Ілья Жақанов: Енді еш уақытта қазақтың классикалық әні тумайды...

2765
Adyrna.kz Telegram

Бұл адамның есімі бүгінде Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ, Жаяу Мұса мен Әсет, Естай мен Иманжүсіп, Мұхит пен Сегіз сері есімдерімен қатар айтылады, жанымызға аса жылы естіледі, ән деп соққан жүректің әрбіріне бағалы, қасиетті де қастерлі. Ән әлеміне қосқан өлшеусіз еңбегінен өзге, зерделі зерттеулер арқылы тарихтың шаң басқан қойнауынан елеусіз қалған әндерді сілки аршып, бізге саф алтындай жарқыратып тауып берген риясыз еңбегі де көкірегімізді шексіз құрмет пен мақтанышқа бөлейді… Ол жан – әйгілі композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов! Жақында ғана 75 жылдық мерейлі мерейтойын атап өткен ардақты ағамызбен Атырау қаласында арнайы жолығып, ән әлемінің тағылымды да әсерлі әңгімесіне қаныққан едік.
- Ағай, өткенде сіздің аузыңыздан: «енді еш уақытта қазақтың классикалық әні болмайды» деген пікірді естіп қалып едік… Сонда бұл тынысы кең, қазақтың нағыз қал­пын танытатын әндер енді ешқашан тумайды деген сөз бе?
- Әуелі мына бір жайтты айтқым келеді. Сендер, жастар, қазақтың дәстүрлі ән корифейлерінің кім­нен басталатынын білмейсіңдер. Қазақ­тың классикалық әндерінің ұлы атасы кім дегенде, Біржан салдан бастау керек. Біржан салдан соң Ақан сері, одан кейін Ақан серіге шәкірт болған Үкілі Ыбырайлар кетеді. Енді нақты сұраққа келейік, қазақ халқының басына түскен неше түрлі қайғы-қасірет, қилы-қилы кезең, ауыр сындар болды. Қал­мақтармен күрес 200 жылға созылыпты. Соның ең апогейі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясын тудырған «Елім-ай» әні. Міне, «Елім-ай» әні қазір қазақтың ұлттық гимніне айналды. Бұл ән – болашақ ұрпақтың киелі бір тірегі іспетті. Ел болудың, тұтастығымызды сақтаудың, ұлт болып өмір сүрудің жарқын үлгісі осы – Әлкей Марғұлан тапқан «Елім-ай» нұсқасында керемет сақталған. Қайда қы­рылмадық, қайда жосылмадық біз. Ол жай ғана ән емес, мұқым халықтың діті мен ділі, жүрегі, бүкіл қайғы-қасіреті, бүгінгі өмірі, келешегі қамтылған үлкен толғау жыр. Мұны айтып отырған себебім, қандай бір ауыр кезеңді өтпейік, еш уақытта қазақ әні дәл өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бұзылғанындай, бұзылған жоқ еді. Эстрада – қазақтың болмысына, дітіне, бүкіл табиға­тына жат құбылыс. Эстрадалық ән еш уақытта қазақта болған емес. Бұл – батыстың музыкалық экспансиясы. Әр халық болмысын, өзінің ұлттық музыкалық діті мен ділін сақтаса, мұндай сұмдық болмайды. Бірақ, біз ауыр жылдарды бастан кешірдік. Батыс­тан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жас­тарымыздың санасын улады, әлі де улап келеді. Телевидение, ғаламтор, компьютер арқылы беріліп жатқан сұмдықтардың барлығы қазақылықтың қайнарын лайлап бітті. Жастардың қиялын ұрлап жатыр. Келешекте қандай ән болады деп сұрап жа­тырсың, ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған бүліну енді ешуақытта тү­зелмейді. Енді еш уақытта қазақтың ұлттық композиторы болмайды. Осы естеріңде болсын. Кешегі Кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да Латиф Хамиди, Евгений Григорьевич Брусиловскийлер, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндер, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамед­жанов, солардан кейінгі Мәкәлім Қойшы­бай, Нағым Меңдіғалиев, Кежебек Күміс­беков, Теміржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатовтар ұлттық өнерге үлкен олжа салған болатын. Сонау ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Бірақ, сол тамаша дәстүр 70-жылдарға келгенде нілдей бұзылды. Біз – Шәмші Қалдаяқов, Илья Жақанов, Әсет Бейсеуов, «Махаббат вальсі­мен» шыққан Бекен Жамақаев бұл дүрбе­леңнен бұрын сәл ертерек шығып, 60-жылдардың композиторы болып, өзіміз­дің алдымыздағы аттарын атап өткен Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер жа­саған, Латиф Хамидилер тудырған вальстерден ауытқығанымыз жоқ. Сол үлгіде ән жаздық, әлі де жазып келе жатырмыз. Ал енді сіздер армандап отырған, ұлттық композитор дегеніңіз енді мына заманда болмайды. Бұл – біздің заманның, бүгінгі күннің, ертеңгі күннің қасіреті. Қазір өз­дерің қандай ән тыңдайсыңдар? Жарқ-жұрқ еткен мән-мағынасыз әндердің жетегінен шыға алмай келесіңдер. Халыққа ұсынылар, сахнада орындалар әндер ешқандай да талғам талқысына салынбайды, кеңестік идеологияның тұсындағы жүйе, көркемдік кеңес деген жоқ. Кім болса, не болса сол кетіп жатыр. Артық кетсем кешірерсіз, эфирдегінің дені қоқыс. Ал кейбіреулер, тіпті, музыкадағы «бомж» сияқты жүр. Бұл деген сұмдық қой. Қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған. Ал бүгінгі әндердегі қазақтың келбетін елестетуге бола ма? Әрине, жоқ! Бұл – азған, тозған, өзінің мекені, елі мен жерін кез келген уақытта сатып, шетел асып кетіп қала­тын сұмдықтардың заманы болып тұр қазір.
- Эстрада дегеннен туады, мәселен, егер бүгінгі күннің көзқарасымен алсақ, сол замандардағы Біржан сал, Ақан сері, Мұхит­тардың әні эстрада демесек те, қазіргі тілмен айтқанда өз кезеңінің «хиты» болды ғой. Барлығы орындады. Ауыздан ауызға тарады. Осыдан-ақ, өткен күн мен бүгінгі заман адамдарының талғам өресін бағамдай беруге болатын шығар…
- «Хит» деген сөзді айтуға болмайды. Кез келген халық әнін қазіргі техниканың бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңдеуге, құлпыртуға болады. Мысалы, «Ой, көк, игигай көк! Ой, көкем, япырым-ай, Жастық дәурен өтеді-ай» деген жолдар. Бұл – эстрада емес. Қазақтың шал­қар көңілді әндері. Эстрада деген сөзді еш уақытта қазаққа қолданбаң­дар, ол біздің табиғат, болмысқа жат. Бибі­гүл Төлегенова апаларың бір сөзінде: «Эстрада деген сөзді айтпаңдар маған, ол – мен үшін нөл», – деді. Мен де сол түсінікте­мін. Эстрададан, эстра­дадағы желікпе, әулекі әндерден бізді «Ой көк», «Бипыл», «Маусымжан» сынды өзі­міздің жайсаң ән­дер ғана құтқарады.
- Халық әндерінде, дәстүрлі музыкада публицистикалық сарын басым болады деген пікірге қалай қарайсыз? Осы бір әндерді тыңдау арқылы қоғамның бүкіл түйткілді мәселелері­нің барлығын көз алдымызға әкелеміз. Мысалы, «Елім-айды» қарайтын болсақ, сол «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінің оқиғасы­ның бар қиыншылығы санамызда көлбеңдейді. Бәлкім ол әндер бүгінгі әндердегі тек «күйдім-сүй­дім» дейтін арзан сөздерге құрылған жеңіл әуенмен салыстырғанда, сонысымен де ғұмыр­лы шығар…
- Қандай бүгінгі ән­дер? Қайталап айтам, 70-жылдардан бастап бері қарай жасалып жатқан, сенің заман­дастарың, сенің ағаларың, сенің апаларың­ның жасап жатқан әндерін еш уақытта қазақ әні деуге болмайды. Оны мысалға алудың да керегі жоқ. Ол – менің қайғым, қасіретім.
- Ағай, қоғам «қашқын» деп айып­таған тағдырлары аса ұқсас Мәди мен Аманғалидың әндерінде қандай ұқсастық, болмаса бір ерекшелік бар? Өзіңіз осы тақырыпты зерттедіңіз. Екеуінде де бір мұң бар сияқты көрінеді маған…
- Ешқандай ерекшелік жоқ. Ол – тағдыр. Тағдырдың тәлкегіне түскен тек қана Аманғали, Мәди емес, Тәуке, Иманжүсіп, олардың ар жағында Жаяу Мұса да бар. Бұлардан бергі Балуан Шолақтың өзі көп қудалау көрген. Балауан Шолақ 1919 жылы дүниеден қайтты, бұл өмірдің тезінен сөйтіп қана құтылды. Әйтпесе, Қарқаралыдағы Мәди, Батыстағы Аманғалидың басындағы жайт ел ішіндегі үлкен әлеуметтік қайшылықтан емес, мұның барлығына о бастағы жай ғана отбасылық, ағайын арасындағы кикілжің себеп болған. Мәселен,
Атамыз әулие өткен ер Қазыбек,
Бекболат, оның ұлы болыпты бек,
Тіленші, одан кейін Абзал шері.
Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек, – деп шырқайтын Мәдидің қудалануына, ақыр аяғы атылып кетуіне ағасы Қақабай екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Бәпиден туған жалғыз Мәди әкесінің ағасы Қақабайдың балаларымен бірге өседі. Бір күндері, жасы 12-13-терге келген шағында, Қарқаралының даласында тай үйретіп жүріп, қызық қуған тентектеу мінезі бар батыл бала Қақабайдың жайылып жатқан түйесіндегі Қара бураға барып тиіседі ғой. Бура бала түгіл, үлкен адамды шайнап тас­тайтын, түйелерге ешкімді тиіскізбейтін өте асау болады. Қара бура тұра кеп қуып, Мә­диге жетіп қалғанда, қайратты бала бұзаутіс қамшысымен тартып кеп жібереді. Бураның тілерсегі үзіліп түседі де, қан­сы­рап өледі. Міне, осы оқиға­дан кейін, Мәди мен Қақабай арасындағы бітпес кек, өш­пенділік басталады. Жалғыз баласы үшін Бәпи, бурасы үшін Қақабай кектеніп, ағайынды екі адам жау болып шыға келеді. Содан бас­талған нәрсе. Бұл үлкен бір әлеуметтік қозғалыс емес. Аман­ға­ли болса, өзінің туған құдасымен қарта ойнап отырып ұтылып, жоқ жерден пендеші­лік, жай ғана бір болымсыз мінезбен жауласып кеткен еді. Ал ол оқиға замананың бір жаман жағдайына келді. Аманғалиді Кеңес үкі­метіне қарсы деп ГПУ атып өлтірді. Қар­сы жағындағы ағайындарынан Жұмаға­ли деген кісі сот болып отырады да, заң со­лардың жағына шығып кетіп, Аманғали «банды» болып шыға келген. Бірақ, ол еш­қандай да «банды» емес. Аманғали да Мәди, Иманжүсіптер сияқты даланың серісі, әнші. Міне, бұл қос серінің тағдырын ойлағанда, одан ешқандай бір әлеуметтік терең астар көре алмаймыз.
- Бұл жерде Батыс пен Арқаның композиторларын тегін алып отырған жоқпын. Өзіңіздің атыраулық атанғаныңызға да он жылдан астам уақыт болды. Сіздің әндеріңіздің көбісі кең тынысты, төгіліп келетін Арқа сарынында ғой. Мұхит мәнеріндегі әнді тыңдап үйренген халық қалай қабылдады? Кезінде Жүсіпбек Елебеков атамыз осы Батыс өңіріне келіп, ән шырқап болғанда, жиылған жұрт: «енді қазақша ән айтшы» деген көрінеді. Сол сапардан үлкен ренішпен қайтып, бұл жаққа келмей қойған дейді. Сізде мұндай жағдай болған жоқ па?
- Иә, ондай оқиға болған. Әр өлке томаға тұйық өмір сүріп, үлкен өнерден алыс болып жатса, ешкіммен араласпаса, «оһ, шіркін!» деп қазақтың классикалық әніне қанықпаса, жаңағыдай теріс түсініктер шыға береді. Мысалы, Батыстың өзінің мән-мәнері, мектебі бөлек. Ал, оның бастауын кейбіреулер Мұхиттан бастап, содан таратып жүр. Мұхит бер жақтағы адам. Оның ар жағында, Мұхиттар­ды тудырған ән мектебі барын естен шығармау керек.

Мұхиттың Мұхит болатыны – өзіне дейін керемет әндердің дүниеге келуінің, содан нәр алуының арқасы. Ал енді таза ұлттық музыканы таразыға салсақ, қазақтың ән өнеріндегі классикалық нұсқа, классикалық вокалды өнер – ол арқада Бір­жан салдан басталады. Біржан салдың ар жағында да мектеп бол­ған. Бірақ, олардың барлығы өзінің автор­лық бет-бейнесін сақтаған, авторлық жолын, өмірбаянын жасаған адамдар емес. Есімдері бүгінде халық жадынан ұмытылған. Сондықтан да, қазақ классикалық ән мек­тебін Біржан салдан тарқатамыз.

«Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім-ай» дейтін нағыз классикалық әндерді Біржан салға дейін ешкім жазған жоқ. Сондықтан, Арқадағы әншілік дәс­түрдің ұлы атасы – Біржан сал. Мұны кейбір зерттеушілер Сегіз серіге, басқа да біреу­лерге теліп жүр. Оның бәрі – жалған, әде­биеттегі, фольклор­дағы соңғы жылдар­дағы жасалып жатқан фальштер. Біржан салдан кейін «Аулым қонған Сырымбет саласында» деп Ақан сері шықты. Ғажап! Арқадағы ән дәстүрі осылай дамып жатқан кезде, Батыс­та «Салмасам Айнам­көзге» деп Мұхит әуе­летті. Мұның бәрі анау Арқа, Қостанай, Тобыл, Ырғызбен жалғасып жатқан Ақтөбе, Орал даласындағы жәр­меңке, қан базарлар, сол кездегі сауда мә­дениеті арқылы даланың ескек желімен жеткен бір-біріне әсері еді. Бұл – бір сұмдық құбылыс, ХІХ ғасырдың екінші жартысын­дағы қазақ әнінің үлкен өрлеуі, қалыптасуы, классикалық деңгейге шығуы.
- Әннің зерттелуіндегі фальштық тұжырымдарды тілге тиек етіп қалдыңыз. Арқа мектебіндегі классикалық әннің атасы – Біржан салдың әндерін Сегіз серіге телу деген сияқты дүдәмал жайттар да кездесіп жатыр. Мәселен, «Әмірхан» деген эссеңізде де Биғожин, Қарамендин секілді зерттеушілердің сілкініс тудыру мақсатында айдан анық дәйектің өзін бұрмалағанының біраз ақиқатын айттыңыз…
- Сенсацияның не екенін білмейді олар. Бұл – аумалы-төкпелі хаос кезеңде өзінің жеріне, руына, жүзіне қарай тартатын қазақтың жаман мінезімен көрінген құбылыс қой. Биғожин дегеннің өзі – тағдыр денсаулығын кемтар етіп жа­ратқан, отбасы, бала-шағасы, күн көрісі жоқ, тағдырға налалы адам екен. Сонысын ақша тапқыш біреулер пайдаланып кеткен. Бірақ, кейін ол деректердің барлығының жалған, теріс ойдан жасалғанын Қазақ ҚСР Ғылым академиясының әдебиет институты бірнеше серия мақаламен дәлелдеп, әбден масқарасын шығарған болатын. Әңгіме сонымен біткен. Ал, олар жоққа шығарып, Батыс өңіріне қимаған «Әмірхан» әнінің авторы Ажар туралы тек қана осы Жайықтың бойы емес, Оралдың Ақтөбе, Қаратөбе жағында да қым-қиғаш керемет әңгімелер айтылады. Балқашта да, Семейде де, Арқада да батыстағыдай Ажарға қатысты ондай әңгіме, дерек пен дәйек жоқ. Әмірхан әнінің иесі Ажар тек қана осы Жайықтың бойында болған. Бұл – ақиқат.
- Бүгінгі дәстүрлі ән мектептерінің зерттелуін, зерттеуге келіп жатқан жастар­дың ізденісін қалай бағалайсыз?
- Барлығы талпыныс, тек қана талпыныс. Терең зерттеу, зерделеу жоқ. Ойлы, ақылды, тереңнен қозғайтын зерттеушілер күндердің күнінде келетін шығар…
- Ақан сері – Ақтоқты – Жалмұқан үштағанының зерттеу нәтижелері берген ақиқатын айтып беріңізші…

- Шыны керек, Қа­рауылдың Жақсылық атасы күні бүгінге дейін Ақан сері мен Ақтоқты оқиғасын намыс көреді. Елдің адамдарымен бұл тақы­рып төңірегінде сөйлесу оңай емес. Ол сырды қозғау қиямет. Ертеде осы Қызылағашта Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері – Ақтоқты» пьесасы қойылғанда, қариялар өре түреге­ліп: «Асылымызды қорламай, тоқтатыңдар, түге! Жалмұқан мен Ақтоқтының сүттей ұйып өткен өміріне дақ салмаңдар бүйтіп! Өніп-өсіп отырған бұл әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер! Осы келген беттеріңмен қайтыңдар, бұл ауылдан тайып тұрыңдар! Бізге жалған сөз керек емес!» – деп, әртістерді қабылдамай, қуып шығыпты. Мұның сыры мынада. Біздің білетініміздей, аппақ жүзді Ақтоқты­ға Арқаның ақтаңгері Ақан сері бар жанымен ынтық болған. Аруға арнап бірнеше ән де шығарған. Бірақ, сері сезіміне Ақтоқты ару дәл сондай іңкәрлікпен жауап қата алмады. Себебі, Ақтоқты Ақанның азаматтық басын сыйлап, ардақ тұтқанымен, сүйген жоқ. Ақтоқтының ұнатқан, баяғыдан-ақ өзіне атастырып қойған Жалмұқан атты жары болатын. Ақтоқты мен Жалмұқанның үйлену тойы үстінде Ақан сері Ақтоқтыны күштеп алып қашады. Бірақ, Ақтоқты таңдағаны Жалмұқан екенін айтып, ой ба­уырымын кеседі. Сөйтіп, ел арысы, елдің ар­дақты азаматы Жалмұқанға Ақтоқты қайтарылыпты. Көркем әдебиетте айтылатындай, Ақан сері мен Жалмұқан өмірде тіпті де жауласып өтпеген. Керісінше, сыйласып, дос болған.

Ал, Ақтоқтыны алып қашу оқиғасына байланысты Жалмұқан Ақан серіге ешқандай да кек сақтамаған, қайта серіні халықтың әнші еркесі санап, талай кездесіп жүріпті. Ақтоқтыға арнаған әндерін сүйсініп тыңдапты.

Ақан сері, Ақтоқты, Жалмұқан өмірлерінің тек көркем бейнесін танып, содан ой қорытып келген көпшілік қауымға беймағлұм болып келген осындай қалтарыстары бар.

- Өткенде көрмеңізде Ақан серінің түпнұсқадан салынған суреті деп өзіңіз өр­нектеген бір портретті ерекше атап өттіңіз. Оны қалай және қайдан таптыңыз­дар? Сурет сырымен бөлісесіз бе?
- Ол суретті тапқан адам – академик Әлкей Марғұлан. Ол кезде, яғни Ақан серінің заманында Омбыға келіп-кетіп жатқан Ресейдің зерттеушілері, су­ретшілері қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін суретке түсіріп отырған екен. Сондай бір түсірілім кезінде Ақан сері де даланың бетке ұстарларының ортасында түсіп қалған көрінеді. Суреттен бейнені бөліп алып, «Міне, Ақан сері», – деп ұсынған академик Әлкей Марғұлан. Мен сол фотобейнені портрет етіп салдым, өзіме сондай ұнайды. Өйткені Ақан серінің бүкіл әншілік болмысы, ол кісінің махаббат трагедиясы, өз басындағы қым-қиғаш қайғылы сәттерінің барлығын жеңетін сондай бір сәулелі, шуақты лиризмнің қалай үйлесіп кеткенін білмеймін, әйтеуір бұл портретті сәтті шық­қан туындыларымның қатарына қо­самын.
- Шопенше айтсақ, сөз біткеннен кейінгі сезімді қылқаламмен жеткізу оңай ма, әлде әнмен бе?
- Әр жерде әр қалай. Өзің айтып отырғандай, Шопен: «Сөз біткен жерден музыка басталады» дейді. Сөзбен бере алмай қалған сезімді, хикаяны, оқиғаны композиторлар музыкамен алып кетеді. Дәл осы жерде Бетховеннің «Айлы сонатасын» айтуға болады. Әйгілі композитор өзінің сүйген адамына деген махаббатының барлығын «Айлы сонатада» суреттейді. Оны тек қана музыкамен болмаса, сөзбен бейнелеу мүмкін емес.
- Байқаймыз, әндеріңізде қырғыздық сарын басым келеді. Оған Шыңғыс Айтматов екеуіңіздің араларыңыздағы ұлы достықтың қаншалықты әсері бар?
- Ол Шыңғыстан бұрын басталған. Біздің ел қырғыздармен ерте араласқан. Ашаршылық жылдары жан-жаққа бет-бетімен кеткен ағаларымыз ашаршылық басылып, бәрі тоғысқанда елге бір-бір қырғыз келіншектерін алып келді. Сәбиға, Бәтимә, Сәлимә деген жеңгелеріміз болды. Өрімдей жап-жас кездері. Соғыс бас­талып кеткенде, сол жеңгелеріміз қо­лында орақтары бар, шығысқа қарап тұрып егін орады. Бір уақытта белдері талып, шаршайды. Сонда қырғыз әндерін шырқап, шар­шағандарын басады. Қырғыздың лири­калық әндері о бастан осылай-осылай елі­мізге сіңген, әкелеріміз, шешелеріміз, аға­ларымыз айтатын әндер еді. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесін оқығаннан кейінгі әсер елітіп, «Даниярдың әні», «Жә­миләнің әні» туатын сәтте жаңағы қырғыз әндерінің бәрі менің «Елім-айым», «Ай­намкөзім», «Қара­торғайым», «Балқа­ди­шам», «Екі жиренім», «Баянауылым» сияқ­ты ту сыртымда тұрды. Міне, әуезді ән­­де­рімнің барлығын сол музыканың әуезі­мен, толғанысымен жаздым.

И.Ж.:
– Суретті тапқан адам – академик Әлкей Мар­ғұлан. Ол кезде, яғни Ақан серінің заманында Омбыға келіп-кетіп жатқан Ресейдің зерттеушілері, суретшілері қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін суретке түсіріп отырған екен. Сондай бір түсірілім кезінде Ақан сері де даланың бетке ұстар­ларының ортасында түсіп қалған көрінеді. Суреттен бейнені бөліп алып, «Міне, Ақан сері», – деп ұсынған академик Әлкей Марғұлан. Мен сол фотобейнені портрет етіп салдым, өзіме сондай ұнайды. Өйткені Ақан серінің бүкіл әншілік болмысы, ол кісінің махаббат трагедиясы, өз басындағы қым-қиғаш қай­ғылы сәт­терінің барлығын жеңетін сондай бір сәулелі, шуақты лиризмнің қалай үйлесіп кеткенін білмеймін, әйтеуір бұл портретті сәтті шық­қан туынды­ларымның қатарына қо­самын.


Сұхбаттасқан,
Назерке ЖҰМАБАЙ.
Алматы – Атырау – Алматы.

 

 

Пікірлер