Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушылардан моральдық шығын ретінде 660 млн теңге өндіруді сұрады. Бұл туралы бүгін, 29 мамырда жәбірленуші тараптың адвокаты айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Cот отырысында жәбірленуші тарап өкілдері сотқа іс бойынша жәбірленуші болып танылған Қаржаубай Нұрымов, Жұмабике Қадырова және Гүлбарам Бишембиеваға келтірілген моральдық шығынды өтеу туралы өтінішхат білдірді.
Абзал Шынасыл мен Равиль Сакиевтен Қаржаубай Нұрымовтың пайдасына 100 млн теңге өтемақы өндіру сұралды. Ал қалған 6 сотталушыдан әрқайсысы 20 млн теңгеден, яғни 120 млн теңге өтемақы талап етілді.
Шерзаттың анасы мен әжесіне де осы соманы төлеу сұралды. Одан бөлек, жерлеуге жұмсалған шығын ретінде 2 млн 794 мың теңге өндіру қажет екені айтылды.
Жәбірленуші тарап сұраған материалдық және моральдық шығынның жалпы сомасы 662 794 мың теңгені құрады.