Аңшылық ұмыт қалды, амал бар ма, Қансонарда джиппенен шығады аңға…

3268
Adyrna.kz Telegram

Ит жүгіртіп, құс салған Алаш баласы бүгінде ата-бабадан еншілеп алған аңшылық дәстүрінен ажырап қалғандай. Cебебі қазіргі таңда  қыл құйрықты Қамбар атаның түлігін ерттеп мініп, тазы итін ертіп, қолына қыран қондырған қайырымды аңшыны шырақ алып іздесең де таба алмайтын деңгейге жеттік. Есесіне, «заманауи аңшылар» қатары көбейіп келеді бұл күні.Жалпы, аңшылық дәстүрі адамзат баласы пайда болған сонау ғасырлар қойнауында-ақ пайда болғаны рас. Қазақ халқы сақтар мен ғұндар кезеңінен-ақ аң аулаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Мыңдаған жылдар бойы тұтас бір ұрпақтың кәсібі мен нәсібіне айналған ұлы бабалар мұрасының бүгінгі таңда жайы қалай? Ата салтымыздың нағыз қаймағы болып табылатын дала дәстүрінің қайнар көзі жойылып кетпей ме?

Аңшылық дәстүрін зерттеушілердің пікі­рін­ше, кейінгі кезде нағыз майталман, кәсіп­қой аңшылар қатары сирей түскен. Яғни елі­міздің қай қырындағы аңшылар мен бүр­кіт­шілерді алмасақ та, жас шамасы елу мен алпысты алқымдап қалған ағалар. Олар­дың тіпті, жетпістің желкесіне шықса да бо­сағасында тазысы мен бүркіті, төрінде шиті мылтығы ілулі тұрады.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазір еліміз бойынша кәсіби құсбегілердің қатары 100-ге жетеді. Сондай-ақ Алматы облысының Ең­­бекшіқазақ ауданындағы ұлттық спорт мек­тебінің жанында құсбегілердің бөлімі ашыл­ған. Мұндай бөлімше Қарағанды облы­сын­дағы «Саят» ұлттық спорт мектебін­де де жұмыс істейді.

Бурыл сақалды қарттар жылдар бойы жи­нақталған мол тәжірибесі мен көрген-біл­гендерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге асық. Бірақ соны үйренгісі келген жастар қатары көп емес.

Базарбек АҚСАҚАЛ, бүркітші:

– Ата-бабаларымыздан бастап қанымызға сіңген бұл әдет яғни түзде тазы жүгіртіп, құс салуды әлі де тастаған емеспін. Маң далада осынау сұлу таби­ғаттың нағыз қызығына батып, аң аула­ған кездегі құмарлығымды ешнәрсеге де айырбастай алмаймын. Алайда, ме­нің бар қорқатыным, сан мыңдаған жыл­дар бойы бабамыздан қалған игі дәстүр бізден кейін мүлде ұмыт болып қалып қоя ма деген қаупім бар. Өйткені қазір осы көкше өлкесінде ескі дәстүрде аң аулайтын тек мен ғана.

Ескі дәстүр демекші, қазіргі кезде аң­шы­лық жаңаша сипат алғанға ұқсайды. Өйт­кені қазіргілер аңды дәстүрлі атпен емес, қысы-жазы жол талғамайтын джип­пен аулайтын болған. Және олардың қол­дарында қосауыз емес, винтовка, авто­матқа ауыстырған. Мұздай қару­лан­ған бұл аңшылар тек терісі мен мүйізі ба­ғалы аңдарды ғана аулайды. Яғни онсыз да Қызыл кітаптың бетін қалыңдатқан аңдар­дың санын одан сайын азайтуда.

 Арқа төсінің еркесі саналатын еліктер де осы бір қырып-жоюдан азайып кеткен. Ақмола облысы ішкі істер Департаменті берген мәліметтерге қарағанда былтырғы жылы 4 ірі көлемдегі браконьерлік қыл­мыс тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында жеті мәрте заңсыз аң аулау фактісі орын алғаны белгілі болып отыр. Табиғатқа келтірілген шығын көлемі – 2 миллион теңге. Бір айта кетерлігі, ондаған еліктер мен борсықтарды, қабандар мен бөкендерді көліктеріне тиеген қандықол қылмыскерлердің көпшілігі ірі лауазым иелері, мемлекеттік қызметкерлер болып шыққан. Заңның өзін белден басқан бұл «ағайлар» жазадан оңай құтылып кете береді екен.

Гүлнар ПИНЧУК, Ақмола облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:

– Аңшылық дәстүрінің қазіргі түрі табиғатымызға шынымен де қауіп төн­діріп отырған жайы бар. Браконь­ерлер­дің қатары күн санап артып бара­ды. Мүйізі мен еті үшін шалғай ауылдар­дың өзінде қорғансыз аңдардың орны тол­мас­тай болып жойылып жатқандығы осы­ның айқын дәлелі. Заң арқылы қан­ша тыйым салсақ та, мәселенің шешімін табар күнге жете алар емеспіз.

Ақмола облыстық аумақтық инспек­циясының мәліметтеріне назар аударсақ, аңшылықтың «жаңа түрі» аңдарды мүлдем құртуда. Яғни соңғы он жылда Ақмола об­лысындағы Қызыл кітапқа енген аң­дар саны 30 пайызға қысқарған. Кейбір рес­ми ақпарат көздері көлікті қойып, тік­ұшақпен аң аулайтын «заманауи» аңшы­лар заң органдарын да шылбырына ілес­тірмейтінін айтуда. Бұл «көкелердің» кім­дер екені әрине жасырын түрде қала бермек.

Жыл сайын өткізілетін саятшылық пен бүркітшілердің сайысы ескі салтты қайта жаңғыртып ұлттық брэндіміздің қанатын кеңге жаюына сеп бола ала ма? Бұл орайда аңшылықтың, шын мәнінде, қазақтың төл өнері екендігін айтар кез жеткен сияқты. Әлемде жаһандану дәуірі жүріп тұрған бүгінгі таңда ұлтымызды өзге елдердің ұлықтауы үшін тек бабалардан қалған ұлы мұ­раларды – брэнд ету қажет. Ол үшін қайт­пек керек? Ол үшін, бәлкім, тиісті заң­дарды қайта қарап, аңшылықтың бүгінгі­сіндей емес, ескі дәстүрлерін қайта жолға қою керек шығар. Бәлкім, республика­мыз­дың әр аймағында аңшылық дәстүрін оқытатын мектептер ашу керек шығар?

Қалай десек те, қанға біткен құмарлық бұл өнердің осы бір игі дәстүрі басқа бір мемлекеттің меншігіне айналып кетпесіне кім кепіл? Біз джипке отырып алып, аң аулап жүргенімізде салтымыздың патентін басқа ел қағып алып, жол ортада аузы­мызды ашып қалмасақ болғаны?!


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау, «Алаш айнасы».

 

Пікірлер