Биыл Жамбылда 201 маман ауылға жұмысқа орналасты

2750
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде ауылды жерлерге мұғалімдер барып, жұмыс істегесі келмейді. Өйткені жастар ешқандай жағдай жасалмаған шалғайдағы ауылдан қарағанда қалада тұрғанды қош көреді. Осы мәселені шешу үшін Үкімет «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асырған болатын.

Жамбыл облысында осы жылдың басынан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 201 маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасып, өз орнын тапты. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, бағдарламаның пайдасы зор. Сондай-ақ бағдарламамен ауылға барғандардың басым көпшілігі білім және денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүргенін тілге тиек етті. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік жобаға қатысушыларының 121-і білім, 55-і денсаулық сақтау, 30-ы ауыл шаруашылығы және 5 маман мәдениет пен спорт саласына тартылған.

«Жалпы жоба жоба басталғалы бері облыста 1700-дей маман ауылдарға барған. Алайда өңірде мұғалімдер мен дәрігерлер әлі де тапшы. Әсіресе Қордай, Шу, Байзақ және Жамбыл аудандарында бұл мәселе өткір сезіліп отыр. Жалпы биыл 256 жас маманға жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Тағы 277 адам ауылды елді мекендерде жұмыс істеуге өтініш берген. Сондай-ақ облысымызда бүгінгі күні 227 маманға тағы да мамандардың тарапынан қажеттілік келіп түсті. Ол 1 миллиардқа жуық несие алу бойынша. Енді бізде бөлінетін 5,2 миллиард теңге көлеміне облыстың қажеттілігіне ұсыныс жасадық. Нақтылау барысында бұл қаржыдан өзіміздің үлесімізді алатын боламыз. Алайда, бағдарламада нақты осындай мамандыққа басымдық берілсін деген нұсқама жоқ. Кезек бойынша мамандар елді мекенге келіп өзінің өтінімін береді. Сол кезекке сәйкес оның өтінімі қарастырылады. Бұл мәселе депутаттармен де қарастырылуда. Әр өңірде қандай маманға тапшылық бар, сол бойынша басымдықты сол мамандыққа беру туралы. Бірақ бұл өзгеріс әлі жобаға енгізілген жоқ», –  деді Гүлдана Жауынбекова.

Айта кету керек, биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен екі бағыт бойынша берілетін әлеуметтік көмек көлемі артты. Бұрын көтерме жәрдемақы 176 мың теңге болса, енді 252 мың теңгеге көтерілді. Ал 0,01 пайызбен берілетін бюджеттік несие 1500 айлықтық есептік көрсеткішке көбейген.

 «АДЫРНА»

 ұлттық порталы

Пікірлер