Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің кланы Елдос Қоспаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) қылмыстық схемаларына белсенді қатысқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Қоспаев Е. және оның ұйымдасқан тобының мүшелері 2019 жылғы 8 сәуір мен 2020 жылғы 23 желтоқсан аралығында «AV-Construction» ЖШС-нің мүлкін иемденіп, өздеріне сеніп тапсырылған жылжымайтын мүлік нысандарын өзіндік құнынан төмен бағамен үшінші тұлғаларға сатып жіберу арқылы кәсіпорын мен оның заңды иелеріне зиян келтірген. Атап айтқанда, Абижанов Д., Танашев Т. және Бабаев Р. ұйымдасқан топ жетекшісі Коспаев Е. және басқа да тұлғалармен келісіп, пайдалануға берілген және салынып жатқан бірқатар нысандарды Алматы қаласының сол кездегі әкімі Байбек Б.-нің әкесі Байбек Қ.-ға өзіндік құнынан төмен бағамен сату туралы шешім қабылдаған. Бұл кәсіпорын мен оның заңды иелеріне тікелей зиян келтірген», – делінген Коспаевтың ҰҚТ-сына қатысты сот үкімінде.
Осыдан кейін Абижанов Д., Танашев Т. және Бабаев Р. Елдос Коспаев және экс-әкім Бауыржан Байбектің әкесінің мүддесін көздейтін өзге бір тұлғамен келісе отырып, ұрлануға таңдалған үш нысанның бағасын анықтаған. Бұл нысандар Бауыржан Байбектің туысы Байбек Қ.-ның атына сатылған. Бағасы – 1 шаршы метр үшін 230 мыңнан 425 мың теңгеге дейін, яғни құрылыс құнынан едәуір төмен болған.
2019 жылдың сәуірінде ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Елдос Қоспаев Алматыда орналасқан «AV-Construction» компаниясының кеңсесінде отырып, өз тобының мүшесі Бабаевқа пәтер сату туралы тапсырма береді. Бұл пәтер — Алматы қаласы, Каппаров көшесі, №116/9 үйде орналасқан. Жалпы ауданы 114,7 шаршы метр.
Пәтер нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен — 43,6 миллион теңгеге сатылуы тиіс болған. Бұл баға құрылыс шығындарын да жаппайды. Пәтерді сатып алушы — сол кездегі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің әкесі.
Сол күні Бабаев Қоспаевтың тапсырмасымен пәтерді төмен бағамен Қыдырғали Байбекке сатқан келісімшартқа қол қояды. Мұндай мәміле кәсіпорынға аса ірі көлемде шығын келтірген және заңды иелерінің мүддесіне қайшы болған.
«Осылайша, Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері, Танашев Т., Абижанов Д., Бабаев Р. және басқа тұлғалар, кәсіпорынның мүлкін аса ірі мөлшерде ысырап еткен. Олар оны үшінші тұлғаларға құны әлдеқайда төмен бағаға сатқан. Қоспаев пен оның тобының қылмыстық әрекеттері кәсіпорынға және оның заңды меншік иелеріне 65 946 191 теңге көлемінде залал келтірді», — делінген сот үкімінде.
Еске сала кетейік, 2022 жылы қыркүйекте Байбекке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлар шықты. Ал 2023 жылдың қаңтар айында оны Германияның Любек қаласында көрген. 2023 жылдың қазанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Байбектің бұрынғы жұбайы Жанар Байбекті Астана сотынан жұмыстан шығарғаны туралы хабарланды.