«Қасымның әні – ғасырдың әні…»

3097
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың жазба поэзиясында ұлттық музыка өнеріне алғаш болып жаңаша форма әкеліп, тыңнан түрен түргендер дегенде, алдымен ойымызға Абай оралады. Одан кейін аузымызға Сәкен мен Мағжанды аламыз. Дауылпаз ақын Қасым есімі де жоғарыда атап өткен игі дәстүрді жаңа биікке көтеруші, жалғастырушы ретінде осы санаттан табылады. «Өзім туралы», «Дариға сол қыз», «Туған жердей» құнары мол әндері сөзімізге дәлел. Осы орайда «Қасымның әндері-ай!» деген үлкен жобаны қолға алып, Қасым мұрасын қайта тірілтіп жүрген дәстүрлі әнші Гүлбаршын Тергеубековамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы», «Дариға сол қыз» сынды бірді-екілі әнін білмесе, жалпы бір кешке арқау бо­­ларлық музыкалық мұрасы бар екенін көпшілік қауым біле бермейтін. Бі­рақ, сіздің бастамаңызбен көктем­де өткен «Қасымның әндері-ай!» ат­ты концерт, шыны керек, тыңдар­ман үшін жаңалық болды…
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Оныңыз рас. Қасым атамыздың ән­дерінің халық құлағына жеткенінен жетпегені көбірек. Ол ақын сазының көпшілік көңілінен шықпағаны емес, насихатталуының, құнтталуының жоқ­тығында. Мәселен, белгілі композитор Әбілахат Еспаев екеуінің шығарма­шы­лық тандемінен туған «Ақ сәулем» дей­тін керемет әні әншілердің репертуарынан әлі күнге дейін түспей келеді. Бірақ, соған қарамастан, тыңдарман тұрмақ, орындаушылардың кейбірі сөзін Қа­сым Аманжоловтың жазған­дығынан бейхабар екендігін естіп, көңілім құлазыды. Ән авторы ре­тінде сазгер есімі аталады да, ақын аты сырт қа­лып қояды. Қасым атамыздың ел аузында айтылмай келе жатқан мұндай әндері өте көп. Осының барлығын жинас­тырып, халық назарына ұсынып, Қасым Аманжолов есімін қайта жаңғыртқымыз келді. Жалпы ақынның рухы өршіл, мі­незі өткір келгенімен, әндеріндегі иірім нәзік лиризм мен терең толғанысқа құ­рылған. Қасым әндері кейде маған ақын­ның жүрек түкпіріне тұнған жан дертін, қайғы-қасіреті мен арыз-арманын ға­ламат бір отты, қуатты, бірақ соншалықты сыршыл да нәзік сезіммен ән ноталарына әкеліп жанартаудай жарып жібергендей көрінеді. Кейде өлең өзегіне сыймаған кеудесіндегі теңіз-толқынысты, «дауыл сырды» поэзия құдіреті жетпегендіктен де, ән арқылы жеткізді ме екен деп ойлаймын. Қасым әндерін естігенде өз басым осындай бір ғажайып сезім тол­қынысына түсемін.
- Жалпы басқа-басқа, Қасымның жыр емес, ән кешін ұйымдастыру идеясы қалай туды? Таудай дүниенің соңын қылдай қылып аламын деген қорқыныш сізде болмады ма?
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Әл­бетте, үлкен жауапкершілікті мойныма алып отырғанымды әу бастан-ақ сезіндім. Өйткені, Қасым Аманжоловты танымайтын, оның өлеңдерін білмейтін қазақ жоқ. Концертке келген қонақтың көпшілігінің бұл бастамама сынай қарайтынын да қа­перімде ұстадым. Сондықтан қалайда болсын кешті халықтың есінен кетпестей етіп өткізуге бар күш-жігерімді салдым. Жалпы концерт ұйымдастыру идеясы бір-ақ сәтте туа салған жоқ. Қасым ата­мыздың кешін өткізуді бұрыннан ойлап жүргенмін. Ақынның есімі мерейтойларында ғана аталып өтіледі де, одан кейін келесі атаулы күнге дейін арадағы он жылдың өтуін күтіп, қараңғыда қалып қояды, насихатталмайды. Бұл бір түрткі болса, екінші Қасымның әндері құлағыма бала күнімнен сіңіп өсті. Ең алғаш бірінші сынып оқып жүргенімде әліппемен қош­тасу кешінде ақынның «Өзім туралы» әнін домбыраның сүйемелдеуінде орындадым. Сонда бар болғаны жеті-ақ жастамын. Міне, дауылпаз ақынға деген менің алғаш­қы құрметім осылай басталған. Жалпы бұл жобаны Қасым әндеріне арналған рес­публикалық дең­гейдегі алғашқы кеш деп сенімді түрде айта аламыз. Болашақта Шәмші, Мұқа­ғалиға арналған концерттер секілді, жылына, не болмаса екі жылда бір Қасым атаның шығармашылық ән кешін өткізіп тұрсақ деген үлкен мақсатымыз да бар.
- Әдетте, шығармашылық адамы­ның ұйымдастырушылыққа келгенде қыры болмайды деп жатады. Бұл жағы Сізде қалай болды?
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Қиын­дық болмады деп айтпаймын, әрине, болды. Алғашында қолдаушылар табылмай, әкімшілік тарапынан да қамқорлық сезіле қоймады. Соның салдарынын ойға алған көп дүнием іске аспай қалды. Алайда дос­тарым, жанашыр жақындарымның қол­­дап, демеуінің арқасында барлығын да жеңдік. Залда ине шаншар орын болмады. Концерттен кейін де халық риза болып, алғыстарын білдіріп жатты. Соған қара­ғанда, алғашқы қадамымыз жаман бол­маған сияқты. Алла қаласа, енді бұл кеш­тің заңды жалғасын қараша айының 28-і күні Қасымның өзінің елі, туған то­пырағы Қарағанды қаласында өткізсек пе деп ойға алып отырмыз.
- Байқаймыз, қазір қоғамда ха­лыққа ортақ ұлдарды тек жерлестері із­деп, насихаттайтын бір жаман үрдіс дендеп тұр. Шыныңызды айтыңызшы, бұл жобаны қолға алуыңызға Қасым Аманжоловпен жерлес­тігіңіз басты себеп болған жоқ па?
Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Белгілі бір дәрежеде себеп те болған шығар. Бі­рақ, ол себеп тікелей жерлестікке емес, жоға­рыда атап өткенімдей, балауса ша­ғымда өнерге жолымды ашқан ақын шы­ғар­машылығына деген шексіз құрметпен астасады. Жалғыз Қасым емес, бізде еленіп, ескерілмей жатқан тұлғалар же­терлік. Мә­селен, Ахмет Байтұрсынов, Сә­кен Сейфуллин, кейінгілерден Бәкір Тәжібаев, Сейдолла Бәйтерековтей дарындар неге тұрады? Бір ғана Сәкен мен Ахмет сынды арыстарымызды алып қарайық. Сонау қу­­ғын-сүргін жылдарының құрбаны болып, бүгінде есімдері ақталды. Бірақ сол асылдарымызды лайықты деңгейде еске алып, қадіріне жете алып жатсақ, қанеки?! Сұлу сөзбен сурет салған сыршыл Сәкеннің қаншама әнін шаң басып жатыр мұрағат­тарда. Соның барлығын аршып алып, хал­қымен қайта қауыштырсам, әнсүйер қауым­ның жүрегіне жеткізсем деген үлкен мақсаттарым бар. Ол енді, әрине, бола­шақтың еншісінде.


Назерке ЖҰМАБАЙ.

 

 

Пікірлер