Жылқы десе жүгенін ала жүгіретін қазақ қазір ер-тұрманның қайда қалғанын да ұмытты

5515
Adyrna.kz Telegram

Бір кездері ойшыл ба­ба­мыз Ғұмар Қараш: «Мал бағу үшін кең-байтақ жер ке­­рек», – де­ген екен. Аллаға шү­кір, Алтайдан Атырауға дейін ұшы-қиырсыз сайын дала со­зылып жатыр. Бірақ сол даланы төрт түлікке тол­ты­рып, үріп ішіп, шайқап тө­гіп, рахатын көріп отырған қа­­зақтың саны аз. Сиыр мен қойды былай қояйық, тұл­пар­ды таңдап, сәйгүлікті сәндеп мінген қазақ қазір жылқы десе жүгенін ала жүгірмейтін халде. Ала жүгірмек түгіл, ер-тұр­ма­ны­ның қайда қалғанын да ұмыт­ты.
Ал өзіміз өркениетті деп ат қойып, ай­­дар тағып алған батыс елдерінде жыл­қыға құр­мет ерекше. Мысалы, ұл­тарақтай жерге зәру Қытайдың өзінде 11 млн жылқы бар. АҚШ-та 13 млн жыл­қы жайылыста жүр. Қазақ­стан­да қан­ша дейсіз ғой? Шамамен 1 млн 300 мыңдай ғана. Бұл ат үстінен түс­пе­­ген көшпенділердің, қала берді, ке­ше­­гі «ере­уіл атқа ер салып, ерлердің ісін бі­тір­ген» Махамбет пен Исатайдай ба­һа­дүр­лердің бүгінгі ұрпағына үлкен сын. Жылқы бол­­мағасын, қазы-қар­та­ны кертіп жеп, қы­мыз­ға қызара бөр­те­тін күндер ертегі секілді.

Қазақстандағы 1 миллионнан сәл аса­­тын жылқының 120 мыңы Батыс Қа­зақстан об­лысының үлесіне тиеді. Жалпы, «елімізде өзге түліктің өсуіне зиян келтірмей, жылқы са­нын 15 мил­лионға дейін, соның ішінде Жа­­йық өңірінде 800 мыңға дейін көбейтуге бо­­ла­ды» деп отыр мамандар. Әрине, за­­ма­на көшіне ілесу үшін жаңа тех­но­ло­гия­ларды да пайдаланған дұрыс. Құ­рығын сүйретіп, күні-түні жылқы со­ңында жүретін, биені қол­мен са­уатын бейнеті мол тірліктен құт­қа­ра­тын тәсілдер бар қазір. Шетелде кең қол­данылатын солардың бірнешеуіне тоқ­талайық. Біріншісі – жылқышыға ар­­нал­ған жылжымалы вагон үй. Жаз­да салқын­дат­қыш, қыста жылытатын құ­рылғы, тамақ пі­сіретін, жатын орын­дары таза әрі ың­ғайлы. Бұл үйдің ерек­шелігі – жылдың төрт мез­гілінде жайылған малдың соңынан еріп жү­реді. Екіншісі – бір мезгілде 120 биені са­уатын, көшіп жүруге ыңғайлы жи­нал­ма­лы қондырғы. Мұның айыр­ма­шы­лығы – бар­лық малдәрігерлік және зо­о­тех­ни­калық талаптарды сақтауға қолайлы.

Батыстан біз үйренетін тағы бір тә­сіл – электромалшы деп аталады. Мұ­ның ерек­ше­­лігі – 15-20 гектар жер­ді сыммен қор­шап, оған 12 вольттық аккумуляторды қо­­­­­сып қояды. Осы қоршаудың ішіндегі мал өз еркімен ешқайда кете алмайды. Өйткені кер­неуі төмен тоқ малды өлтірмейді.

Тоқ өт­кізілген сымға денесі жанасқан мал тітір­кеніп, үркіп, кері қайтады. Осы­лайша, бір ға­на малшы бірнеше мыңдаған малды ба­қы­лап отыра алады. Бұл – жа­йылыс ал­қабын тиімді пайдаланудың озық үлгісі. Тек жаз айының өзінде жайылысты бес ай­мақ­қа бөліп, бес-алты күн сайын ауыс­ты­рып отырса, 20-25 күннен кейін бі­рін­ші орынға айналып келгенде сол ал­қап­тың шө­бі қайта шығып, күн сәулесінің күші ар­­қа­сында жұқ­палы ауру қоздыр­ғыш­та­ры­нан да та­за­рып тұрмақ. «Осылайша, жыл он екі ай жа­йы­лыс алқаптарын тиімді пай­да­лану ар­қылы жұқ­палы аурулардың ал­дын алып, кез кел­ген бә­секеге төтеп бере ала­тын эколо­гия­лық та­за тағам өндіре ала­мыз», – дейді са­рап­шы­­лар. Дамыған ел­дер­де мұның сыр­тын­да өнім­ді  қалдықсыз өн­діру тех­но­ло­гиясына сәй­­кес, мал шаруа­шы­­лы­ғы­на ың­ғай­лы, ша­ғын жүн, тері, сү­йек өң­дей­тін құ­­рылғы­лар­ды қоса жасап бе­реді. Жемшөп дайын­дай­тын тех­ни­ка­ларын да 10-15 жыл­ға лизингіге ұсынады. Есе­сіне, эко­ло­гия­­лық таза өнімді осы өн­діріс орын­да­ры­нан алып отырады.

Өкінішке қарай, бабасынан мал баққан қазақ әзірге мол пайданың дәмін сезер емес. Қазақстанда мал жайылатын алқап­тың 45 пайызы істен шыққан. Оның себебі – Кеңес өкі­меті кезінде орасан зор жа­йы­лымдар еш­бір ғылыми сараптамасыз жыр­тылып, егіс ал­қаптарына айналды.

Дәл осыған ұқсас жағдай 1970 жыл­дары Канадада болған екен. Ондағы жыр­тылған жерлер жел эрозиясына ұшырап, құ­нарсызданған. Кейін тек көпжылдық ек­пе шөптердің арқасында ғана жайылыс қал­­пына келтіріліпті. Үйірлі жылқы шар­уа­шы­лығын дамытқымыз келсе, біз де тез­детіп осы тәжірибені енгізуіміз қажет-ақ.

Рас, бұл бағытта алғашқы талпыныстар жоқ емес. Батысқазақстандық ғалым-ат­бе­гі Алтай Зейнуллин – Қазақстанда үйірлі жыл­қы шаруашылығының жаңа техно­ло­гия­сын қолданысқа енгізуді ұдайы қозғап жүр­ген санаулы мамандардың бірі. Ресей­дің Рязань қаласындағы әйгілі Бүкіл­одақ­тық жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тамамдаған ғалым дәл осы салада табан аудармастан 34 жыл еңбек етіп келеді.

Алтай ЗЕЙНУЛЛИН, ғалым-атбегі:

– Алдымен айтарым, жылқы жыл он екі ай бойы басқа үй жануарлары бара ал­майтын жайылыс алқаптарына ба­рып жайыла алады. Яғни тұяғы мықты тү­лік. Оны қуаңшылық немесе қатты қыс болғанда 600-700 шақырымға де­й­ін айдап әкетіп, басын аман сақтауға бо­лады. Қыс айларында жылқыға су іше­­­тін құдық, ықтайтын қора керек емес. Сосын үйірлі жылқы шаруа­шы­лы­­ғын дамыту арқылы жайылыс алқап­та­рындағы шипалы өсімдіктердің жо­йы­лып кетпеуін қамтамасыз етеміз. Бас­­­қаша айтқанда, жылқы жайылған кез­­де сол алқаптағы өсімдіктен түскен дән­ді таптап, топырақ қабатына ен­гі­зе­ді. Мал жайылған жерде сәйкесінше ты­ңайтқыш болатыны да түсінікті. Үшін­ші­ден, жайылыс алқабы жақсы сақ­тал­са, сол даланы мекендеген жабайы жан­уарлар мен құстар да жойылмайды. Төр­тіншіден, халықты табиғи өнім – қы­мыз­бен қамту арқылы 80 түрлі аурудың алдын алуға және емдеуге мүмкіндігіміз бар. Осылайша, ұлттық медицинаны жаң­ғыртып, шетелдерден келетін та­ғам­дар мен дәрі-дәрмекке жұмса­ла­тын миллиардтаған қаржыны үнемдей ала­мыз. Бесіншіден, тұрғындар тұрақты жұ­мыспен қамтылады. Мәселен, бір ғана қымыз фермасының өзіне 25 адам керек. Ұлттық ат спортын дамытуға – 20 адам, атпен саяхат ұйымдастыруға – 12 адам, қымызбен емдейтін шипа­жай­лар­ға 18 адамды жұмысқа тартуға бо­ла­ды.  Дана халқымыз «жылқы – төрт тү­ліктің патшасы» деп тегін айтпаған ғой. Осы айтқандарымыз жүзеге асса, біз өндіріске мал шаруашылығының қал­дықсыз технологиясын нақты ен­гі­зе­міз. Яғни ет пен сүттен басқа тері, жүн, сүйек өңдейтін және халал стан­дар­тымен мал сою цехтарын ашып, та­ғы да 40 адамды тұрақты жұмыспен қам­ти аламыз. Бұл дегеніңіз – қазақтың ұлт­тық бренді болып есептелетін – жыл­қы шаруашылығын жоғары дең­гейге көтеру деген сөз.

Ғалымдардың есептеуінше, үйірлі жылқы шаруашылығы технологиясы дұрыс жолға қойылса, оған жұмсалатын шығын түліктің басқа түрлерімен салыстырғанда ана­ғұрлым аз екен. Мысалы, шошқа ша­руа­­шылығынан – 18-20 есе, ірі-қара шар­уа­шы­лығынан – 12-13 есе, қой шаруа­шы­лы­ғынан – 4,5-5 есе, құс шаруашылығынан 2,5-3 есе экономикалық жағынан тиімді. Осы­лардың бәрі жүзеге асқанда біздің ұта­рымыз не? Алдымен ауылдың және да­ланың экологиялық ахуалын түзетеміз. Одан бөлек, бүкіл әлемдік стандарт бә­се­ке­сіне төтеп беретін экологиялық таза та­ғам­дар мен өндіріске қажетті шикізаттарды өн­діре аламыз. Сондай-ақ өнімдерімізді экспортқа шығара аламыз.

Ол үшін Алтай Зейнуллин уақыт оз­дырмай, «Қамбар ата» қауымдастығын құ­руды ұсынып отыр. Ондағы мақсат – ба­тыс өңіріне бейімделген қазақтың жабы, кө­шім, мұғалжар, адай тұқымды жыл­қы­ла­рының генефондын сақтау және асыл­дан­дыру жүйесін жолға қою. Сосын жылқы шаруашылығына қажетті мамандар даярлайтын мектеп ашу керек. Себебі бүкіл еліміз бойынша жылқы мен түйе шаруа­шы­лығына, ұлттық ат спортына, атпен сая­хаттау мамандығына оқытатын бірде-бір оқу орны жоқ. «Бұл – ұлтымыз үшін үлкен сын» дейді белгілі атбегі.

– Жуырда осы мәселе бойынша облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болдым. Әкім өз кезегінде осы жобаны қол­дайтынын, сол үшін Жәңгір хан атын­дағы БҚАТУ жанынан жоғарыда айтылған ма­мандар даярлайтын мектеп ашуға кө­мектесетінін айтты. Бұл бағыттағы нақты қа­дамдарды жасау үшін бизнес-жос­па­рымды «Инновациялық технологияларды ен­гізу және инвестиция тарту» орталығына та­быстадым. Бұл – бір күннің аясындағы емес, ұзақмерзімді бағдарлама. Сондай-ақ іскер азаматтардың арасынан да осы жо­баны қолдайтындар табылуда. Мысалы, Орал­дағы кірпіш зауытының директоры Мұ­хамбетжан Кенжеғұлов өзіміз белгілеген жер­лерден қымыз, шұбатпен емдейтін ши­па­жай салып беруге белсенділік танытып отыр. Тіпті шипажайлардың құрылыс жо­ба­ларын жасауға кірісіп те кетті, – дейді Алтай Зейнуллин.

Қалай десек те, жылқы – қазақтың төл тү­лігі. Олай болса, төл түлікке өгей көз­қа­рас­тан арылып, ұлттық байлығымызды ала­қанға салып аялар күн  тезірек туса екен.


Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал, «Алаш айнасы».

Пікірлер