Асық ойнаған азбайды...

3939
Adyrna.kz Telegram

Асық ойнауды қазақтың ұлттық ойындарының ең алғашқы сатысы десе де болар. Себебі ең алғаш қазақ баласы қолына асық ұстайды. Ең бірінші асықпен ойнайтын.

Ертеде қазақ халқы асықты бала кезде қолына алып, жас кезінен бастап ойнай бастайды. Тіпті бала тумай жатып, жас нәрестеге арнап асық жинайтындар да болған. Асық ойынының ерекшелігі және оның сан қилылығы: асықпен үйде де, далада да ойнауға болады. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Сондай-ақ бұрынғы аға буын өкілдерінде асық ойнамай өскен бірде-бір адам жоқ.

Халқымыз асықты қастерлеген. Мысалы, қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады. Яғни асықтың алшы түсуі оның иесін басымдыққа жеткізеді. Сәті түсіп, жолы болып тұрғандығын білдіреді.
Асық тұла бойы құдiретке тұнған күш іспетті де. Сол себептен ертеде бақсы-балгерлер асық арқылы болашаққа болжам жасаған.
Асық ойыны – біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. Жоғарыда жазғанымыздай, ертеде мұны қазақтың ұлы да, қызы да қызыға ойнаған. Өйткені асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Мысалы, асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойыны өзінің түрлеріне қарай баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жанып, «қатарымнан озсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.

Асық ойындарының кейбір түрлерінде сақа таңдап алу керек болады. Үйде ойналатын асық ойыны түрлерінде асықтың әдемісін сақа қылып алуға болады. Ал тақыр жерге шеңбер сызып, соның ортасына қаз-қатар тігілген асықтарды шеңберден атып шығару мақсат болып табылатын ойындарда асықтың мықтысын, салмақтысын сақа қылып алу керек. Сақа таңдаудың өзі – өнер. Алыстан атқан кезде асыққа тиген сақа орнында қалып, асықтардың бірнешеуін шеңбердің сыртына шығарып жібереді. Асық ойнауға әбден машықтанып алған зерек балалар, қажет болса, сақаны асықпен қоса шеңбердің сыртына шығарып та жібереді, кері де қайтара алады. Тіпті қажетті траекториямен сақасын шеңбердің ортасындағы (кондағы) асықтардың жанына жеткізеді-де. Бұл тұрғыда асық ойнау өнерінің кейбір сырлары (техникасы) бильярд ойынымен ұқсас та. Содан соң сақаға қорғасын құю деген болады. Бұл – сақаны күшейтіп, ұту мүмкіндігін арттыру үшін жасалатын қарекет. Негізі, мүмкін болса, дала тағысы арқардың асығын сақа ретінде пайдаланған дұрыс. Арқардың асығы қой-ешкінікіне қарағанда үлкендеу әрі шымыр болады. 

 

Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, алыстан (бірнеше метр жерден) көз ұшында түймедей болып бұлдыраған асыққа сақаңды дәл тигізу нағыз мергендіктің белгісі емес пе?! Сондықтан болар, ерте заманда қазақтан небір құралайды көзге атқан мергендер шыққан. Садақ тарту болсын, найза лақтыру болсын, қазақ жауынгерлері ешкімге дес бермеген.

  

Өкінішке қарай, қазір асық ойыны ұмытыла бастады. Көптеген түрлері ұмытылып, мүлде ойналмайды. Ережелері де сол күйі сақталмаған. Себебі қазір ауылда болмаса, қалада балалар асық ойнамайды. Асық ойнаудың өзіндік техникалары да сақталып келе жатқан жоқ. Қала балалары асықты иіріп, шиіріп атуды білмейді. Тас лақтырғандай атып жібереді. Ал бір аяғыңды жерге тіреп, иіліп, созылып тұрып, екінші аяғыңмен ауаны сілкіп қалып асық ату да сақаңның қандай қарқынды және пәрменді болатындығын қала балаларына түсіндіріп жатқан жан бар ма? Асық атудың осы бір техникасы боулинг шарын дұрыс лақтыру тәсіліне ұқсастау. Осылай талдай берсек, асық ойынының, асық атудың көптеген спорт түрлерінің өзіндік техникасына сәйкес келетіндігін байқауға болады. Бұл асық ойынының сан қилылығы мен алуандығын, көптеген қимыл-әрекеттерді қамтитындығын білдіреді. Өкінішке қарай, біз осындай ұлттық байлығымызға лайықты деңгейде көңіл бөлмей, ұмыт қалдырып барамыз.

 

Асықты жақсы білесіз бе, жоқ па? Тексеріп көрейік. Оңқай асық – малдың оң жақ аяғының асығы ма, жоқ әлде сол жақ аяғының асығы ма?


Айқын ЖАППАР, “Алаш айнасы”

Пікірлер