Дәстүрдің озығы бар…

2314
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіз ел болып, етек-жеңімізді жиғалы бері жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанып отыр. Ұлтымызға қатысты салт-дәстүрлеріміз де, тарихымыз да қайта жаңғырып жатқаны қуантарлық жағдай. Осы ретте болмысымызға жақын бір мерекені айтып өтпесе болмас. Ол – 22-Наурыз, Ұлыстың Ұлы күні. Еліміздің батыс өңірлерінде бұл мереке ертерек басталады. Осы мерекеге орай 14-наурыздан бастап көрісу дәстүрі басталады.

Қыс ызғары кетіп, көктемнің шуағымен бірге келетін бұл дәстүрдің адамзат үшін маңызы зор екендігіне дау жоқ. Бұл күні ауыл балалары мен жастары үй-үйді аралап, жасы үлкендерге барып қол алысып көріседі, тәтті тағамнан дәм татады, қарттардың батасын алады. Осы күні көшеде, мектепте, қай жерде болсын кездес­кен ауыл тұрғындары бір-біріне қос қолын ұсынып көріседі. «Бір жасқа шығуыңмен!», «Бір жасқа есеюіңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!», «Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деп құттықтап жатады. Әр үй 14-нау­рызда бар дәмдісін шығарып, жеті шелпегін пісіріп, дастарқан жайып отырады. Наурыздық жасап, ата-баба рухына дұға бағыштайды.

Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілеуі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс.

14-наурыздан бастап көрісу салты еліміздің батыс аймақтарында, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор облыстарында, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған жерлерінде жақсы сақталған. Жасы кішілер үлкендерге барып көріседі, көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-біріне құшақ жайып, мерекемен құттықтайды. Әйелдер жағы да солай істейді. Тек келіндердің ғана аталарымен, қайын ағаларымен көрісулеріне болмайды. Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамының үйіне барып көріседі. Сөйтіп, дүрдараздық жойылып, бір-бірімен қайта табысады. Бұл күнді «Көрісу күні», «Амал күні», «Жаңа жыл» деп те, «Нау­рыз» деп те атай береді.
Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жал­ғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14-нау­рыз күні сырт жақта жүріп, көрісе алмаған адам ауылға жолы түскен бойда ақсақалдарға, әжелерге, ағалар мен апаларға, құда-жегжатқа барып көріседі. Егер көріспесе жасы үл­кендер «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіреді. Сондықтан бұл күні әр адам мүмкіндігінше барлығына баруға тырысады. Осы ретте қазақ үшін көрісудің қаншалықты міндет болғандығын, көріспей қалудың қаншалықты айып екендігін аңғаруға болады. Бұл да хал­қы­мыздың бауырмалдығының бір белгісі.
Ертеде қазақтар алты ай қыстан аман-есен шығып, қар еріп, тоң жіби бастағанда шалғайда жатқан туған-туысын, жақын-жуығын іздеп барып, бір-бірімен көрісетін болған. Ақсақалдардың айтуынша «Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілектің өзінің мәнісі бар. Бұл тілектің астарынан «Қыстан аман шығып, Жаңа жылға қадам басуыңмен» деген ойды аңғаруға болады.
14-наурызда көрісу дәстүрін атап өтудің еш ерсілігі жоқ. Ежелден ислам дінін діңгегім деп санаған халқымыз қашан да шариғат талаптарына сай әрекет етіп, салт-дәстүрін де осымен ұштастырып отырған. Бұл да ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлеріміздің бірі. Араздасқан адамдар татуласып, табысып жатса Нау­рыз мейрамының маңызы арта түскені. Қалай десек те, көрісу имандылыққа, жақсылыққа үндейді. Үлкен мен кіші арасында сыйластық, сыпайылық орнайды. Әрине, өркениетке өрісті қадам басып бара жатқан кезеңде осындай төл дәстүрімізге жаңаша өрнек беріп, оның тәрбиелік мәнін аша түсуге әбден болады. Көрісу күнінде сәлемдесудің сауапты іс екенін жастардың санасына сіңіру құптарлық болар еді.


Исатай ҚОРҒАНБАЕВ, «Ана тілі».

Пікірлер