Түркі өркениетінің рухани жүрегіне айналған Түркістанда «Заман мен мәдениет диалогындағы Яссауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады.
Іргелі шараның ашылуына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Президент бұл симпозиум туралы ұсынысты Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтеріп, Яссауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеу қажеттігін қадап айтқан еді. Бүгінде бұл бастама шетелдік және отандық ғалымдардың басын қосқан ауқымды ғылыми алаңға айналып отыр.
Жиынға АҚШ, Германия, Жапония, Түркия, Иран, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сынды оннан астам елден келген жүзге жуық ғалым қатысуда. Олардың әрқайсысы Яссауи мұрасының түрлі қырын ғылыми тұрғыда зерделеп, заманауи қоғаммен байланысын ашуға күш салуда. Бұл - өзара тәжірибе алмасуға, рухани кеңістікті терең түсінуге үлкен мүмкіндік.
Жат ағымдармен күрестегі рухани қалқан
Қожа Ахмет Яссауи ілімі – рухани кемелдену мен адамгершілік негіздерін біріктіретін төл дүние. Бүгінгі діни алаңда қалыптасқан кейбір ала-құла ағымдармен күресте бұл ілімнің маңызы арта түсті. Осы жөнінде ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр өз пікірін білдірді.
«Соңғы жылдары елімізде түрлі діни ағымдар белсенділік танытып, жастардың рухани іргетасына сына қаға бастады. Бұл қауіппен күресудің ең тиімді жолы - өзіміздің дәстүрлі руханиятымызға қайта оралу. Яссауи мұрасы – сол руханияттың алтын өзегі. Ол – ихсан іліміне негізделген, яғни адамды шын жүректен, шынайы ықыласпен құлшылық етуге, байсалдылық пен сабырлыққа үндейтін ілім. Бұл – діннің ең асыл тұғыры», – дейді ол.
Төрәлі Қыдырдың айтуынша, Яссауи ілімінде моральдық құндылықтар мен толеранттылыққа ерекше мән беріледі. Бұл - қазіргі қоғамда, әсіресе діни алауыздықтың алдын алу тұрғысынан өзекті мәселе болып табылады.
«Біз дінді ұстанбасақ та, өзгелердің сеніміне құрметпен қарауымыз керек. Яссауи үйреткен толеранттылықтың айқын көрінісі
Рухани кеңістіктің қалпына келуі
Яссауи мұрасы - түркі даласындағы рухани тұтастықтың алтын діңгегі. Тарихта Қараханидтер дәуірінен бастап, Алтын Орда кезеңі мен ХХ ғасырдың басына дейін бұл рухани кеңістік сақталған. 70 жылдай Кеңестік кезеңде біз содан алшақтап қалдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ілімге деген қызығушылық қайта оянды. Қазір сол тұтастықты қалпына келтіру кезеңі жүріп жатыр.
«Яссауи ілімі - адам мен қоғам арасындағы үйлесімділікті сақтауға бағытталған жүйе. Қазақ руханияты осы іліммен тығыз байланысты. Соңғы жылдары біз рухани мәселелерді кейінге ысырып қойдық, соның салдары жат идеологиялардың енуіне жол ашты. Сондықтан Мемлекет басшысының Яссауи мұрасын қайта жаңғырту туралы бастамасы өте орынды және дер кезінде көтерілген шешім», - дейді Төрәлі Қыдыр.
Оның айтуынша, осы бастама аясында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі жанынан Яссауи мұрасын зерттеу орталығы ашылып, нақты зерттеулер жүргізіле бастады. Бұл тек ғылыми ізденіс емес, ұлт руханиятын қайта қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам.
«Біз руханиятымызды тек тарих ретінде емес, қазіргі өміріміздің бір бөлігі ретінде қарауымыз қажет. Симпозиум барысында айтылған ғылыми пайымдар, зерттеу бағыттары осыны нақтылап берді. Яссауи ілімі - біздің төл болмысымыздың айнасы», - дейді ол.
Қожа Ахмет Яссауи мұрасы - қазақ руханиятының жүрегі ғана емес, бүгінгі заман үшін де бағдары айқын бағыт. Ол діни төзімділікті, рухани тереңдікті, адамгершілікті ту еткен тұтас философия. Түркістандағы симпозиум осы мұраны терең түсінуге, заманауи қоғамда орнықтыруға жасалған маңызды қадам.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы бастамасы – тек ғылыми жиындармен шектелмейтін, руханият пен мемлекеттілік арасын байланыстыратын іргелі идеологиялық саясат. Яссауи іліміне ден қою - ұлттың ішкі иммунитетін қалыптастырудың сенімді жолы.
Меруерт Райым