Жылда Наурыз мерекесінің қарсаңында спорттың әр түрінен Ұлыстың ұлы күніне арналған турнирлер көбейіп кетеді. Республикалық көлемдегі таэквондо, футбол додаларын айтпағанның өзінде ауыл-аймақтардың өздерінде де осындай турнирлер көптеп өткізіліп жатады. Әлбетте, бұған қарсы шыққалы отырған жоқпыз. Дегенмен өздеріңіз ойлаңыздаршы, атам қазақ Ұлыстың ұлы күнін осындай спорт түрлерімен қарсы алған ба? Неге осы атаулы мейрамды пайдаланып, өзіміздің ұлттық ойындарымызды ұлықтап қалмасқа?Қазақтың төл спорт түрлері өте көп. Сіз бен біздің білетініміз солардың аз бөлігі ғана. Ал Туризм және спорт академиясының вице-президенті Елемес Әлімханұлы бізде ұлттық спортымыздың түрі 350-ден асатынын айтып, дәлелдеп бағуда. Алайда бұл да нақты цифр емес.
Халықтың арасында әлі анықталмаған спорт түрлері өте көп. Соның барлығын қайта жандандырып, мемлекеттік деңгейде қолға алар болсақ, болашақта солардың біразын Олимпиадалық ойындардың бағдарламасына қосуға болар еді. «Наурыз мейрамына орай» дейміз де, футболдан да, таэквондодан да, бокстан да бей-берекет додалар өткіземіз. Спорттың бұл түрлері бізде шетқақпай көріп отырған жоқ. Футбол, баскетбол сынды ойындардың қазаққа өкпесі жоқ та шығар. Бұл ойындардан турнирлерді басқа уақыттарда да өткізуге болады. Ал Ұлыстың ұлы күнінде, керісінше, ұлттық ойындарымызды ұлықтағанымыз абзал еді. Мәселен, былтыр наурыз мерекесіне орай, өз академиямызда бес тас ойынынан турнир өткіздік. Өкініштісі, ережесін білетіндер өте аз болды. Жастардың дені оның қандай ойын екенін де білмейді. Сол кезде жүлделерді Моңғолия мен Қытайдан келген қандастарымыз иеленген. Ал бес тастың денсаулыққа пайдалы екендігіне кореялық мамандар осыдан бірнеше жыл бұрын көз жеткізген. Міне, Наурыз мерекесін пайдаланып, осындай ұмыт қалып бара жатқан ойындарымыз бен спорт түрлерімізді насихаттап қалуымыз керек. Мәселен, атам қазақ Ұлыстың ұлы күнінде жай ғана ат жарыстарын өткізіп қоймаған. Тұлпарларын сәндеп, салтанаттық парад секілді шаралар ұйымдастырған.
Жастар қыз бен жігіттер арасында ақсүйек, алтыбақан, қыз қуу секілді ойындарды өткізген. Қазір бұлар мүлдем өткізілмейді», – деді қынжыла сөйлеген Елемес Әлімханұлы.
Расында, неліктен футбол, теннис, таэквондо сынды спорт түрлерінен турнирлер өткізгенше, наурыз мейрамында өзіміздің төл спорт түрлерімізді насихаттамасқа?! Мәселен, әкімшіліктер, қоғамдық қозғалыстар Ұлыстың ұлы күнінде қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан, арқан тартыс, теңге ілу секілді спорт түрлерінен турнирлер өткізсе, түркі халқына ортақ бұл мейрамға өзіндік бір әр берер еді ғой. Ал бабаларымыздың ең сүйікті ойындарының бірі аударыспақ ше? Оның жапон сумосынан қай жері кем?
– Жапондар сол сумосын Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізуге бар күшін салып жатыр. Жақын уақытта мақсаттарына жетеді де. Ал сол сумодан біздің қазақ күресіміз немесе аударыспағымыз әлдеқайда қызық емес пе?! – деп ойын білдірген Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, қазақтың салт-дәстүрлерін зерттеуші Кәдірбек Сегізбай әңгімесін былай жалғастырды:
— Сумоның мақсаты – қарсыласын шеңберден шығарып тастау. Ал аударыспақта білектілер бір-бірін аттан аударып жіберуге тырысады. Енді бұл екі спорт түрінің қайсысы қызық екенін өздеріңіз сомдай беріңіздер. Егер осындай ұлттық спорт түрлерімізді Ұлыстың ұлы күнінде барынша ұлықтасақ, онда наурыз мерекесінің нағыз иісі сезіліп тұрар еді. Сондай-ақ бүгінде Наурыз мерекесін жабық ғимараттың ішінде тойлау дәстүрге айналып барады. Ал бабаларымыз бұл мерекені жабық кешенде өткізбеген. Жазық далада тойлап, әртүрлі спорт түрлерінен додалар ұйымдастырған. Әлбетте, ауа райының қолайсыздығын сылтау етуге болатын шығар. Бірақ есімде, бала кезімізде біздің шығыста күн суық, жер қарлы болса да Наурыз мерекесін далада тойлайтын. Шана жарыстарынан бәсекелер өткізетін. Қар үстінде ойналатын басқа да ұлттық ойындарымыз аз емес. Тағы бір айтарым, Сегіз сері деген болған екен. Жанында 365 серісі болған деседі. Олар ауыл-ауылдарды аралап, сауық-сайран құрған кезде кез келген мейрамың тойға айналатын. Бүгінде де осындай Сегіз сері секілді серілер керек. Наурыз мерекесінде әнші, спортшы, өнерпаз секілді жұлдыздардан сондай топтар құрап, ауыл-аймақтарда гастроль жасаса, ол жақта бұл топтар спорттық шаралар өткізіп, салтанат құрса, халықтың есінен кетпес мейрам болар еді.
Ерғали МУХИДЕНОВ, Қазақтың туризм және спорт академиясы ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі:
– Қазақтың кез келген төл спорт түрлерін Наурыз мерекесінде өткізе беру керек. Әлемдік ойындар онсыз да елімізде кеңінен қанат жайып алды ғой. Ал бұл мейрамда алдымен өзіміздің ұлттық ойындарымызды ұлықтап, содан кейін ғана басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізуіміз қажет. Қазір елімізде ұлттық ойындарды дамыту мықтап қолға алынғанымен, жағдайы әлі де мәз емес. Ұлттық ойындарымыздың барша қазаққа кеңінен жайылуына осы Ұлыстың ұлы күні себепші болса, мен қуанар едім.
Әзиз ЖҰМАДІЛ, «Алаш айнасы».