шал, бала-шаға мәре-сәре, у-шу болып жататын. Халық үшін бұл бір үлкен мереке еді.  Көкпар келген ауыл жігіттерді  қонақ етіп, басқа серке сойып беріп, жолға салатын. Көкпаршылар одан әрі тартысып кете барады. Ел де дем алады,  көкпаршылар да бой жазады,  қыр төсінде жал-құйрығын жел тарап аттар да тықыршып, жарап тұрады. «ПаҺ, шіркін!» деп сүйсінетін ойын-ақ.

Ал теледидардағы көкпар қалай? Құдды бірін-бірі аямай айқасып жататын америкалық футболдың ат үстіндегі нұсқасы сияқты. Топырағы шыққан алаң, шаң қапқан бейшара аттар, қалай болса солай киінген көкпаршы жігіттер… Көкпардың қан тулататын сән-салтанаты мүлде жоқ. Аядай жерде арпалысқан топ көгілдір экраннан тым қарабайыр көрінеді. Ал телеарнаның миллиондаған көрермендерге тарайтын қуатты құрал екенін ескерсек, елімізге келіп-кетіп жа­татын мыңдаған шетелдік турист пен бизнесменнің мұны көріп қандай түсі­нікте боларын аңдау қиын емес. Ал біз көкпарды халықаралық деңгейге көте­руді армандаймыз. Тым болмаса, көк­паршылар киетін арнаулы спорттық киім де ойластырылмаған. Біреуінің басында танкистің шлемі, аяқтарында керзі етік, жігіттер өздеріне не қолайлы, соны киген, ала-құла. Ешқандай эстетикалық талғам жоқ. Республикалық жарыс өтіп жататын алаңның өзі ауыл балалары қолдан жасап алатын футбол алаңы сияқты. Белгілі бір  тәртіпке негізделмеген.  Лақ салатын қазандық мәшиненің резіңке доңғалақтарымен қоршала салған, көзге қораш.
Біз елімізде 1949 жылы көкпар жары­сының жаңа ережесі бекітілгенін білеміз.  1958 жылдан бері жарыс ипподромдарда өткізіліп келеді. Алпыс үш жылдан бері  осылай. Осы уақыт ішінде көкпар алаңдары да, көкпаршылардың спорттық киімдері де қарастырылмаған. 

Неге? Көкпарды кең
даладан қуып, спорт алаңдарына  әкелген­нен кейін  оны уақыт  талабына сай  жетіл­діру неге ескерілмейді?

 Қазіргі заманауи  тірлікке сай жаңалықтар енгізуге не кедер­гі? Бұл ат спортының тізгінін ұстаған азаматтар ғана емес, жалпы мемлекеттік дең­гейде назар аударатын мәселе  болса керек.

Бір кездері Қазақстанға келген АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс Алматы облысында құсбегілер өнерін тамашалағаны,  бүркіттің түлкі мен қоянға түскен сәтін көріп, «бұларыңыз қорлау ғой» деп баға бергені есімізде. Кейін мұны өзінің кітабында жабайылық деп атапты.
Шыңылтыр аязда, саф ауада  серуен салатын бекзат өнерді осылай бағалаған америкалық ханым «Қазақстан» телеарнасынан денесі әлі суи қоймаған серкені жан-жаққа дар-дар етіп тартып жатқан көкпаршыларды көрсе, қандай күйде болары бір Құдайға ғана аян.
Жарайды, Райс өзімен кетсін дейік. Бірақ намысымыз болса, осы жағдай сабақ болуы керек. Ұлттық көкпар өнерін  қазаққа еншілеп, әлемге танытқымыз келсе, осындай қарабайырлықтан, әйтеуір, өткізу міндет деген сияқты салғырттықтан құтылған жөн болар, сірә!

Айдана ЕСЕМБАЕВА, «Халық сөзі»
Пікірлер