Әлия Юсупова ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті

1002
Adyrna.kz Telegram
Фото: Сали Сабиров
Фото: Сали Сабиров

Белгілі спортшы Әлия Юсупова көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. Бұл туралы ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әлия Юсупова спортшыларды басты додаларға дайындағанына қуанышты екенін айтты.

«Мен өзім дайындаған спортшыны Олимпиадаға шығарып, сол ойындарға бапкер ретінде қатысуды мақсат еттім. 2012 жылы маған осындай мүмкіндік беріліп, Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кірістім. Үш Олимпиадада біз жақсы нәтижелер көрсете алдық. Үш рет гимнасттарды төртжылдықтың басты додасына дайындағаныма өте қуаныштымын», - дейді Ә.Юсупова.

Ол жауапты қызметте өзіне сенім артқаны үшін Қазақ еліне, басшылыққа алғысын білдірді.

«2025 жылдың қаңтарынан бастап бас бапкер қызметінен кетемін. Өйткені федерациядағы жұмысқа толықтай көңіл бөлгім келеді. Осылайша, басқа бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беруді жөн көрдім. Баршаңызға сәттілік тілеймін», - деді Әлия Юсупова.

Қазақстан гимнастика федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Юсупованың жетекшілігімен қазақстандық гимнасттар халықаралық ареналарда табысқа жетіп, құрлықтық чемпионаттарда, Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде бірнеше медаль жеңіп алды.

Еске сала кетейік, Әлия Юсупова 2024 жылы 20 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған еді. 

Сол кезде Президент Әлия Юсупованы Қазақстан гимнастика федерациясының президенті болып қайта сайлануымен құттықтаған еді.

Әлия Юсупова спорт саласындағы кейбір өзекті проблемаларға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізген. Федерация басшысының айтуынша, балаларды гимнастикаға ерте жастан баулу үшін кешенді жұмыс атқарылуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев сала инфрақұрылымын дамыту және жаттықтырушыларды даярлау ісінде Туризм және спорт министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнату қажет екенін айтқан болатын. 

Пікірлер