Мәскеудің парады пропагандаға айналып барады. «Киев тосын әрекеттен сақтанды»

1892
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/87157ed5-8b0c-4061-a159-6306fdae97aa-960x500.jpeg?token=7e346b387157073b3b824f19b369c415

Қазақстандық әскери сарапшы Мәскеуде өткен әскери парадтың саяси салмағы басым болды деп есептейді. Украина жерін басып алып, соғысып жатқан Ресей басшылығы бұл жолы не айтқысы келеді?

Мамырдың 9-ында Ресей астанасы Мәскеуде Жеңістің 80 жылдығына байланысты әскери парад өтті. Әскери шеруге Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Белоруссия, Армения, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінің басшылары қатысты. Басында 29 елдің басшылары қатысады деп хабарланғанымен, олардың кейбірі бұл шеруге келмей қалды. Келмей қалған Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ертең аталып өтілетін әкесі, кеңестік саясаткер Гейдар Әлиевтің 102 жылдығын сылтауратты. Алайда Ресей аумағында зақымдануы мүмкін Әзербайжан ұшағының Ақтаудағы апатынан кейін Баку мен Мәскеу арасы салқындай түскен еді. 

Мәскеуде өткен Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад ненің көрсеткіші? Осы және өзге де сұрақтарды әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовқа қойдық.

 – Мәскеудегі парад аяқталды. Биылғы әскери шеруден не байқадыңыз?

 – Жалпы бұл парадтың бұрынғы өткен әскери шеруден ешқандай айырмашылығы немесе кемшілігі болған жоқ. Орынды өткен секілді болып көрінді. Мәселен, жаяу жүрген әскердің құрамы түгелдей бұрынғыдай болды. Нақты санамасам да әйтеуір көп әскер секілді болып көрінді. Ал артиллерия, құрлық десанттық бөлімінің бронды техникалары біраз көп болған секілді. Кейбіреулерін «Жаңадан жаңартылған» деп айтып жатыр. Бірақ парадтың басынан аяғына дейін мұқият қарадым, айтарлықтай жаңарған техниканы көрмедім. Аса ауыз толтырып немесе таңғалып айтатын қару-жарақ болған жоқ. Көпшілігі ескі техника болды. 

Ал енді аспанда өткен салтанатты рәсімде СУ-25 ұшағы қызыл, көк және ақ түсті түтін шашты ғой. Аспан ашық болды және олардың ұшақтары мен тікұшақтары салтанатты шерудің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүргенін көрген жоқпын. Олар басқа жақта болған шығар. Олар Украинадан төнетін қауіп-қатерден сақтанған шығар. 

 – Ұшақ демекші, Мәскеудегі парадта авиация аз көрінген сияқты. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?  

– Ресми хабарлағанда «27 тікұшақ қатысып жатыр» деп жариялады. Бірақ мен 25 тікұшақты санадым, бірақ өздері айтқандай 27 ұшақ көрмедім. Ал енді Ресейдің мемлекеттік және Қарулы күштердің туын алып жүретін ұшақ болмады. Менің ойымша, әскери парадта ұшақтың аз болуының екі түрлі себебі

бар. Бірінші олар Мәскеудің аспанын қорғауға жұмылдырылды және екінші себеп Украина майданындағы нысандарын қорғады. 

Ал шын мәнінде ең басты себеп Путин аспаннан шабуыл бола ма деп қорыққан сияқты. Парадта бұған дейін белгілі болған әрі сенімді ұшқыштар ұшты. Ал басқа тікұшақтарды әскери шеруге қоспаған секілді. Неге десеңіз, ұшқыштардың көңіл-күйі әртүрлі болуы мүмкін. Қауіп-қатерден сақтанайық деп бөтен ұшқыштарды ұшырмаған секілді. Путиннің өзі ме, жоқ әлде қауіпсіздігіне жауапты адамдар ма, көп тікұшақтың ұшқанына қарсы болған секілді. 

 – Мәскеудегі парад кезінде «Украина тарапынан шабуыл бола ма?» деген болжам айтылып еді. Ондай тосын әрекет байқалмады ғой?

 – Негізі Украина қандай да бір тосын әрекет жасаса, әлемдік көшбасшы елдердің саясаты Киевке байланысты өзгеріп кететін еді. Яғни Украинаны қолдап отырған АҚШ пен Еуропа елдерінің көзқарасы өзгеретінін білген соң Киев шабуыл жасаған жоқ.  

Саяси жағынан қарасаңыз, Мәскеуге келген адамдардың ішінде бұған дейін парадқа келіп жүрген ТМД елдерінің басшылары түгел қатысқан секілді. Әзербайжан мен Грузияның басшылары және  Балтық елдерінің басшылары Мәскеуге келген жоқ. Еуропа мемлекеттерінің арасынан Сербияның президенті Александр Вучич келді, ал Словакияның президенті Роберта Фицо «Белгісіз жауынгер» ескерткішіне келемін» деп еді, сөзінде тұрды. Бірақ ол әскери шеруге қатыса алған жоқ. Оны Балтық мемлекеттері аспаннан өткізбеген соң Әзербайжан арқылы айналып келуге мәжбүр болды. 

Сондай-ақ салтанатты жиыннан Муаммар Каддафидың кезінде Ливияның Қорғаныс министрі болған саясаткерді және Африка шәне Шығыс Азия елдерінің кейбір басшыларын көрдім. Бір қызығы Венесуэла президенті Николас Мадуро салтанатты жиын кезінде алақанын ысқылап, дұға оқып отырғандай көрінді. 

Ал салтанатты шеруге Қытай басшысы Си Цзиньпиннің келуі Путин үшін өте маңызды болды. Себебі аталған елдің басшысы келмесе, Украина тарапынан шабуыл болуы әбден мүмкін еді. Си Цзиньпиннің өзі келгені салмақты арттыра түсті.  Шыны керек, Қытай басшысы келмесе бұл әскери шерудің анау айтқандай мән-мағынасы болмас еді. Себебі олардың ішінде әлемдік саясатта орны бар іліп алар ірі саясаткер болған жоқ. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Серік Жолдасбай

«Адырна»  ұлттық порталы

Комментарии