Құлағына бесік жыры сіңген бала ешқашан ұлтын сатпайды

2397
Adyrna.kz Telegram

Ербол АЙТБАЙ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, әнші:

– Ұлттық музыка өнерінің ұлт бола­ша­ғы үшін орасан зор маңызын жете тү­сініп отырған жоқ тәріздіміз. Біржан сал, Ақан сері, Құрманғазы, Тәт­тім­бет­тей ұлы композиторларымыздың шы­ғар­маларын білмек түгіл, олардың есім­дерін естімеген жастар қатары кө­бе­­йіп келе жатқаны – өкінішті жайт…

– Ұлттың әскери, ақпараттық қауіп­сіз­дігінен бөлек, рухани қорғанысын бе­кем­деуі – үлкен қажеттілік. Оған қызмет ететін ті­ліміз, мәдениетіміз, әдебиетіміз, ұлттық му­зыкамыз екені баршаға аян. Музыка са­наның, адам жанының тәрбиесінде ма­ңыз­ды орын алады. Сондықтан мемлекет ха­лық жүрегіне ұлттық рухтың егілуіне мүд­­делі болуы тиіс. Ата-бабаларымыздан қал­ған бай музыкалық мұрамыз бар. Ән өнерінде Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, күй өнерінде Құрманғазы, Тәттімбет, Ықы­лас сияқты тұлғаларымыздан жеткен асыл мұ­раларымыз баршылық. Қазақтың та­лантты, рухы биік ел екенін, сол рухымызды ас­қақтатып тұрған ән-күйіміз екенін мақтан тұ­тамын. Абай атамыз: «Туғанда дүние есі­гін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кі­рер денең», – деп бекер айтпаса керек. Жер бетіндегі музыкаға ең жақын ха­лық­тар­дың бірі – қазақтар. Өйткені қазақ бала туыл­ғаннан бастап өлгенге дейінгі екі ара­лықты ән-күймен өрнектейді. Бесік жы­ры­мен басталған қазақ өмірі жоқтаумен тү­йін­деледі. Тұрмыс-салттық музыка кәсіби дең­гейге ұласып кетіп отырған. Кеңес үкі­ме­ті тұсында бай мұрамыз, өнерпаздарымыз бір орталыққа шоғырланды да, аймақтар­да­ғы өнердің насихаты кемшін түсіп қалды. Әсі­ресе Қазақстанның солтүстік жағында. Сөйтіп, рухани қорғанысымыз әлсіреп кетті. Құлағына бесік жыры сіңген бала ешқашан ұлтын, тілін, ділін сатпайды. Ұлтының жан дүниесі, сезімі, рухы оның жүрегіне себіледі. Сол себепті, ұлттық музыкамыздың насихаты дұрыс жолға қойылып, мемлекеттен ауқымды қолдау табу керек. Ол болашақ ұрпақ үшін қажет.

– Көптеген республикалық байқау­лар­дан бас жүлдегер атандыңыз. Аста­на мен Алматыдай орталықтарда шә­кірт тәрбиелеп, еңбек ету ойыңызда жоқ па?

– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­­серваториясында Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың класында оқы­ған едім. Қою қоңыр дауысымызға қа­рап, кейбіреулер Қали Байжанов мектебіне ба­лап жатады. Қайрат, Жоламан аға­ла­ры­мыз­дың дауысы да сондай қоңыр болып ке­­леді ғой. Менің даусым, ән айту мәнерім Қа­ли Байжановқа жақын болса керек. Ел ішінде қиын-қыстау кез орын алған 1999-2002 жылдары Астана мемлекеттік фи­лар­мониясының әншісі ретінде жұмыс істедім. Үй де, күй де жоқ, жағдай мәз болмады. Өзім Керекудің тумасымын. Онда да қазақ әні дұрыс насихатталып, шәкірт тәр­бие­лейтін мектеп ашылуы қажет. Біз болмасақ, ту­ған жердегі ән өнерін кім көтереді? Орталықтар әнші-күйшіден кенде емес. Тағ­дыр солай шығар, «адамның басы – Ал­ла­ның добы» дейді ғой. Шамамыз кел­ген­ше Керекуде қазақ әнін насихаттап, сондағы ру­ханиятқа жұмыс істеп жүрміз.

– Кереку жерінде қазақ өнеріне қан­шалықты назар аударылуда? Бұл өңір­де орыстілді ортаның басымдыққа ие екені жасырын емес қой. Концерт­тер­ге жиі шығып тұрасыз ба?

– Қазақ жерінің бәрі қасиетті емес пе? Ке­реку – соның ішінде ерекше өңір. Кешегі Жаяу Мұса, Естай, Жарылғапберді, Майра, Қа­ли, Иса, Байғабыл тәрізді ұлы тұлғалар ту­дырған өлке. Осы киелі топырақта Қаныш Сәт­баев, Шәкен Аймановтай қазақтың да­ра перзенттері дүниеге келген. Отарлау сая­саты ТМД аумағында Қазақсанда, со­ның ішінде солтүстік өңірде қатты жүргізілді. Мә­дениетті сақтап, жетілдіру үшін мықты кә­сіби мамандар қажет. Кешегі Естай, Май­раларға шәкірт болған Байғабылдан кейін Ке­рекуде ән үзілген. Байғабыл атамыз 1977 жылы дүниеден озды. Билік басында отыр­ған басқа ұлт өкілдеріне қазақтың ән өне­рі керексіз еді. Бұл кезде Семей жақта Мә­дениет Ешекеев, Болат Сыбановтар ұлт­тық өнерді сақтап отырды. 1996 жылы Пав­лодарда филармонияның жабылып қа­луына да сондай жағдай ықпал етті. Се­мей­дегі филармония неге жабылмады? Мә­дениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Тұр­сынғазы Рахимовтай азаматтар отырғанда, фи­лармония қайтіп жабылады? Мәдениетті ой­ламақ түгіл, нан табудың өзі қиынға соқ­қан заманда біздің филармония жабылып қал­ды. Байғабылдан кейін үзілген ән дәс­тү­рін мен жалғағандай болдым. 1997 жы­лы Чайковский атындағы саз колледжінде ән класын ашып, шәкірттер тәрбиеледім. Ел ішінде, ауыл арасында ән айтушылар бар ғой, бірақ кәсіби деңгейдегі Арқаның әні жойылған-тұғын. Туған өлкемде соған жан бітірдім деп есептеймін.

– Шәкірттер тәрбиелеп жатырмын деп айтып қалдыңыз. Олардың жағ­да­йы қалай?

– Өкініштісі сол, Керекуде әлі күнге де­йін облыстық филармония жоқ. Музыкалық колледжде бір-екі әнші жұмыс істеуші едік, былтыр ол жерден мені қысқартып тастады. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Пав­ло­дар мемлекеттік университетінің про­фес­сорымын. Астана филармониясында жүр­генімде университеттің сол кездегі рек­торы Ерлан Арын: «Елге келсеңші, жағ­да­йыңды жасап, үй алып береміз. Бізге сен­дей мамандар қажет», – деп ұсыныс тас­тады. Айтқанындай-ақ, үй алып беріп, бі­лім ордасының қасынан студенттік фи­лар­мония ашып, жұмысқа тұрғызды. Бұл кісі күні кеше Павлодар облысы әкімі бол­ды, Алла жазса, облыстық филармония аша­ды деген үмітіміз бар. Ерлан Арынның қа­зақ халқына, оның мәдениетіне, өнеріне де­ген көзқарасы оң екенін барша жұрт жақ­сы біледі. Кәсіби музыканттарды жұ­мыс­пен қамтып, үй-жай мәселелерін шешіп, атақ-марапатқа ұсынып, ел ішіне өнердің насихаттық шаруаларын ұйым­дас­ты­ратын – облыстық филармония. Филар­мо­ния әрбір облысқа ауадай қажет.

–  Бас дауысты Қали Байжанов мек­те­бінің ерекшелігі неде?

– Қазақ әндерінің басым көпшілігі шыр­қап салатын тенорлық дауысқа арналған. Қа­зақтың даласы кең болғаннан кейін Бір­жан сал, Ақан сері әндері де сондай. Сосын олар жеке дауысты орындаушылар емес пе? Бас дауысты әншілер бүкіл әлемде си­рек кездеседі, оның ішінде қазақта да өте аз ұшырасады. Қали Байжановтан кейінгі Мұрат Толыбаев, Жабай Тоғандықов деген баритон дауысты әншілер болған. Қайрат Байбосынов та жас кезінде бас дауыспен ән шырқады. Жоламан Құжиманов та сон­дай қоңыр дауысқа ие. Қали Байжанов – атақ­ты Жарылғапбердінің шәкірті. Ол Абай­­дың қасында бір жұма жатып әнін үй­реніп, әңгімесін тыңдаған шежіре кісі. Қай­рат ағаның шәкірттерінің бәрі ұстазына елік­теп, соның шеңберінен шыға алмай қа­лып жатады. Біз де Қайрат ағаның класында оқып жүріп Қали Байжановтың ар­тық­шы­лық­тарын көкірекке тоқып, бойымызға сі­ңіруге тырыстық. Соның арқасында Қали Бай­­жанов пен Қайрат Байбосыновтың ор­та­сынан ешкімге ұқсамайтын өз арнамызды тапқандай болдық. Меніңше, қазіргі кездегі ең басты мәселе – дәстүрді бұзбай қаз-қал­пында сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.

– Бүгінде дәстүрлі өнер өкілдерінің ішін­дегі жалғыз бас дауысты әншісіз. Соңғы кездері қыз дауысты әншілер мен жылаңқы әндер қаптап кеткендей кө­рінеді. Мұның зардаптары қандай бо­луы мүмкін?

– Қазақ елінде ежелден батырлар көп туыл­ды. Ұлттық рухының биік болуына ән­де­ріміз бен жырларымыздың, күйлеріміздің ас­қақ болып келуі әсер етті. Қазақ хандығы құ­ла­ғаннан кейін де ұлт-азаттық көте­рі­лістер жиі болды. Алаш қайраткерлерінің ұлттық идея негізінде мемлекет құруға бастарын бәйгеге тігіп, жанталаса кірісті. Со­ның бәрінде біздің ән-жырымыздың ор­ны ерекше.

Қайсыбіреулер: «Абай неге ана ту­ралы өлең шығармаған?» – деп сұрақ қоя­ды. Жауынгер халық «әке-шеше» деп жылап отырмаған. Біздің жұрттың жүрегіне жауынгерлік рух көп себілген. Ба­ла­ларды батырлыққа қайтіп баулыған? Ба­ба­лары­мыз асқақ әнмен, батырлар жырымен, қиял-ғажайып ертегілермен ержүректікке, аза­маттыққа тәрбиелеген.

Жүрегінің рухы мық­ты адам әлбетте жауынгер болып ке­леді. Жауынгерлік рух азайғаннан жылап-сық­таған, мияулап-шиқылдаған әндердің қа­тары арта бастады. Қазақ айтады: «Әйел дауысты еркекте қайрат болмайды», – деп.

– Аузын құр жыбырлатып, фо­нограм­мамен сахнаға шығатындар ұлт­тық өнердің көшін алға тартып жүр­ген, зор дауысты сіздерден әлдеқайда ол­жалырақ әрі қадірлірек екені – ащы шын­дық. Мұның сыры неде деп есеп­тейсіз?

– Мына техниканың дамыған за­ма­нын­да телеарналарды қалтасы қалың, ақшасы бар адамдар жаулап алды. Қазір сту­дия­лар­да нашар айтылған әнді компьютермен тү­зеп-күзеп шығара салады. Сонымен ха­лықты алдап, сахнаға шығады. Кейбір сал­та­натты шараларда  дыбыстың сапасы дұ­рыс болсын деп жазылып қойған дайын ән­дерді сұрап жатады. Телеарналарда да мұн­дай жайт кездеседі. Мұның бәрі фо­но­грам­маға әбден етіміз үйреніп кеткенін көр­сетеді. Негізі, әнші кез келген жерде өз да­уысымен жұмыс істеу керек. Мақпал Жү­нісова, Роза Рымбаева апаларымыз әлі күнге өз дауысымен айтып жүр ғой. Олар оқып-тоқып, соған жеткен. Ал қазіргілердің кө­бінің ешқандай музыкалық білімі жоқ. Фо­нограммамен ән айтып-ақ абыройға бө­л­еніп, үлкен атақтар алып жатыр. Біздің елімізде музыка сыншысы жетіспейді. Тіпті музыка сыны жоққа тән. Соның кесірінен эфирден пайдасынан зияны басым қойырт­пақ дүниелер беріледі. Музыка сыны Еу­ропа елдерінде XVIII-XIX ғасырларда да­мып кеткен. Бізде әлі қалыптаспай келеді. Қал­талылар ақшасын аямай бейнебаян тү­сі­ріп, оны телеарнадан беріп, оп-оңай әнші бо­лып шығады. Эфирге ән жаздыру үшін шын өнерпаздан да сондай ақша сұрайды. Шетелдік рок, рэп музыкаларын керісінше олардың өзідеріне ақша төлеп, халыққа көрсетеді. Жастарымыз сол даңғаза әуенге ел­тіп, тексіздікке бой алдыруда. Шетелдің му­зыкасына айқара есік ашылып, төл өне­рі­мізге тосқауыл қойылып тұр. Бұл – рухани қа­уіпсіздік шараларын ойластыр­маға­ны­мыздың салдары.

– Қандай шығармашылық жаңа­лық­та­рыңыз бар?

– 2004 жылы жеке дискімді шығардым. Біз­дің міндет – бұрын ата-бабаларымыз ай­тып кеткен әндерді қайталап жаңғыртып, оны халыққа ұсыну. Оның үстіне, өнерге кей­­де дұрыс, кейде бұрыс қарайтын бас­шылары басым, отарлау саясаты қатты жүр­гізілген, мәдени орталықтан шеткері ай­мақта шығармашылық та алға баспайды. Шы­ны керек, мәдениет саласын басқарып отырған адамдар қазақтың ұлттық өнеріне жанашырлық танытпайды. Әйтеуір өз­дерінің шенеунік болып, «патшатақтарына» отыр­ғандарына мәз болған кісілер…

– Тілдерді дамыту, мәдениет бас­қар­маларының басында мемлекеттік тіл­ді білмейтін, мемлекет құрушы қа­зақ ұлтын менсінбейтін азаматтар оты­ра­тыны түсініксіз.

– Рас, мәдениет саласын мәдениеттен ха­барсыз адамдар басқарады. Соған қа­рамастан, былтыр жазда екі қайырымдылық кон­церт бердім. Ауыл-ауданды аралап, тіп­ті қаланың өзінде жеке концерттерімді өт­кі­зіп тұрамын. Алдағы наурыз айының ая­ғына таман Павлодар қаласында жеке ән ке­шімді ұйымдастырмақ ойым бар.

Сөйтіп, ұлттық өнерімізді ел құлағына сіңіре беру қажет. Түрікмендердің азаннан қара кешке дейін тек қана өз салт-дәстүрлері мен ән-күйлерін беріп жататын арнасы бар. Өйткені онда ұлттық саясат жолға қойылған. «Мә­де­ниет» телеарнасы да сондай дәрежеде бол­са ғой, шіркін! Біржан сал, Ақан серіні біл­мейтін жастарымыз шетелдік әншілерді жіп­ке тізгендей айтып бере алады. Ел­ба­сының «Мәдени мұра» бағдарламасы ая­сын­да «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 кү­йі» жарық көрді ғой, сол шал­ғай­да­ғы ел­ді мекендерге жете бермейді. Ұлт­тық ән­де­ріміз бен күйлерімізді кез келген дү­кен сө­релерінен сатып алуға болатын күн­ді аң­сай­мын. Мысалы, жекелеген әнші­лер мен күй­шілердің дискілерін шығару жө­нінде жо­ба қолға алынса, олар барлық ай­­мақ­тарға таратылса, керемет болар еді. Тек­сіз, же­ңіл музыка адамды аздырып, тоз­ды­рады, дұ­рыс музыка саналы тыңдарман тәр­­бие­лейді. Бүгінде тобырлық мәдениет бе­­лең алып тұр. Бұған эстрадалық әншілер жақ­сы жұмыс істеп жатыр. Түріктің, фран­цуз­дың, латынамерикалықтардың әнін ұрлап алып, композитор атанып жүргендері қаншама?

– Әйгілі әнші-композитор Естай Бер­­кімбайұлының ауылында туған екен­сіз.

– Естай туған Ақкөл-Жайылмада кіндік қа­ным тамды. Бұл ауыл Көкшетау мен Ерей­ментауға жақын орын тепкен. Естай – Бір­жан сал, Ақан серінің шәкірті. Біржан сал Ақкөлге келіп, Шыман қажының үйіне тү­сіпті. Ол біршама әндеткен соң: «Бұл елде ән салатындар бар ма?» – деп сұрапты. Шах­меттің Төлеубайы деген ауыл әншісі Бір­жан салдың алдында ән айтуға дәті жет­пе­гендіктен, Шыман қажының үйіне бет­те­мей қойыпты. Осы жиында 16 жасар Естай ән шырқайды. Біржан сал: «Мына баланың да­уысында әруақ бар екен», – деп бағалап, со­ңынан ертіп кетіпті. Естай Біржан салға екі ай шәкірт болады. Ақкөл өңіріндегі Әл­хам­бек деген шебер-домбырашыны Бір­жан сал солақай Естайға арнап домбыра жа­сауға, оны шертіп үйретуге қолқа салып, жол жүріп кетіпті. Келесі жылы Естай Ақан се­ріні іздеп барып, ән үйренеді.                                                                                                                 Естай мен Қорлан махаббаты – расында өмір­де болған оқиға. Естай Исаның Қабы­шы­мен күйеу жолдас болып Марал­дыға ба­рады. Иса – бәсентин руындағы аға сұл­тан болған атақты да дәулетті Қазанғаптың не­мересі. Қалың қарағайлы Сібір жақты «Іш» деп атаған. Бұл жақтың салты бойынша пар ат жегіп, шанамен құдалыққа қыста ке­леді екен. Бұлар Қыпшақ руының Сұлтан, Сұң­қар деген ағайынды болыс-билердің үйі­не түседі. Қорлан Сұлтан болыстың қызы бол­са керек. Сол құдалықта Естай мен Қор­лан тұңғыш рет жүздеседі. Естай мен Қа­быш бір айдай сонда қонақтап қайтады. Бірақ Қорланның айттырылып қойған жері бар-тұғын. Естай Қорланға көктемде бар­мақ болғанда сең жүріп, өзеннен өте алмай қалады. Ел ішінде сөз жатпайды. Естай ту­ралы болысқа хабар жетіп, қызын айт­тырылып қойған жеріне шұғыл аттандырып жі­береді. Қорлан Естайға жүзігін сыйға тарт­қаны, оны ұлы әнші өзімен бірге жер­леуге аманат еткені де аңыз емес, ақиқат.

– Естайдың артында ұрпағы қалды ма?

– Естайдың екі ұлы болған. Бір ұлы Ом­бы­ға оқуға сапар шегіп, хабарсыз кетсе, екін­ші ұлы сұрапыл соғысқа барғаннан сол кү­йі оралмаған. Ауылымызда 80-нің сең­гі­рінен асып қалған немересі бар. Зекен апа­мыз Естайдың көзін көріп, әңгімесін ес­тіген. Атамыз 1946 жылы дүниеден оз­ған­ша ұлынан қалған екі қызды бағып-қағып же­тілдіреді. Өзім де Естайға жиен болып келемін.

– Керекуден шыққан әйгілі тұлғаның бірі – Жаяу Мұса. Ел арасында ол кісі жө­нінде тың деректердің шеті шықпады ма?

– Жаяу Мұса туралы роман жазған жа­зушы Зейтін Ақышевтан асып түскен ешкім жоқ. Ол кісі шығармасын нақты деректер не­гізінде қағазға түсірген. Мұндай ба­ба­ла­ры­мыздың мұрасы мейлінше мол на­си­хат­талғаны жөн. Жаяу Мұсаның 5-6 ғана әні ел­­ге тараған, қалған шығармалары жұртқа жет­пей жатыр.

Оқшау ой…

– Астана, Алматы және барлық облыс орталықтарында дәстүрлі музыканың концерттері айына бір рет өткізіліп тұратын болса деймін. Сол арқылы көрермен, тыңдарман тәрбиелеуге болар еді. Мысалы, облыстағы ұлттық ән-күй өкілдерінің концерті мемлекеттік қолдау негізінде жиі-жиі ұйымдастырылса, халықтың жоғалтқан ұлттық танымы қайта оралар еді. Он жыл жасалған сондай жұмыс өз жемісін бере бастайды. Шетелдік қонақтарға да ұялмай көрсететін бай мұрамыз бар емес пе? Ұлттық өнерге байланысты телебағдарламалар көбейсе, бейнебаяндар түсірілсе, құба-құп болар еді.

Әншілер әзілі

– Марқұм Келдембай аға: «Мен жасы үлкен Шәкірмен дос болдым, сен 20 жас үлкен менімен дос болдың», – деп отыратын. Кейін бір отырыста: «Шәкір мені дос етті, мен Шәкірге еліктеп, Ерболды дос қылдым. Бірақ менен Шәкір шықпады, Ерболдан Келдембай шықпады», – дегені бар еді.


Арман ӘУБӘКІР

Пікірлер