Дәстүрдің озығы бар…

3680
Adyrna.kz Telegram

Қазақта «бір дәуірдің куәсі» деген сөз бар. Осыдан-ақ қазақтардың ұзақ жасайтындығын білеміз. Осы орайда, біз де ұзақ жасаудың сырына үңіліп көрген едік, қызықты жайтқа құмартып. Сөйтсек, түп-төркіні салт-дәстүрлерімізді ырым-жоралғыларға келіп тіреледі екен ғой.

 Адамның 100 жылдық ғұмыры жөнінде ел арасында мынандай бір аңыз әңгіме бар. Алла Тағала он сегіз мың ғаламды жаратып, әрбір тіршілік иесінің жасын белгілегенде адамға жиырма бес-ақ жыл, ал басқа жан-жануарларға елу жылдан өмір беріпті-міс… Адам өзіне берілген жасты қанағат тұтпай, тағы да жас сұрапты. Аңдар мен құстардың, балықтар мен жәндіктердің ешқайсысы адамға өз жасынан бірде-бір жыл бөліп бермеген кезде, өзінің адамға серік болатынын ең бірінші сезген жылқы, сосын ит, әрқайсысы оған 25 жылдан жас беріпті. Өзінің адамға ұқсайтынын сезген, әрі 50 жыл өмір сүргенде не істеймін деп ойлаған ақымақ маймыл оған өзінің 25 жылын сыйлай салыпты.

Мінеки, сол күннен бастап адам жүзге дейін өмір сүретін болыпты. Алайда, адам баласы өзінің Аллаһ Тағала берген 25 жылын қайғы-мұңсыз, қуаныш, ойын-сауықпен өткізген соң, жылқыға тартып 25 жыл бойы ойға-қырға шауып, ел мен жер көріпті, жүйткіп өмір сүріпті, жылқыдай қуатты болыпты. Елу жастан кейін 75 жасқа дейін әркімдермен итше ырылдасып, алысып-жұлысып ғұмыр кешіпті. Жетпіс бес жастан жүзге дейін не болса соған мәз болып, кейде не істеп, не ішіп-жегенін білмей, маймылдай кім-көрінгенге күлкі де болыпты. Ойлап отырсаңыз, ақиқатқа толы аңыз.

Ал енді адамның жастық шағы туралы мынадай қағида, таным-түсінік бар. Данагөйлердің айтуынша, құдіреті күшті Аллаһ Тағала адам баласына үш рет жастық шақ сыйлайтын көрінеді. Біріншісі – өз жастық шағы, екіншісі – шын махаббатқа жолыққанында, үшіншісі – 100 жасқа толғанында. Жалпы, адам жасы, оның жүз жасауы жөнінде ғибрат алар әңгімелер де, мақал-мәтелдер де көп. Осы орайда орыс халқы: «Қарапайым өмір сүрген жан 100 жасайды», – дейді. Иә, байлық, атақ-даңқ, шен-шекпен үшін жанталаспай, сол жолда жүйкесін жұқартпай, Жаратқан Иесінің берген бақыт, бағы мен несібесіне шүкіршілік айтып, Құдайдан қорқатын, қанағатшыл да иманды, мейірімді адамның ашкөз, дүниеқоңыз, арам, айлакер, атаққұмар, бақас, бақталас, күншілдерден көп жасайтыны ақиқат. Адамға жарық дүниеден, өмірден қымбат еш нәрсе жоқ. Асарын асап, жасарын жасап отырған қариялардың ешқайсысының өлгісі келмейді. Рас, ақыл-парасаты мол, өзекті жанға бір өлім барын мойындап, о дүниеге белін бекем буған кейбір кісілер: «Алла Тағала мені бала-шағыма масыл қылмай, абыройымды ашқызбай, қияметімді көрсетпей, ұл-қыздарымның алдында ала гөр», – деп жатады. Алайда олардың да көңілінде: «Әлде де бала-шағамның қызығын көріп, жүре тұрсам екен»,– деген тілектің жататыны белгілі.

Баяғыда өте бақуатты бір қария өмірден өтіп бара жатып, Аллаһ Тағаладан: «Құдіреті күшті Жаратқан ием, тағы да кішкене ғұмыр беріңізші», –деп жалынып, жалбараныпты. Сонда Аллаһ Тағала періштелері арқылы аян беріп, әлгі қариядан:

– Пендем, қанша жас сұрайсың? – депті.

Қария:

– Ағаштың жапырақтарына тең ғұмыр бере гөр, – деп жалыныпты.

– Жоқ, адамға өлшеп-пішіп берілген ғұмыр оған жетпейді.

– Онда үлкен ағашта қанша бұтақ бар, соншама өмір бер.

– Жоқ, ол да жарамайды, тым көп.

– Онда қанша өмір бере аласың?

– Өмірде қанша досың бар, соншама өмір берейін.

Осы сөзді естігенде төсек тартып жатқан қария көзіне жас алып, қатты күрсініпті де, о дүниеге жүріп кетіпті. Сөйтсе, ол өмірін дос жинаумен емес, дүние-мүлік жинаумен өткізген екен. Сірә, біздің абыз ақсақалдарымыздың: «Жүз сом ақшаң болғанша, бір досың болсын», – дейтіні сондықтан да шығар…

Адам жасы ана құрсағындағы тоғыз ай, тоғыз күннен кейін дүниеге аман-есен келген шағынан басталады. Алайда адам өміріне байланысты салт-дәстүрлер қыздың келін болып түскенінен, бойына бала біткенінен бастап жасалады.

Сәби күтіп жүргендегі салт-дәстүр кез-келген ата-ана баласы үйленісімен-ақ соңында шаңырағын құлатпай ұстап тұратын, атын өшірмей ұрпақ жалғастығын сақтап қалатын бала күтеді. Егер жанған оты сөніп, соңында түтінін түтететін, қол жайып, құран бағыштайтын бірде-бір тұяқ қалмайтын болса, ол – үлкен қайғы-қасірет. Сол себепті де біздің ата-бабаларымыз: «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», – деген.

Келін түскеннен кейін қамқор, жөн-жосықты білетін ене оған алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Бұл – ұл немерелі болу үшін жасалатын алғашқы салт-дәстүр, ырым. Егер де жаңа түскен келін біреудің үйіне өз дастарханынан бір дәм апарып беретін болса, оны үй иелері жегенімен, өзі «қыз тауып қоямын», – деп жемейді. Бұл – екінші ырым. Жас келіннің бойына бала біткенін көрші-көлемнің әйелдері сезсе, енесіне барып: «Келіннің құрсағы ақ айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты», – деп қуанышты хабарды жеткізеді. Мұны естіген ене: «Келінді атасының әруағы желеп-жебеп жүрсін», – деп ауылда тұрса, әулеттеріндегі үлкен үйдің керегесіне ақ орамал таңады. Ол – жас келіннің жүкті болғанын бүкіл ауыл білсін деген «керегеге ақ орамал таңу» ырымы.

Мұнан кейін жас келіннің асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құса берсе, бұл – жерік болу. Ал осы кезде оның бір тамаққа ықыласы керемет күшті болып, соны қатты іздесе, ол – жерік асы. Осы кезде жүкті жас келіннің енесі көрші-көлемін шақырып, кішігірім той жасайды. Оны «құрсақ шашу» дәстүрі деп атайды. Оған тәжірибелі аналар өз үйлерінде арнайы бір дәмді пісіріп әкеледі. Мұндағы мақсат – келіннің жерік болған асын тауып беру. Жерік асын таба алмаған, немесе аз ғана ауыз тиіп, жерігі қанбаған әйел лоқсып, ішкен асын құсып тастай береді. Бұл – «ит жерік» болу. Анасы итжерік болып туған сәби де ес жиғанша аузынан сілекейі аға береді. Әжейлердің айтуынша, әйел іштегі баласының көзі бітерде жерік болатын көрінеді.

Ғалымдар әйелдің құрсағына алғаш бала біткеннен бастап оның аналық сезімі (инстинкті) оянатынын айтады. Осы инстинкт әлі жарық дүниеге шықпаған баласына деген аналық махаббатына ағыл-тегіл жол ашып, сәбиі шыр етіп ғашық-ғұмыр есігін ашқанында өнбойындағы алпыс екі тамырын иітеді. Әке инстинкті де аяулы жары алғаш жүкті болғанын сезіп, күйеуіне айтқаннан-ақ оянатын көрінеді. Ол өз баласын тоғыз ай, тоғыз күн көтермесе де, сәбиін анасынан кем жақсы көрмейді. Бұл аңның да, құстың да еркегіне тән қасиет. Тіпті, жыртқыш аң саналатын қасқырдың арланы алыстан аулап, жыққан олжасын өзі аш болса да жемей, күшіктерінің алдына әкеліп тастамайды ма?

 Аңыз әңгімелерге назар аударсақ, жолбарыстың, қасқырдың жүрегіне де жерік болған аналарымыз бар. Ал ондай аналарымыздан баһадүр батырлар өмірге келген. Жас келін жерік бола бастаған кезде-ақ, оның бойындағы бала шымыр болып өссін, анасының тәбеті ашылсын деп мынандай өсімдіктерді жегізген: дала жуасы, ит жуа, тауда өсетін рауғаш, қымыздық. Және мынандай сағыздарды шайнатқызған: құм сағыз, жер сағыз, қарағай сағыз. Әйелдің жүкті кезінде есінде сақтап, орындайтын ырымдарының тағы бір тобы: итке «кет» деп айтпау (ол толғақты ауырлатады), арқан еспеу (босанғанда баланың кіндігіне оралып қалуы мүмкін), қаптың аузын буып байламау, түйе етін жемеу (олай жасаса баланы 12 ай көтеруі мүмкін).

Жас келіннің бойына бала бітісімен-ақ, енесі түсік тастамасын деп, көйлегінің етегін бүріп қояды, шошынбас үшін түнде далаға жалғыз шығармайды, жүкті әйелдің мезгілі жақындағанда жаз болса, оған жалаң аяқ жер басқызып: «Төсі түкті Жер-Ана, күшқуат бере гөр?!» – дейді. Мұның бәрі – бойға бала бітер алдындағы және бойға бала біте бастағанындағы орындалатын салт-дәстүрлер мен ырымдардың бір шоғыры ғана.

 АНА ТОЛҒАҒЫ КЕЗІНДЕГІ ЫРЫМДАР

Екіқабат аналардың толғағы бала туар алдында ғана емес, оған дейін де бірнеше рет болады. Олар «ұзын толғақ», «орта толғақ» – деп аталады. Бұлардың бәрі де жас ананың босанауына арналған дайындыққа, түрлі салт-дәстүрге, ырымдарға толы.

 «Ұзын толғақ» – босануға үш ай қалғанда басталатын толғақтың бірінші түрі. Бұл кезде жас келін аман-есен босансын деп дайындық жұмыстары жүргізіледі. Босанар кезіндегі толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қалмасын деп күн сайын кешкілік жас келіннің құйымшағынан бастап жауырынына дейін бес саусақты батырып, қойдың құйрық майымен сылап сипаған. Мұны алтын қолды аналар атқарған. Және олар «бөпең айдай сұлу болсын» деп жас келінді айлы түнде суға да түсірген.

 «Орта толғақ» – босануға екі ай қалғанда басталады. Аналарымыздың айтуынша, «орта толғақта іштегі бала жарық дүниеге шығуға дайындала бастайды». Осы кезде жүкті әйелдің ішінің сыртқы пішіміне қарап, ана құрсағындағы баланың ұл, қыз екеніне болжам жасалады. Қыз босанатын әйелдің іші – кішкене, шошақ, үшкір болып келсе. Ал ұл босанатын әйелдің іші – домалақ, дөңес бітеді. Бұл –Тәжірибелі аналардың болжамы. Орта толғақ кезінде жас келін ерте босанып қалмасын деп, оның қолына кескіш, тескіш құралдарды (пышақ, біз, ара т.б) ұстатпайды.

 «Ай толғақ» – босануға бір ай қалғанда басталатын толғақтың түрі. Осы «ай толғағы» кезінде енелері «іштегі баланың еті қызылданып кетеді» деп оған жас ет ұстатпайды, «кіндігіне оралып қалмасын» деп оған ине-жіппен іс тіккізбейді, «түсік тастамасын» деп жүресінен отырғызбайды. Босанар кез тақағанда әжелері жас келінді ертіп, жеті бұлақтың көзін аштырып, бұлаққа май құйып, теңге тастатып, бастаудың жанындағы әулие ағашқа шүберек те байлатқан. Сөйтіп: «Сенің ата-бабаң осы жерден су ішкен, толғатқан кезінде сені демеп, жебеп жүрсін», – деп тілек те айтқан. Ондай ырымдардан жас келін қуат-күш алған.

БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛЕРДЕ...

 Бұрындары әр әйел босанатын үйдің босағасына қанжар, қылыш, қамшы ілініп қойылатын. Немесе, қоңыр аюдың, жолбарыстың, қасқырдың терісін тастайтын. Бұл – осы заттар әйелдің толғағына кедергі келтіретін жын-перілерді үйге кіргізбейді деген ырымдаған.

 Әйел босанарда арша тұтатылып, оның басынан айналдырып аластайды, етек жағынан күкірт түтетеді. Бала теріс келсе, әйелдің ішін қолмен сылап, баланы оңдап алады. «Жарыс қазан» – жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгірмеген сәбидің қуанышына арналған кәде, жол-жоралғы. Ол айы-күні толған келіншектің сәбиін жарық дүниеге әкелу қуанышы үшін жасалады. Келіні босанарда енесі сақтап жүрген кәделі еттерін қазанға салып асады. Бұл тамақ – «жарыс қазан» дәмі. Оған көрші-көлемнің, ілік-жекжаттың әйелдері келіп, дәм татады. Самаурын қойылып, табаққа сүт те пісіріледі. Сандықтардың, қаптардың аузы ашылады, буылған теңдер шешіледі.

 БАЛА ДҮИЕГЕ КЕЛІСІМЕН...

Бала дүниеге келер алдында ата-енесінің алдын-ала «кіндік шешені» таңдап қоятыны белгілі. Ол жас нәресте жарыққа шығысымен көтеріп алады да құйрығынан шарт еткізіп ұрып, кіндігін өткір айбалта, қанжар, пышақпен кесіп алады. Немересінің ата-әжесі кіндік шешеге «кіндік кесер» деп аталатын сый береді. Жаңа туған баланы емізбестен бұрын, алдын-ала қайнатылған таза суға малынған қасқырдың немесе сыртанның жүнімен ауыздандыру салты бар. Бұл көне түріктердің өздерін көк бөріден жаралғанбыз деп санауынан.

 Өмірге жаңа келген сәбиді шомылдырарда тілін жұтып қоймасын деп оны арнайы тартатын әдет қалыптасқан. Бала төбесінен бастап жуылып, судан шошынбас үшін аяғын біртіндеп суға батырады, алғаш шомылдырғанда су тимеген жері қалмауға тиісті. Жаңа туған баланы шомылдырып болған соң кіндігіне қойдың майын жағып, байлап, құндақтап тастайды. Жас босанған келін қырық күнге дейін аяқ-қолын салқын суға тигізбейді. Созылған іші қалпына келуі үшін белін буып, тісі түсіп қалмауы үшін аузын да уақытша орамалмен тымшалайды, суық су ішкізбейді. Шашын мықтап тұрып өріп тастап, басына орамал тартқызады. Сонда балаға қыл-қыбыр жоламайды.

Немерелі болған ата-әжесі туған-туыстарына балаларын жіберіп, сүйінші сұратады. Олар: «Кім туды?» – деген сұраққа, ұл туса – «тізгін ұстар», «ноқта жетектетер» – деп, қыз туса – «қырық жеті» деп, тұспалдап жауап береді. Құтты болсын айта келген адамдар: «Тіфә, тіфә! Тіл-көзім тасқа, өзі жаман бала екен», – деп түкірген болып кетеді.

ТОҒЫЗ АЙ, ТОҒЫЗ КҮН ДЕП НЕГЕ АТАЙДЫ? 

 Бір айда отыз күннің бар екені белгілі. Жұлдызшылар оның алғашқы үш күнін «аспанда ай көрінбейтін үш күн – өлі күн» деп атайды. Олар да, көріпкелдер де, бала туу туралы болжам жасаушылар да осы өлі күндері екі жастың төсекте кездесуіне тиым салады. Осыған орай есепшілердің болжауы бойынша, жүкті болған әйелдердің әрбір айы 27 күннен тұрады. Және де бұл 27 күннің басы әйелдің етеккірі келген күннен басталады. Ал енді осы алғашқы ай үш тоғызға бөленеді де, бірінші тоғызы – «етеккір тоғызы», екінші тоғызы – «арылу тоғызы», үшінші тоғызы – «кездесу тоғызы» деп аталады. Соған сәйкес, жас жұбайлар үшінші тоғыз – кездесу тоғызында ғана төсек қатынасына баруға тиісті. Сонда дені сау бала өмірге келеді. Аллаһ Тағаланың бұйрығымен әрбір әйелдің өз нәрестесін тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, туатыны мәлім. Осы орайда жоғарыдағы есепке жүгінетін болсақ, әрқайсысы 27 күннен тұратын тоғыз айда 243 күн бар, аналарымыз оған үшінші «кездесу тоғызын» қосып есептейді. Сонда тоғыз ай, тоғыз күн шығады. Біздің тіліміздегі «тоғыз ай, тоғыз күн» тіркесінің қалыптасу сыры осындай.

Бұрындары тәжірибелі аналар өз дорбасына 243 құмалақты салып алып, күніне оның біреуін лақтырып отырып, келіннің босану мерзімінің жақындағанын анықтаған көрінеді.

Рас, кейде нәресте тоғыз ай, тоғыз күннен бұрын немесе асып барып та туады. Оның әртүрлі себебі бар. Олардың кейбірі аналардың дімкәс, ағзасының әлсіз болуы, шошынуы, тағы да басқа жағдайлар. Егер де нәресте күні жетпей туса, оны «шала туған» деп атайды. Мұндай балаларды бұрындары ата-бабаларымыз тымаққа салып, керегенің басына іліп қойып асыраған. Қазір де жеті айлық «шала туған» балалардың көбісі аман-сау жетіліп, қатарға қосылып жатады. Жас нәресте шыр етіп жарық дүниеге шығысымен, оның өмір жасы басталып, белгілі бір күндері арнайы атауға ие болып, ол әртүрлі салт-дәстүр, ырым, ойын-тоймен әрі қарай жалғасып кете береді…


Нұркен Тоқаев

 

Пікірлер