«Көрісу» батыстікі ғана емес, барша қазақтыкі

3162
Adyrna.kz Telegram

Ел «көрісуді» Қазақстанның батыс өңіріндегі ағайынның салты деп ұғады. Тіпті кейбірі мұны ұлттан бөлектену деп алып-қашпа әңгімеге дейін ұластырып жатады. Шындығында ұлан-ғайыр жеріміздің батысын мекендеген жұрт «көрісуді» меншіктеп алмағанын, барша қазақтың дәстүрі деп танитынын көбіміз біле бермейміз. Сан-саққа жүгіртіп жататынымыз да сондықтан болар. Биыл осы «көрісу» амал-салты Маңғыстау облысының Отпантау ауылында дүркіреп өтті. Мерекеге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та келіпті. Әрине, көк өніп, көңілі марқайған ағайын үшін ел салтына басшылық тарапынан да назар аударылып жатқандығы тіпті қуанышты көңіл-күй сыйлағаны даусыз. Биыл Астана қаласында да Қазақстанның батыс аймақтарынан қоныс аударғандар «көрісу» салтын мейрамханада бас қосып, атап өтті. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген рас екен. Ендеше Көрісу амал салтының Наурыз мейрамының көркін аша түсетін тұстарын саралап көрсек.

Біріншіден, «Тойдың боларынан боладысы қызық» десек, көрісу Наурыз мейрамына тура бір апта қалғанда басталады. Яғни, мейрам алдында ағайын алдымен мал-жанның амандығын сұрастырып, елдің бүтіндігін ойлайды. Дәстүр бойынша 14 наурызда таң ата салысымен жасы кішілер үлкендердің шаңырағына амандық сұрап кіреді. Тіпті бірінші табалдырық аттағандардың осы елгезектігі үшін ағайын арасында мерейі үстем болып жүреді екен. 31 желтоқсанда түнгі сағат 12-ні күту қаншалықты мәнге ие болса, 14 наурызда ерте  тұрғанның бір ісі мен ырысы артық. Ал осы салттың өзі жастардың үлкенге құрметін ғана байқатып қоймай, сергектікке, іскерлікке тәрбиелейтіні анық.

Кезінде бүгінгідей жылы, ыңғайлы көліктер, сайраған жол болмаған. Қыстың тұтқынынан босаған халықтың бірінші уайымы ағайынның амандығын білу еді. Тіпті жақын орналасқан қыстаулардағы бауырлардың бір-бірімен қатысуы мұң болған. Ал қазір мүмкіндік көп болса да, уақыт жоқ деген сылтаумен қазақтың бір-біріне деген ілтипаты, бауырмалдылығы азайып барады. Сондықтан «көрісу» бүгінде ел бірлігін сақтар тамаша салт болып қала бермек. Әрі сағынысқан жүректер тебіреніп, Наурызға шынайы мерекелік реңк берері анық.

 

 

Екіншіден, «көрісуде» кішілер ізеттілік танытып, бата алса, үлкендер қамқорлық көрсетуі ләзім. Сырттай тон пішіп, айтатынымыздай «көрісу» тек амандасудан тұрмайды, бұл үлкеннің кішіге, байдың кедейге қол ұшын созуы. Қазақ көктем мезгілін жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағы деп бекер айтпаған. Ендеше қыстан қысылып шыққан жамағаттың бар-жоғын түгендеп, малы шығын болған ағайынға көмек көрсету де «көрісудің» бір ажырамас бөлігі. Демек аталған салттың тәрбиелік қана емес, әлеуметтік мәні де өте зор. Осы сәт талай Атымтай жомарттардың елге үлгі болар кезі. Мәселен, Қытай жерінде кеңінен танымал, ел аузында Башпай деген атпен есте қалған, ХХ ғасырда өмір сүрген Басыбай бай әр көктем сайын кедей-кепшіктерге жиған малының бір бөлігін үлестіріп отырған екен. Демек «көрісудің» бұл игі салты батыста ғана емес, қазақтың шығыс аймақтарында да таралған.

Үшіншіден, «көрісу» – ұлттық жауһарларды жаңғырту. Көктемде табиғат қана емес, адам да құлпыра түседі. «Ағаш көркі – жапырақ» болса, «адам көркі – шүберек». Күн жылып, жер кеңейгенде қыз-келіншектер сандықтан ең тәуір киімдерін алып шыққан. Тіпті қыс мезгілі жылы үйде отырып, көйлек-шапан пішіп, кесте тігуге мүмкіндік туатын кез емес пе? Бұл электр шамы күні-түні жарқыраған жаңа заманда үй шаруасындағы әйелдерге таптырмас ермек болар еді. Сөзсіз қазақ «көрісуге» көз тартар киімдерін киіп барған. Ендеше аталған амал ұлттық өнердің дамуына да септігін тигізіп, елдің эстетикалық талғамын қалыптастырған. Осы жақсы дәстүр батыс аймақтарында тамаша сақталғанын айта кету керек. Мәселен, Маңғыстау облысында жаңа түскен келін бір ай немесе бір жылдай көйлек пен камзол киіп, басына ақ орамал тағып жүреді. Жасауда міндетті түрде бір қазақ көйлек болу керек екендігі ескертіледі.

Көрісу, ас беру, үйлену тойларына ұлттық киіммен баруға тырысады. Тіпті бүгінде «ақтаулық көйлектер» деп аталатын ұлттық киімнің заманға сай, ыңғайлы түрі кең тарап келеді. Оның жас ерекшелігіне қарай түс таңдайтынын да қайтесіз? Мәселен, жас келіндер қызыл, қою қызыл мақпалдан (велюр), ал егде әйелдер көк, қою көк мақпалдан қамзол мен көйлек тігіп, жиектерін, арқа тұсын, жеңін кестелейді.

Бүгінде кей ағайындар «көрісу» салтын мейрамханада атап өтіп, бас қосып жатады. Кей жерлерде бір жылғы көрісуді бір ауыл ұйымдастырып, ұйытқы болып, эстафетаны екінші ауылға ұсынады. Осылай тізбектеліп кете береді. Қалалық жерлерде «көрісу» барысында ең үздік ұлттық киім иелеріне сый тағайындап, жүлде беріп жатқанын да көзім көрді.

Тобықтай түйін:

«Көрісу» – барша қазаққа тән мереке, Наурыздың беташары десе де болады. Оның тәрбиелік, әлеуметтік, эстетикалық маңызы зор. Өкінішке орай тамаша дәстүріміз тек еліміздің батыс өңірлерінде ғана сақталып отыр. Сондықтан алдағы жылдары күллі ел болып, игі істі игеріп жатсақ, қанекей.

Сонда Наурыз сахналық сипаттан халықтық сипатқа айналар ма еді? Әрі ағайын қуаныш тойларын неге наурыздың шуақты күндеріне белгілемеске? Әйтпесе, өтірік келін түсіру, қуыршақты бесікке бөлеу жалықтырып болды адамды. Шынайы мерекеде шынайы қуаныш болса. Мәселен 14 наурызда немесе 22 наурызда екі жас отау құрып, айран-асыр той жасаса. Себебі 21 наурыз ата-бабамыз ұйқыашардан дәм алып, селтеткізер сыйлайтын махаббат күні емес пе еді? Туыс-тума жиылып дастархан жайса, әйтпесе орталық алаңда құрған 10-20 қазақ үйдегі дәм қай қазақтың қағанағын қарқ қылғандай? Сонда жұрт алаң кезіп, киіз үй сығалап, көже сатып алып, ішпес еді ғой. Ән-күй көшеде емес, әр шаңырақта, әр әулетте әуелер еді. Сонымен қатар көктем мерекесінде түрлі жәрмеңкелер мен сайыстар ұйымдастырсақ. Мәселен, неге әлі күнге дейін ұлттық киімге арналған бірде-бір ауқымды шара өтпеді? Бұдан 4-5 жыл бұрын Халықаралық ұлттық киімдер фестивалін жасаған болдық. Өз деңгейінде емес, әрі өзіміздің, қазақтың киімін бүтіндеп алмай жатып, өзгелер үшін алаңдағанымызға жөн болсын! Ендеше келесі жылы ұлттық киімнің мерейін көтерер ауқымды шара өткізу, дизайнерлер арасында байқау ұйымдастыру қажет-ақ. Наурызда кәсіпкерлеріміз бен қалталы азаматтарымыз да қарап қалмай, қызметкерлерінің, көрші-қолаңның көңілін аулауға тырысса, той тойға ұласар еді ғой.

 


Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ

 

Пікірлер