Қазақ ғылымының негізін қалаушы. Қаныш Сәтбаевтың туғанына — 126 жыл

1562
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/04/img_2836-960x500.jpeg?token=9a2d4a33305f18d4719b6cc1ca2a6909
Бүгін, 12 сәуір, көрнекті ғалым, Қазақстаннан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 126 жыл толды. Осыған орай, еліміздің әр өңірінде ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтіп, оның ғылым мен білім саласына қосқан үлесі еске алынды. Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Шын есімі – Ғабдулғани. Анасы оны еркелетіп “Ғаниым”, “Ғанышым” деп атаған, кейін бұл есім “Қаныш” болып кеткен. Болашақ ғалым білім жолын ауыл молдасынан бастап, Павлодардағы орыс-қазақ училищесінде, Семей мұғалімдер семинариясында жалғастырды. 1926 жылы Томск технология институтының тау-кен факультетін бітіріп, инженер-геолог мамандығын алды. Қаныш Сәтбаев Жезқазған мыс кен орнын зерттеп, оның әлемдегі ірі кен орындарының бірі екенін дәлелдеді. Ол Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Ғалымның еңбектері Қазақстанның минералдық ресурстарын зерттеуге және геология ғылымының дамуына зор үлес қосты. Қаныш Имантайұлы 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеу қаласында қайтыс болды. Бүгінде оның есімімен аталатын қала, университет, көшелер және көптеген білім беру мекемелері бар.
Комментарии