Маясардың күлшашары ән шашпақ

2687
Adyrna.kz Telegram
Маясар ЖАПАҚҰЛЫ. Бұл есім көпшілікке дәл қазіргі уақытта беймәлім болуы мүмкін. Ал ол – өткен ғасырда халық ақындары Кенен, Шашубай, Болмандармен сахнада үзеңгілес болған, Жамбылдан бата алған, Әуезов пен Мүсіреповтің ерекше ықыласына бөленген өнер иесі. Телегей-теңіз өлеңі қалмаса да, санаулы салмақты жыры мен салиқалы әндері – көзкөрген жұрттың жадында. Атадан ұл туып, ата жолын қууды игі іс санаған текті жанның ізін жалғар, жоғын жоқтар тұяқтың қалғаны баба мұрасының өшпегенін көрсетеді. Жас та болса  талай ән додасында топ жарып, бас болып жүрген Жақсыкелді БОРАНБАЙҰЛЫ – Маясардың шөбересі. Консерваторияны биыл бітіргелі отырған әнші 17 сәуірде туған топырақта тұңғыш ән кешін өткізбекші.

«Әдетте жеке ән кешін мойындалған, үлкен әншілер береді. Оқу бітірмей жатып, жеке концерт беретіндей толысқан, қалып­тасқан әншімін деп айта алмаймын. Әйт­кен­мен ауылдың үлкендері, Маясар атам­ды көрген замандастары «атаңның ізін бас­қан шөбересісің, атаңның, ол орын­даған халық әндерін шырқап, концерт бер­сеңші» деп қолқа салған соң, сөздерін жерге тастай алмадым. Ең сыншыл да тал­ғампаз тыңдаушылар – көнекөз қариялар. Бұл кешімді солардың алдындағы есебім деп білемін», – деген ақжарма сөздер ұлттық музыканың мөлдір суатындай таза көңілді, арамдықтан ада, ақ пейілінен шыққаны Жақсыкелдінің қызарған жүзінен байқалды.

Жақсыкелді ән өнеріне Маясар ақын­ның ұрпағы болған соң ғана қадам басқан жоқ. Алла берген талант тыныш жатпай, бұлқынып шықты. Ерекше еңбекқорлықты сүйетін өнер жас әншіге оңай шағылатын жаңғақ еместігін танытып үлгерді. Консер­ваторияға келгенде домбыраны сабалап, жабайы айқаймен келген ол «әннің Абайы» Жүсіпбек Елебековтің жары Хабиба апамен жүздескен соң, қиын да жауапты жолды таңдағанын түсінді.

Жақсыгелді БОРАНБАЙҰЛЫ, жас әнші:

– Осыдан екі жыл бұрын Хабиба апа­мыз­дың алдына барғанда, дәстүрлі әнді айтуды мәртебе көріп жүргеніме ұялып кет­тім. Әнді құр айту жетістік емес екен. Ән – бабалар аманаттаған баға жетпес қазы­на, сен сол қазынаның қиюын кетірмей, қаз-қалпында жеткізуші мұрагер екендігіңді жүрегіңмен сезіну қаншалықты қиын екенін түсіндім. Сол бар­ғанымда салған әнімнің кем-кетігін тап басып ай­тып берді әжей. Жақын­да екінші рет бардым. Не дер екен деген үреймен Сәкен­нің «Тау ішін­десін» айтып бердім. Апа «жаман емес, тәуір» дегенде, бай­қау­дан жүлде алғаннан да қатты қуандым. Себебі Жүсе­кең­дей әншінің жары ғана болмай, қазақтың ән өне­рі­нің сыншысындай бол­ған ападан мұндай қол­дау есту – мен үшін биік мәр­тебе.

Маясардай халық ақы­ны өз дәуірінде талай ай­тысқа қатысып, тапқыр да тағы­лым­ды жырлары­мен танылған. Республика өнер шеберлерінің қата­рында Мәскеу сахнасында өнер көрсеткен атақты Ұстын жайында беташар өлең айтқан, 1954 жылы Республика күнін Алматыда өлеңмен ашқан да – Майекең. Сөз барым­тасы айтыста өзіндік бедерімен тарих бетінде қалған Майекеңнің өзінің төл мақамы болған екен. Ал «Жиырма бес», «Паравоз», «Қарғам-ау» әндерін нақы­шына келтіре орындаған ақынның әншілігі де ел ішінде айтылып жүр. «Мәдени мұра» бағдарла­масы бойынша жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» анто­логиясына композитордың «Қос қоңыр» әні Ерлан Құ­жи­мановтың, «Тағылы» әні шөбересі Жақсыкелдінің орындауында енген.

– Жуырда атамның тағы бір жаңа әнін таптым. Осы уақытқа дейін тек сөзі белгілі болып келген «Көңіл қаяу» әнін атамды зерттеуші, жазушы Шәмел Жүністегінің жеке архивіндегі таспасынан алдым.

Көз­көрген қарттардың ұрпақтарынан да анықтап біліп, атамның шығармашылығын зерттеп жүрген жайым бар. Жақында Қара­ғандыда 1932 жылғы ашаршылыққа ар­нал­ған халықаралық конференция өтпекші. Зұлматты жылға арналған жалғыз әнді қалдырған менің атам екен. Сол әнді орын­дау үшін конференцияға мені шақырып отыр, – дейді жас әнші.

Өнер адамы сахнадағы өнерімен ғана жұртшылықты тәнті етпей, кісіліктің биігі­нен көрінгені абзал. Мінезі жібектей та­лап­ты жас осы бетінен қайтпай, талмай еңбектенсе, тасада қалмасы анық. Жақ­сы­­кел­ді­нің өнер жолындағы қадамы құтты болсын дейміз!

Өмірдерек

1988 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Айғыржал ауылында туған.

2004-2008 жж. Қарағандыдағы Тәт­тім­бет атындағы өнер колледжінің халық аспаптары кафедрасын тамам­даған;

2011 жыл – Кенен Әзірбаев атындағы республикалық әншілер байқауының І орын жүлдегері;

2011 жыл – «Қазақстан» ұлттық арна­сының «Сегіз қырлы» телеви­зиялық байқауының І орын иегері;

2011 жыл – Әміре Қашаубаев атын­дағы республикалық ән додасының дипломанты;

2010 жыл – Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық әншілер байқауының дипломанты;

2009 жылы Жүсіпбек Елебеков атын­дағы республикалық әншілер байқауы­ның дипломанты;

Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті.


Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ, «Алаш айнасы».

Пікірлер