Қыран бүркіт неге азайып барады?

4014
Adyrna.kz Telegram

Көгімізде қалықтаған бүркіт біздің қазаққа ежелден етене құстардың біріне айналған. Көне заманнан саятшылық өнерді жанына серік еткен бабалар оны бағалай білді. Айналаны ақ ұлпа қар жамылған уақытты қазекем қансонар дейді. Дәл осы шақта жүгірген аңға бүркіт салу адамға ерекше әсер етері даусыз. Дейміз-ау… Осындай көңілге көрікті ойды қонақ етер көріністің қазір өткен шаққа айналғаны өкінішті-ақ. Бүгінде саятшылық өнерді шағын ғана топ жанына серік етіп жүр. Қалған қандас бауырлар арасында оның не екенін білмейтіні де кездеседі. Одан қалды, бүркіт құсының еліміздің «Қызыл кітабына» енгенін біреу біліп, біреу білмес. Қалай десек те, оның саны азайып бара жатқаны белгілі болып тұр. Біздің халықтың жанына жақын қасиетті құстың осылайша адамдар тарапынан аялы алақан, жылы пейіл және тиісті қамқорлық күтіп жүргенін ешкім де қаперге алып жүрген жоқ секілді.

Қазақ даласының қай қиырынан да кез­десетін бүркіт кезінде еліміздің батыс өңірінде, Сыр бойында, Алатау және Алтай тауларының бөк­терінде көзге ұшы­расқан. Қазір ше? Кейде аспан астынан бірді-екілі бүркітті көре қалған жағ­дайда жанымыз жадырап сала береді. Алайда олардың саны бұрынғыдай емес, бір­неше есеге кеміп кеткен секілді. Құстар әлемінің қыр-сырына қанық орнитолог ғалым­дардың өзі туған топырақтағы бүркіт құсының саны қан­ша екенін шотқа қағып айта алмайды. Олар­дың болжа­мын­ша, оның саны бірнеше жүзден ас­пайды. Осының өзі біздің оған деген сел­қос көзқарасымызды айғақ етеді.

Бүркіттер саны неге азайып кетті? Оған енді-енді ғана жауап іздей бастадық. Кезінде бұл мәселеге ешкім назар сала қоймады. Жа­нына жақын саятшылық өнерді қазекем 90-жылдарға дейін де жоғалта қойған жоқ. Бір қы­зығы, ұлттық ұғымға қайшы келетін талай әрекет жасаған Кеңес Одағының шенді-шек­пенділері оған тоқтау салмады. Сол кездің өзінде бүркітті қолға үйретіп, құс салуға құ­лық­ты болған жан­дар аз кездеспеді. Дегенмен осы бір кезеңдерде бүркіттің санын сақтауға еш­қандай мән бе­ріл­меген. Оны заңсыз ау­лау­шылар көбейіп кетті. Бәлкім, олар киелі құсты шетел асырып, қыруар қаржы тапқан шығар. Әйтеуір, табиғаттың құнды дүниесіне көз жұма қарау жағдайы орын алды. Одан қалды, қолда өсіру үшін ұядан ба­ла­пандарды алу көбейіп кетті.

Бұл да бүркіттің есепсіз кемуіне аз әсер еткен жоқ. Далаға тастал­ған уланған жем­дер де олардың қырылып қа­луына алып кел­ді. Сон­дай-ақ, олай-бұлай тар­тыл­ған электр сым­дарына шырмалып, талай бүр­кіт құрбан бол­ды. Бұдан басқа да себебі жоқ емес. Өкінішке қарай, сол кезде бұл жағдай ешбір пендені елең еткізбеді. Қазір де са­нау­лы ғана адамдар болмаса, бүркітті қор­ғауға алу жөнінде мәселе көтеріп жүрген жан­дардың саны кем.

Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:

– Осыдан 40-50 жыл бұрын қазақ да­ла­сының кез келген бөлігінен атал­мыш құсты жиі кездестіретін едік. Оны біздің Сыр өлкесінен де талай мәрте көзіміз шалған. Табиғат тылсымын те­рең түсін­ген кісілер оған көздің қара­шы­ғындай қа­рап, олардың жөнсіз аулан­бауын қатаң қадағалайтын. Өкі­ніш­тісі, мұндай көзқарас соңғы 25-30 жыл­да мүлдем еске­рілмей келді. Мәсе­лен, қазіргі күні «Қызыл кітапқа» енгі­зілген аң мен құс­тар­дың азайып кетуіне осындай жайлар әсер етті емес пе? Бүркіт те сондай сал­қын көзқарастың сал­дарынан есепсіз азайып кетті. Біздің өңірде кезінде атағы шыққан көптеген құсбегілер болған. Қазір оларды емге іздесең де таппайсың. Қазақылық қаймағы бұзылмаған өңірде саят­шы­лық өнердің өзі де аяқ­асты болып қал­ды. Жалпы, бұл өнер тек құсты аңға салу­мен шектелмейді ғой. Сол арқылы бүр­кітті қалай баптау керек, оларды қалай сақтау керек деген мә­селелер өз шешімін тауып жататын.

Рас, қазекем саятшылықты да ұмыт қал­дырып барады. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылында Жалайыр Шора мектебі жұмыс жасайды. Онда жас бүркітшілер мектебі тұсауын кескен. Ал еліміздің қалған аймақтарында бір-екілі құсбегілер бар. Олардың өзі жасы келіп қалған адамдар. Жалпы, кез келген адам құсбегі бола алмайды. Оның да үй­ре­нетін тұстары аз емес. Осының сал­да­рынан бүгінгі ұрпақ ата-бабаның ежелгі кезеңнен бергі жан серігіне айналған саят өнерін ұмыта бастады.

Тарихи деректерде Жошы ханның 3 мың­­нан астам бүркітшісі болғаны айты­лады. Түркі тілдес халықтардың барлығы дер­лік айналысқан саятшылық осылайша қазіргі күні көзден ғайып болып барады десек те болады. Әрбір халықтың болмыс-бітімі ұлттық ұстынынан айқындалады. Біздің әлі күнге дейін түп-тамырымыз са­нал­ған қаншама құндылыққа көңіл бөл­мей жүргеніміз ойға қалдырады.

Тегеуріні мықты бүркіт секілді талай жыртқыш құстар қазақ даласының мәні де, сәні де емес пе еді?..


Әділжан Үмбет, Қызылорда облысы, «Алаш айнасы».

Пікірлер