Аманжол Найманбай, этнодизайнер: 52 мұражай жасаған мені ешкім танымайды

2888
Adyrna.kz Telegram
– Этнодизайн деген сала қазақ өнері үшін тым таңсық әрі кең дамымаған сала ғой. Мұнымен айналысуға қандай жағдай себеп болды?

– Музыка, әсіресе қазақтың күйлері менің өнерімнің өрісі. Өнердің жанашыры, маған мұқалмас жігер берген Өзбекәлі Жәнібеков еді. Ол кісі Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалған кезде, Сәбит Мұқановтың мұражайын ашу керек болды. Өзекең «мұражайдан хабары бар кім бар?» деген кезде, мекеме басшылары мені жіберуді ұйғарды. Бардым. Өзбекәлі аға менімен көп сөйлескен жоқ. Мән бермегендей болды. «Сені жіберіпті ғой, бала. Жұмыс істей білесің бе? Бұрын мұражайда істеп көріп пе едің?», – деді. «Жоқ». «Онда неменеге келдің?», – деді. «Енді мені жіберген соң келдім». Жауабым ұнамаса керек. Үндемеді. Арада біраз уақыт өткенде С.Мұқановтың мұражайын жасатуға Мәскеуден В.Лозев деген архитектор-суретшіні шақыртты. Соның қасына ассистент қылып қосып қойды.  Екеуміз бірге жұмыс істедік. Ол маған бәрін түсіндіріп шықты. Түсінбесем, «сауатсыз екен» деп қалмасын деп, басымды шұлғи берем. Маған осы түсінгенің бойынша суретін сызып кел деп тапсырма берді. Бір аптадан кейін алып бардым. В.Лозев: «Сен менің айтқандарымды түсінген жоқсың. Білгем. Бірақ жасаған жұмыстарың мен айтқандағыдан да жоғары шығыпты», – деді. Маған «Мәскеуден бекер келіппін. Осында жақсы мамандар бар екен. Өзбекәліге айтам. Маған осы Алматыдан үй бермекші еді. Мен мұнда не істеймін? Мәскеуден келе алмаймын мұнда. Мына жұмыстарың жақсы. Өздерің-ақ істей алады екенсіңдер», – деді. Екі күннен кейін Өзекең маған: «Әй, мұрт, сенің жұмыстарың жақсы дейді ғой. Енді сен істейсің мұражайды», – деді. Сөйтіп 1976 жылы Сәбит Мұқановтың мұражайын жасақтап шықтым. Менің қалыптасуыма, тақырып таңдауыма Өзекең көп ықпал етті. Мұражай дегеннің не екеніне көзімді ашқан, батасын берген сол кісі болатын. Содан бері қарай, 40 жылдан бері 52 мұражайдың дүниеге келуіне атсалысыппын. Оның біразы авторлық, қалғандары басқалармен бірігіп жасаған жұмыстар. Жоғалып кетпесін деген ниетпен қазақтың тұрмыс салтында ерекше орын алатын киіз үйді дамытуға кірістім. 1988 жылы алғаш рет Алматыда Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Сол кезде киіз үй қою керек деген мәселе көтерілді. Соны өз мойныма алдым. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков: «Алматыда мұражай ашсақ, сонда киіз үйді дәріптесек оның түрі көп қой. Соның бәрін өзің дайындасаң дұрыс болар еді», – деген-ді. Сол кісінің аманаты, бір арманы болған істі орындамақ ниеттемін.

«Көшпенділер» фильміне 162 киіз үй жасап бердім. 2002 Францияға «Қазақ ауылы» деген атпен 10 киіз үй алып бардық. Сосын Президентімізге 2004 жылы «Ақ орда» тігіп апардым. Бір жылдан кейін Елбасының тапсырмасы бойынша Мәскеуге В. Путинге Ресейдегі Қазақстан жылдарына байланысты 2 жеті қанатты киіз үй жасадым. Оның біріншісін бүгінгі заманға сай етіп, екіншісін антиквар ретінде ескі бұйымдардан жасақтадық.

Өнер әрқашанда өркендеп, өрістеп отыруы тиіс қой. Киіз үйге де жаңаша жан бітіріп, жаңа дизайндық үлгімен әр беріп жарақтаймыз. Бұрын мұражайды біз мүлгіген, қозғалыссыз, жансыз дүние деп қабылдайтынбыз. Ал шын мәнінде мұражай – бұл өзгеше ғылым, бұл тарих, мәдениет ошағы, үлкен өнер. Экспонаттарды халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін өнер керек. Егер ол тақырыпты ашып тұрмаса, онда көрме сияқты боп қалады. Ал көрме мен мұражайдың екеуі екі түрлі дүние ғой. Көрме уақытша қойылады. Ал мұражай ғасырларға лайықталып жасалады. Сондықтан әр мұражайдың өзіндік бет-бейнесі болуы керек. Мұражайға кіріп келген кезде, келушіні табалдырықтан бастап, барлық жәдігерлер өзіндік ерекшеліктерімен әсер етіп, арбап алуы керек. Ондағы тұрған құжат бола ма, жәдігер бола ма, ол өліні тірілтіп тұруы тиіс. Осы жерде біз Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған еңбегін ескергеніміз жөн. Сол кісінің айқайымен, талап қоюымен ширадық. Жетілдік. Шындығында жасаған макетіңе сын көзбен қарасаң, бірнеше қателік табасың. Мұражай мәдениетін, дәстүрін осылай үйреткен бізге. Сол Өзекеңнің мектебінен тәлім алған шәкірттері қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Менің таңғалатыным, мұражай саласында еңбек еткендердің ешуақытта аты шықпайтындығы. Ал екі ән айтып, аузын жыбырлатқанның бәрін ел таниды. Жұлдыз. Ал 52 мұражай жасаған мені ешкім танымайды. Менің сол 52 мұражайым 52 кітапқа татырлық дүние. Бізде жарнама жоқ, соған қарамастан бұл салада нағыз өнердің жанкүйерлері жұмыс істеп жүр. Мен өнер жұлдыздары сияқты атағым шықпады демеймін…Шымкенттегі Абай мұражайын, Отырардағы Әл-Фараби руханият мұражайын, Түркістандағы тарихи-этнографиялық орталықты жасап шықтық. Әр жәдігердің ар жағында халықтың тарихы, неше ғасырдың рухы, әруақтар тұр. Сол үшін жұмыс істейміз. Түркістанда ашылған Нәзір Төреқұловтың мұражайында аудан, облыс басшыларының бірде-біреуі бізді ауыздарына алған жоқ, оған менің өкпем жоқ. Өйткені оның ар жағында Нәзірдің рухы тұр. Ол кісі 1932 жылы атылғаны белгілі. Біз үшін, келер ұрпақ үшін жанын қиған адам. «Айтпады, атақ бермеді» деп біз оны неге саудалауымыз керек? Мұражай үнсіздікті қалайтын өзгеше әлем. Онда ерекше рухи әлем бар… Өнердің өзінің де арзан жағы, күрделі жағы бар ғой. Әдебиетте оқырман болмаса, ол өлі дүние. Мәселен рок, поп музыканы қиқулатып жүріп жұлдыз боп кететіндер бар. Ал нағыз саф алтын осылардың көлеңкесінде қалып қояды. Сол сияқты мұражай саласындағы суретшілердің еңбегі де ескерусіз қалып кететіндігі өкінішті.

– Дүние жүзінде дизайн саласының орны ерек. Қалай ойлайсыз, қазақ осы өнерді тосырқап жүрген жоқ па?

– 1987 жылы елімізде Дизайнерлер одағы құрылған болатын. Бұл – өнердің күрделі саласы. Дизайнды ғылыми жұмыс, көркем шығармашылық десек те болады. Бүгінгі таңда бұл термин мода боп кетті. Не екенін түсінбейтіндер де бар. Негізі әлемде дизайнның 200-ден астам түрі бар. Соның Қазақстанда төрт-ақ түрі дамыған. Оның бірі – киім дизайны, екіншісі – ішкі интерьер, үшіншісі – баспа дизайны, сосын – этнодизайн. Одан басқа дизайн жоқ бізде. Көлік дизайны жоқ елімізде. Тіпті ыдыс-аяққа дейін сырттан келеді. Өйткені өндіріс жоқ. Соны қазір біз зерттеп жатырмыз. Тұтынатын дүниелердің барлығының бізге қатысы бар. Үстіміздегі киім, отырған орындық, жиһаз, шай ішіп отырған шәйнекке дейін дизайны бар. Бір ғана шәйнектің мыңдаған түрі шығарылады. Әрқайсысының авторы бар. Бірақ біз кезінде осыны мойындамадық. Жапонның техникасы, немістердің «Мерседесі» деп құлап жығылдық. Соның кесірінен артта қалып кеттік. Енді өндіріс дизайнын өркендету керек. Менің еңбек етіп жатқан салаларымның біріншісі – мұражай, екіншісі – ұлттық өнер, киіз үй, үшіншісі – дизайн. Қазір ұлттық дизайн саласы бойынша жастарға дәріс оқып, үйретіп жүрмін. Бабаларымыздың көзіндей болған қасиетті өнерді ұмыт қалдырмай, өркендету үстіндеміз. Елімізде дизайн саласы біртіндеп дамып келеді. Негізі, дизайн экономиканың көзі, керек десеңіз идеология да. Қазақтың дизайны дүние жүзіндегі прогресті дизайн. Киіз үйдің өзі дизайнның классикалық формасы. Қазақтың ұлттық киімдерінің дизайны еш елде жоқ. Соны дамыту үшін бүгінгі заманға сай ету үшін оған қаражат қажет. Үкіметтің ықыласы керек. Бізде талапты да, талантты жастар жетерлік. Дүние жүзінде 1954 жылға дейін осы ұлттық киімдер көрмесінен 48 алтын медаль алыппыз. Бұл дегенің – әлемде бұрын соңды болмаған жетістік…

– Еліміздегі ескерткіштерге көңіліңіз тола ма? Бізде ескерткішті екі-ақ кейіпте қояды ғой. Ақын, жазушы болса тұрғызып, не отырғызып қояды. Ал батыр болса, атқа мінгізіп дегендей…

– Бұл – бүгінгі қоғамдағы запыранымыз. Шынында да еліміздегі ескерткіштердің басым бөлігі бір қалыптан шыққандай. Кілең қолына қару ұстаған, атқа мінген батырлар. Тек астындағы жазуын өзгерт те қоя бер. Өз басым бұған қарсымын. Бұл дегенің соны жасаған адамның ой ұшқырлығының таусылғандығын көрсетеді. Әр батырдың өз ерекшеліктері бар. Мәселен Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың ескерткіштерін бірдей етуге болмайды. Ізденіп, ерекшеліктерін табу керек. Әйтеуір қолына найза ұстатсам, атқа мінгізіп жасасам, батыр боп шыға келеді деуге мүлдем болмайды. Ханның бәрін ойдан шығарып мүсіндеуге келмейді… Көбінесе пендешілікпен «ақшасын алсақ, монументті әйтеуір істеп берсек болды» деген ой тұрады. Бұл дұрыс емес. Жақсы ескерткіштеріміз бар, әрине. Оларды жоққа шығара алмаймыз. Ал көпшілігінде жаңағыдай бірсарындылық басым. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Астанада «звериный стиль» қаптап кетті. Бұл Астана ма, әлде зообақ па деп ойлайтынмын. Мына жақта да барысқа ұқсаған арыстан, ана жақта да тағы да бірдеңеге ұқсайтын арыстан. Бір-бірімен үндестік жоқ. Оны кезінде ескертіп айттық та. Қазір тыйылған сыңайлы. Бұл да фантазияның жоқтығы. Талғамның төмендігі.

– Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы дизайн факультетін бітіргендер шет елдерге барып жүлде алып келіп жатыр. Бірақ олардың дайындаған киімдері талғам биігінен  көрінбей жатады. Мұның сыры неде деп ойлайсыз? Дизайнерлеріміз жеткілікті дәрежеде жұмыс істеп жатқан жоқ па, әлде басқалай себебі бар ма?

– Бүгінде Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы ЖОО-да дизайн факультеттері бар. Бірақ осы факультеттерге сол баяғы сызу, бейнелеу деген пәндердің оқу бағдарламаларын аудара салған. Мәселен, бір дизайнер ұлттық нақыштағы дизайнмен тігілген ұлттық киімді алып келсе, сіз кимейсіз. Өйткені «есейтіп көрсетеді» дейсіз, тағы бір жерінің кемшілігін тауып аласыз. Әйтеуір ұнамайды. Өйткені біздің көзқарасымыз Еуропаға қарай қалыптасып қалған. Ол ықыласты бұратын – ақпарат құралдары. Дизайн өнері туралы жиі-жиі жариялап отырса, көзқарас өзгереді. Италиядан келетін сөмкелерде қазақтың орнаменттері бар. Бұл – шпионаж. Олар ұрлап алған. Соның бәрі өзіміздікі ғой, неге пайдаланбасқа? Тіпті сол аузымыздың суы құрып, тамсанатын италиялық етіктерге қазақша ою-өрнектің нобайы салынған. Бізде аяқ киім өндірісі дамымаған. Себебі осы шығар. Дизайнерлеріміздің жүлде алып жатқан киімдері батысқа еліктеп жасалған дүние. Қазір ұлттық идеология жоқ деп айтуға да болады. Ұлттық идеология болмағаннан кейін, ұлттық құндылықтар соңғы орынға сырғиды, киіміңе де, дәстүріңе де қырын қарайды. Халықтың ықыласы ұлттық идеологияға негізделгенде ғана сұраныс туады. Біздегі ұлттық сана солқылдақ. Ұлттық намысы бар адам ұлттық киімді неге кимейді?

Балтық жағалауындағы елдерде осыдан бірнеше ғасыр бұрын салынған үйлері ұлттық нақышымен сол күйі сақталынған. Қазір еліміздің жүрегі Астананы осы ғасырдың қаласы дейміз. Бірақ ондағы құрылыстар еуропалық үлгімен салынып жатыр, ұлттық нақыш жоқ деп көңілі толмай жүргендер көп. Бұған не дейсіз? Кейінгі ғасырларға Астана қандай келбетімен бармақ?

– Шындығында бұл бүгінгі таңдағы күрделі мәселе болып тұр. Бүгінгі салынып жатқан үйлердің 80 пайызының жобасы батыстан алынған. Ұлттық өрнек, ұлттық колорит атымен жоқ. Оның себебі расында неде? Ол сәулетшінің талғамының төмендігінен емес. Қаржысын төлейтін тапсырыс берушінің талабына сай болады. Олар Америкадан, Жапониядан болса, сол жақтың жобаларын алып келеді. Сөйтіп сәулетшіге:«Осыған сай етіп жасайсың, егер келтіре алмасаң, ақшасын төлемеймін», – дейді. Болды. Амал жоқ солай етуіне тура келеді. Әйтпесе сәулетшілердің фантазиясы төмен емес. Егер оған»ұлттық нақыш болсын» десең, жанын салып істейді.

Одан кейінгі бір мәселе, ұлттық калорит, ұлттық өнер дегенде нені айта аламыз? Осы кезеңге дейін қазақ сахарасында 4 мың жылдың ішінде 7 рет мемлекет ауысты. Арийлер, сақтар, ғұндар, оғыздар, түркілер, қыпшақтар келді. Шыңғыс хан дәуірі,  кешегі Алтын орда, Ресейге қосылған уақытымыз. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Ізі қалды. Таңбасы қалды. Соның қайсысын ұстанған дұрыс? Сақ дәуірін ұстаймыз ба, әлде түркілерді ме? Мұның бәрі де біздің ұлттық таңбамыз. Бірақ құртып алмау керек. Мәселен, бір ықшамауданға «сақ дәуірі» деп ат беріп, соны сақтардың стилімен жасап шығу керек. Ал екінші бір ықшамауданға «түркі мәдениеті» деп атау беріп, мәселен, «Күлтегін» деп атап, балбал тастармен жасақтап шығу керек. Қай нәрсені жасағанда да атына, тақырыбына үйлесімді етіп жасау керек.

Астана мен Алматы бүгінде пластмассаға айналып кетті. Мұны айтып та жатырмыз, мәселе етіп көтеріп те жатырмыз. Қазіргі қарқынды құрылыстың кезінде айтқанымыз айдалаға кетіп, көп еленбей жатыр. Бұған қазір мән бермесе, ертең кеш болады.

– Ұлттық нақыш десе, бізде дереу шаңырақты, одан қалса қошқар мүйіз оюларды жапсыра қояды. Одан басқа үлгілеріміз жоқ па сонда?

– Бұл да жаңағы атқа қондырып қойған батырдың ескерткіші сияқты ғой. Бұл да соның екінші формасы. Шаңырақ – қасиетті зат. Оның бұрынғы атауы – Отан. Ол көне түркі тілінен аударғанда «ан» деген – көк әлем, «от» деген –ортасында тұрған күн деген сөз. Отан деген содан шыққан. Қазақ бүкіл өмірін сонымен байланыстырады. Отау деген бар. Үй егесін отағасы дейміз. Отбасы, отанасы деген қасиетті сөздеріміз тағы бар. Осының бәрі де бір шаңырақтың астына ұйысқандықты білдіреді. Киелі нәрсені не болса, соған жапсыра беруге болмайды. Қазақша оюлардың мыңдаған түрі бар. Тек қошқар мүйіз ғана емес. Аңдарды, өсімдіктерді бейнелейтін орнаменттер бар. Оның өзі де бірнеше түрге бөлінеді. Орнаменттердің өзіндік үні, өзіндік мәні бар. Оларды ретімен пайдалана білсе, үлкен дүние шығаруға болады. Ойсыз, талғамсыз пайдаланылған дүние ешқашан да жақсы болып шықпайды.

– Жалпы шығармашылық адамдары ерекше көзге түскіш келеді. Әсіресе суретшілер. Олардың көпшілігі шаштарын, сақалдарын өсіріп ерекшеленуге құмар келеді. Сізден де соны байқаймыз…

– Жалпы түркілер кезінде шаштарын өсіріп, өріп қоятын болған. Негізі, олар шаштарын алмайды екен. Бұл қазақтардың үрдісінде бар нәрсе. Шаш алу кейіннен мұсылман дінін қабылдағаннан кейін енген. Мен осы ұзын шашыммен жүргеніме 35 жыл болды. Бұл еліктеушілік емес, өзіме осылай ұнайды.

– Нарық заманы нық табан тірегенде көптеген сала қайраңда қалғандай күй кешкені рас. Ол суретшілерге де салқынын тигізді. Олар тарихта қалатын туынды салғаннан гөрі, күн көрістің қамын күйттеп кетті. Содан заманға ыңғайланып өтімді сурет салуды бастап кеткендей. Бұл бейнелеу өнерінің бәсін түсірмей ме?

– Қазір бейнелеу саласында ізденіс жоқ емес, бар. Кейінгі кезде бір үрдіс пайда болды. Одақ тарағаннан кейін әр суретші қолындағы жасаған туындысы өтуі үшін күн-түн демей еңбектенді. Абстракция, тағы да басқа тақырыпқа ауысып кеткендер көп. Қазіргі жастардың ағымында батысқа еліктеушілік басым. Соған бейімделушілік бар. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Бұрынғыдай туындылардың бәрін сатып алып, галереяға қойып жатса, бағалап жатса, онда әлбетте ілгерілеушілік болар еді… Кейінгі кезде еліктеушілікпен жасалған арзанқол туындылар көбейіп кетті. Рас. Бұрын да болған. Қазір де бар. Келешекте де бола береді…

– Әңгімеңізге рахмет!


Жаннұр ЖҰМАШ, «Халық сөзі».
Пікірлер