Қазақ санасындағы сандық магия

4250
Adyrna.kz Telegram

Кез келген халықтың фольклорындағы өзіндік ерекшелігі сол халықтың өмірі әрі тұрмыс-тіршілігімен, қоғамдық және мәдени дамуымен тығыз байланыста екені дау тудырмайды. Қазіргі таңда әлі өз зерттеушісін күтіп жатқан фольклордың үлкен екі саласы бар: олар –  математикалық және түрме фольклоры.

Фольклорды тар ауқымда ауызша шығармашылық деп қана алушылық ТМД мен ресей ғылымында кең орын алса, фольклорды кең ауқымда қамту әлем фольклористикасында ертеден орныққан. Біз тек соңғы концепцияны құптаймыз. Фольклордағы синкретизм діннің, өнердің, білімнің тұтастығы негізінде қарастырылуы керек. Қазір хазақ фольклорының байырғы өкілдері есебінде: бақсы, сал-сері, өлеңші т. б. ғана қарастырылынып, халық фольклорның басқа өкілдері: жушы, есепші, тоғызшы, арестант хикаятшы, діни уағызшы, толғақшы т.б. онша назарға алынып арнайы зерттеу объектісіне айналмай келеді. 

Фольклордағы оның бүткіл шынайы табиғатын айқындайтын басты да, негізгі фактор – оның қоғамдық қызметі, өмірлік нысаны. Біз фольклорды өмірді амаляттық-идеологиялық жағынан рухани-материалдық игеру тұрғысынан көркем де, заттық таңбалық тану амалы деп білеміз. Өйткені, фольклор қай жағынан алғанда да, өмірді этникалық, ұлттық идеялық пайымдау екені, әуелі, рулық, кейін келе, өз кезегімен тайпалық, халықтық көп сатылы, көп қатпарлы дүниетаным ауқымында алаш жұртының әр кезеңдегі өзін қоршаған ортаны, табиғатты, шындықты, материалды-рухани игіліктерді жеке этникалық топ, этнос тұрғысынан өз дәуіріне сай сол кезең перезенті ретінде тап басып түстей білуін, ұлт фольклоры өзінің әр дәуірдегі сілемінен сездіріп отырады. Әңгіме осыны ғылыми зерделілікпен түсіне білу, қоғам тарихының қай дәуірінде алаш фольклоры үшін басты мақсат, басты нысана не болғандығын ғылыми тұрғыдан объективті түрде айқындап алуда. Әр фольклор саласында қай функцияның (сейілдік, танымдық, идеологиялық, тәрбиелік, эстетикалық т.т.) маңызды болғанын дәуіріне сай айырып алу – ең бір өзекті де, толғақты мәселе. Жалпы, көп функциялық – фольклорға тән қас сипат.

XIXғ. соңына дейін математикалық фольклорда ықтималдық теориясына негізделген көне құмар ойыны дәртікем (төрт құмар) сейілдік функцияда үстем позицияға ие болып, «пақыр», «батыр», «оқшантай лақтырыс» сөз қолданыстары белгілі бір әлеуметтік ортада (құмарпаздар арасында) кәсіби лексикада (аргода) кең қолданыс тапса, Блэк-Джэк (жиырма бір) қазақ арасында дендеп ене бастағанда, яғни XX ғасыр басында 52 картаның комбинациялық орналасуындағы фигураларға қазақи атаулар: «Тұз», «Шал», «Мәтке», «Салдат» деп берілсе, ондағы ойын тәртібі мен ережесіне орай: «Бәңкі», «Көн», «Бәңкіші», «Шытыр»♣, «Қиық»♦, «Балта»♠, «Табан»♥, «Мәш» сөздері мен «Қызылайыр»♥, «Боп»♦, «Кіреш»♣, «Қарға»♠, «Тапан»♥, «Түйе»♠ диалектілерін тілдік айналымға енгізді.

Математикалық коммерциялық емес үстел ойындары «Үйірмек» (ережесі мен ойнау тәртібін «Семей таңының» 2002 жылғы 24 қазандағы санында жариялағанбыз), «Қамақ» XIXғ. соңында тек атауы ғана бізге жетіп, ережесі мен тәртібі мүлде ұмытылды.

Фольклорлық дәстүр аясында тәлім-тәрбие алған халық өкілі өз көңілін екі түрлі жолмен көтереді: 1) сауық; 2) ойын. Сауық – өнер фольклорына жатса, ойын – синкреттілігі басым математикалық фольклорға (ойынның бұған жатпайтын тегі бөлек түрлері де бар) тән. 

Математикалық фольклордың түп төркініне терең  бойлайтын болсақ, алғашқы қауым адамының ойлауындағы архетиптік логикалық математика элементтері сан магиясына негізделген ұғым-түсініктерді өмірге әкеліп, адам тағдырына тікелей әсер ететін сандық «психологиялық үрейді» (Францияда қала көшелері 13 санымен таңбаланбайды) тудырды. Мысалға, «Ер Төстік» ертегісіндегі 9 сырғаны қатар ілмеу этнографиялық көрінісі – анахандық дәуірдегі  (термин – М.Бұлұтайдікі) санның ерекше кәріне ұшырап қалмаудан қорқудың архетиптік «ұжымдық сана» көрінісін танытатын ситуациялық эпизод.

9 бен 41 саны математикалық фольклорға негізделген «тоғыз құмалақ» пен «құмалақ ашу» діни рәсімін дүниеге әкеліп, адамдардың 41 құмалақтың түсуіне орай өз тағдырын болжатуы күні бүгінге дейін жалғасып келеді, ал, оның түп төркінінде бағзытүркілік «санға сыйыну» дәстүрі жатқанын онша елей бермейміз.

Ғылыми өмірдегі бір қызғылықты әрі ерекше назар аударуды керек ететін факті академик Әлкей Марғұлан өз шәкірттерімен болған сұхбаттарының бірінде әйгілі грек ойшылы Пифогор өзінің «сандық философиясын» сақтардың мәдениетінен алғандығын айтып кеткен екен. Пифогордың – ғылыми әлем жеке ойшылдығына теліп жүрген «сандық философиясы» – өз төркінін сан магиясын өмірлік кредо етіп келген түркілерден шыққандығы айтпаса да белгілі болып тұр емес пе?  

Шығыс Қазақстандық ғалым Т.Зәкенұлы өзінің «Тянь-Шань тауының көне түрікше атауы» мақаласында, түгелтүрікшіл (термин – Қ.Шаяхметұлынікі) түрік жазушысы Фатих Атсыз өзінің романдарында Ғұндардың б.д.б. III ғасырларда Хуанхэ шалмасынан айырылуын бірі – ғылыми тұрғыдан, екіншісі – әдеби ауқымда сөз етеді. Қытайдың қан араластыру саясаты кесірінен қытайланған түркілер арасынан шыққан ойшыл Чжань-Шень (1167-1230) түркілік сан магиясын Азия топырағында қайта тірілтті. Оның Шу (сан) философиясында «сан әлемді билейді» деген тұжырым түйінделеді. Осының өзі түркі математикалық фольклорының ғаламдық философиялық ой дамуында өзінің әлемнің әр шалғайына қалай әсер еткендігінен хабар беріп тұрған жоқ па? Түркілік логикалық ойлауға негізделген шындық болмысқа деген сандық қатынас М.Әжі еңбектерінде сөз етілетін бір кездері орын алған түркі мәдени-рухани және әскери экспанциясының әсері математикалық сандардың табулық сипатына орай шаруашылық типі терімшілдік мәдениетке негізделген Үнді мен Қытайда жергілікті сипатқа ие болған санға негізделген құмар ойындарын өмірге әкеліп, олардың шығуына түрткі болған түркі сүйек ойыны «төрт құмар» ғылыми тұғыдан әдейілеп ескерілмесе де, үнді эпостарында жергілікті көсемдердің келімсек авантюрист түркілерден ұтылып, патшалықтарынан айырылғаны эпикалық ауқымда жырланады. Негізгі (оңқысы мен шоңқысын қоспағандағы) 35 түсісінің 12-сі ұтысқа негізделген «төрт құмар» асық ойыны математикалық этнографияда сарттар (ұйғыр, бұхар, самархан тәжіктері/, соғдылар, яғни, парсыланған түркілер/) асықтың (ешкі шүкімайтын) төрт жағын егеп ойынға қосса, қыпшақтар (қазақ, өзбек) егемей еліктің екі оңқай, екі солақай асығымен ойнаған деген деректер көне көз барымташы қарттар арқылы бізге жетіп отыр. Қазіргі еуропалық ойын тарихын зерттеушілердің арғы тегі қытайдан шықты деп жүрген сүйек ойынының алты қырлылығы асықтың алты түрлі жатысына(түсуіне) берілген:

1.Шік (шіге);

2.Бүк (пүк, бүге);

  1. Тәйкі (тәйке);
  2. Алшы (алшы);
  3. Шоңқа (шоңқы);
  4. Оңқа (оңқы) атауларының уақыт өте келе, еуропалықтар тарапынан санмен (нүкте) таңбаланған деп сеніммен айта аламыз. Г.Ян өзінің тарихи романдарында сақ жалдамалылары (М. Әжіше – федераттар) өз бойында екі нәрсені: тұмарға тігілген жусан мен асықты алып жүргенін суреттеп жазады. Асық санының прогрессиялық кері есептен 4-тен 1-ге дейін қысқаруы оның алты түрлі түсін ғана есепке алған сүйек ойынын дүниеге әкелді. Математикалық ойын бұл арада діни емес, сейілдік функция атқарып тұр. Осы орайда, Нарды – алып батырлар (нарттар) ойыны, яғни ілкі қаһармандар ойыны – түркі логикалық ойлауының екі қырын: діни және ғұрыптығын сездіретін жарқын мысал. Осы ойымызды одан әрі өрбітсек, логикалық таңбалау яғни ілкі (архетиптік) математикалық жүйеленген формулаға түсіру екі бағытта жүрген: сандық – сипаттық; сандық – белгілік. Сандық – сипаттық; қиял-ғажайып ертегілердегі – үш ағайынды, бес ағайынды, жеті ағайынды, тоғыз ағайынды жігіттер сюжеттік формуласын; хайуанаттар туралы ертегілердегі – қоян – қорқақ; аю – ебедейсіз; түлкі – қу; қасқыр – ашкөз т.т. сандық сипаттық логикалық формуладан (өмірлік тәжірибе негізінде мидың түрлі математикалық операциялар жасап, көз жеткізілген – сөз өнеріндегі дәстүрлі аллегориялық символға ауысты. Сандық-белгілік діни ғұрыптық сипаттағы 12 мүшелдік жыл санауға, ру таңбаларындағы геометриялық пішінділікке: шармақ (кірес), үш бұрыш, дөңгелек т.т); төрт түлік, жылдың төрт мезгілі сипатына т.б. этникалық ерекшелігіміздің математикалық негізде қалыптасуына түрткі болды.

Адам өмірі үшін сөз қандай орын алса, сан да одан бірде-бір кем түспейтін орын алады. Тап осы сипат фольклорда өзіне тән функциясын көзге көрсетіп те, көрсетпей де атқарып келеді. Санның ұлт өміріндегі орнын тек діни  наным-сенімдегі логикалық ойлаумен шектеп қою асылық. Адамзат уақыт пен кеңістікті рухани игеруін 3 санымен байланыстырып: кеше – бүгін – ертең уақыт өлшемімен немесе жоғарғы әлем – ортаңғы әлем – төменгі әлем кеңістік өлшем бірлігімен пайымдау арқылы жүзеге асырған. Академик С.А.Қасқабасов бақсының асатаяғы әлемнің үш сипатының математикалық моделденуі деген тамаша ой айтады.

Қазақ батырының дәстүрлі математикалық канонданған өзгертуге келмейтін қару-жарағының саны ылғида бесеу: кесу – қылыш; түйреу – найза; соғу – шоқпар; шабу – айбалта; ату – садақ. Батырдың бес қаруы осыдан не артық, не кем болмауы ұлттық ойлаудағы сан киелілігін өзінен-өзі аңғартып тұр.

Амаляттық тәжірибеге негізделген астрономиялық білімнен туындаған киіз үй құрылымындағы уақыт өлшемі – түндігі түрілген шаңырақтың, ең жоғарғы нүктесінің, әр уығына күн сәулесінің түсуі – күн сағат қызметін көшпелі қазақ үшін атқарып келген.Сонымен бірге малдың белгілі бір уақыт ішінде жер шалуы, сауылуы т.т. уақыт өлшем бірлігінің, ұзындық өлшем бірлігінің т.т. қызметін атқарған. Бұдан басқа ұлттық математикалық ұғым-түсініктер жеті қазына т.т. болып жетіп артылады. Айта берсек, қазақ мифтік (мифті-поэтикалық) түсінігін математикалық фольклорсыз көзге елестету еш мүмкін емес.

Осы бір сандық (3,5,7 т.т.) ұғымдардағы көшпелі (агро) мәдениетке, өркениетке сай ұлттық идеология функциясы математикалық аспектіде тоғыстырылып, әр қазақтың санасына, жадысына сөзбен емес, санмен, сандық кодпен, сандық формула-символмен мәңгіге «ұжымдық санасыздықпен» сіңірілген. Сөз оның сыртқы қабаты болса, сандық магия, яғни сан киесі оның ішкі қасиеті. Күн райын болжау, балаға, атқа  сын айтуда ықтималдық теориясы үнемі есепке алынып отыруының өзі этнос тіршілігінде математикалық фольклордың, сөз өнерінен әсте кем түспейтін рөл атқаратынын үнемі еске салып отырады. Мысалы, құмалақ ашуға сенуден шыққан этно тіресімдер «тышқан боққа да қарайды», «болар бала боғынан» т.т. тегінен тегін шыққан тіркесімдер емес.

Сөз бен санда өзара байланыстағы ерек магиялық магиялық қасиет барлығына сену –  олардың архетиптік сана-сезім қалыптастыруда – бағзы қазақ үшін қандай болғанын күні бүгінгі сөз қолданысымыздан беймарал аңғарамыз. Мысалға, «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Ер кезек үшке», «Ноқталы басқа – бір өлім», «Жұт жеті ағайынды» т. б.  Қазақ қоғамындағы қазан төңкерісіне дейінгі үш әлеуметтік топқа жіктелуі: төре, қожа, қара қазақ – үш жүз – сол магиялық сананың мемлекеттікті, этносты қалыптастырудағы көрінісі. Қазақ фольклорын математика ұғымынсыз түсінем деу мүлде мүмкін емес. 

Фольклордың танымдық, тәрбиелік  функциялары – математикалық фольклорда бірінші кезекте тұрады. Оны Қ . Нұрсұлтанов, Е . Сағындықов т. б. «қара есеп» деген терминмен атап жүр. «Қара есепті» ауызша қара сөз үлгісімен таралуына, айтылуына, авторсыздығына орай қазақ халық прозасының ерекше түрі деп атауға немесе балалар фольклорына қатысты практикалық (амаляттық) – математикалық білім беру мақсатында ересектер тарапынан туындаған педагогикалық жанрға жатқызуға келетін сияқты. 

Математикалық фольклорды термин ретінде ғылыми қолданысқа енгізген болгар ғалымдары: И. Ганчев, К. Чемев, Й. Стояновтар болды. Аталған зерттеушілер өз халқының 257-ге тарта сөз жұмбағын жинап, оған фольклорлық есептер деген атау береді.

Қазақтың қара есептері миф сияқты фольклор жинаушыларыдың  тарапынан дер кезінде жиналмай көпке дейін ескерусіз келді. Оның себебін болгар ғалымдары фольклор жинаушылардың математикалық сауатсыздығынан деп таниды.

Біз қазақ  қара есептерінің ұлт фольклорындағы пайда болу кезеңдерін алаш жұрты жеке этнос болып қалыптасқанынан кейінгі аралықта: жаппай математикалық сауаттылыққа дейін және жаппай математикалық сауаттылықтан кейін шыққан қара есептер деп шартты түрде екіге бөліп топтастырғанды жөн көрдік. Бұдан да сәтті топтастыруды кейінгі зерттеушілер таба жатар.

Еліміз егемендік алғанан кейін математикалық фольклорға қатысты зерттеу мақалалар  белді басылымдарда ара-кідік бой көрсетіп, халықтың қара есептері бастауыш сыныпқа арнап математикадан оқулық жазған авторлар тарапынан арифметикалық төрт амалға орай орынды пайдаланылып, шәкірттерге этнопедагогикалық  тәлім-тәрбие беруде игі іс атқарып келеді.

 

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар,

салыстырмалы әдебиеттанушы.

ШҚО Бородулиха ауданы Новопокровка ауылы

 

Пікірлер