Альпинист Қазақстан Конституциясын Гималайға алып шықты

1095
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/image-35-960x500.jpg?token=102b42a26cd8d0fe49c6ef7aadc65465

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай альпинист әрі мәдениет қайраткері Әлібек Қайырбек Конституцияны Гималайдағы 6180 метр биіктіктегі Айленд Пик шыңына алып шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бұл өрлеу оның "Әлем шыңдарындағы домбыра" атты ерекше жобасының бір бөлігі. Жоба — "Әлемнің жеті шыңы" халықаралық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты — қазақ мәдениетін, соның ішінде домбырада орындалатын ұлттық музыканы әлемге танытып, бұл аспапты әлемнің ең биік шыңдарын бағындырған музыкалық аспап ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізу.

Айленд Пик шыңына жасалған экспедиция 15 күнге созылды және альпинистің бастамасымен ұйымдастырылды. Бұл өрлеу оның спорттық жетістігі ғана емес, сонымен қатар отансүйгіштігі мен азаматтық жауапкершілігінің көрінісі болды.

Әлібек Қайырбек Қазақстан Республикасының Конституциясы мәтінін биік

шыңға шығару туралы ұсыныспен Конституциялық Сотқа жүгінген. Олар бұл идеяны қолдап, Конституцияның ресми нұсқасын ұсынды.

Альпинист биіктік пен ауа райының қиындықтарына төтеп беріп, Конституцияны әлемдегі танымал Гималай шыңдарының біріне алып шықты.

"Мен үшін Конституция – барлық заңдардың шыңы. Бұл жай ғана құжат емес, ол – біздің бірлігіміздің, құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың рухани тірегі және символы. Негізгі заң мен домбыраны арқалап шыққанда ауырлық емес, күш сезіндім. Экспедицияның қатал жағдайларында бұл екеуі маған мотивация мен рух берді. Қазақстанның дәл осы символдарымен Айленд Пик шыңын бағындырғаныма мақтанамын", – деді Әлібек Қайырбек.

Бұл тарихи өрлеу Эверест етегінде ұлы қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай "Әлқисса" күйін орындаумен де есте қалды.

Комментарии