АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденге ағзада жылдам таралатын қатерлі ісік диагнозы қойылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Reuters-ке сілтеме жасап.
Байденнің кеңсесінің хабарлауынша, диагноз жұма күні зәр шығару жүйесінде қиындықтар пайда болғаннан кейін қойылған. Қазір Байден мен оның отбасы емделу жолдарын дәрігерлермен бірлесіп қарастыруда.
«Бұл аурудың жылдам таралатын түрі болғанымен, рак гормондарға сезімтал, сондықтан оны тиімді емдеуге мүмкіндік бар», – делінген мәлімдемеде.
Байден кеңсесі хабарлағандай, рактың агрессивтілік деңгейі Глисон шкаласы бойынша 10-ның 9 балымен бағаланған. Бұл шкала қуықасты безі рагының қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді.
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп, Байденге жиі сын айтқанына қарамастан, Truth Social платформасындағы жазбасында Байден мен оның жұбайы Джиллге қолдау білдірді.
«Мелания екеуміз Джо Байденге қойылған соңғы медициналық диагнозға қатты күйзелдік. Джилл мен бүкіл отбасына жылы лебізімізді білдіреміз, ал Джоға тезірек сауығуын тілейміз», – деді Трамп.