Келісімшарт дауы. "Ақтөбе" хоккейшілері клубқа қарсы сотқа жүгінді

1648
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/61ce9a53-ae04-4a3a-a564-988207ad3afe-960x500.jpeg?token=46a342f902ce2103a0d2874965b121aa

"Ақтөбе" хоккей клубының негізгі құрамындағы ойыншылары жұмыс берушіге қарсы сотқа ұжымдық талап-арыз түсірді. Бұл туралы Shaiba.kz Instagram арнасы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Спортшылардың айтуынша, келісімшарттардың бұзылуы еңбек заңнамасын сақтамай жүзеге асқан.

2025 жылғы 5 наурызда клуб бірқатар хоккейшілермен келісімшартты тоқтатты. Ресми себеп ретінде келісімшарттағы 9.7.2 тармағы көрсетілген. Бұл тармақ бойынша, команда 2024–2025 жылғы маусымдағы Қазақстан Республикасы чемпионатының ерлер командалары арасындағы екінші кезеңінің жартылай финалына өте алмаған жағдайда келісімшарт бұзылады. Еске салайық, "Ақтөбе" маусымды плей-оффтың бірінші кезеңінде "Торпедо" командасынан 1:4 есебімен жеңіліп аяқтаған.

Сотқа жолданған талапта спортшылар бұйрықты заңсыз деп тануды сұрап отыр. Сондай-ақ, 7 наурыздан бастап күндерді мәжбүрлі демалыс ретінде мойындап, осы уақыт үшін жалақы төлеуді және моральдық шығынды өтеуді талап етуде. Кейбір ойыншылар

үш жылдық келісімшарттың тек бір жылын ғана өтеген. Олардың айтуынша, келісімшарттар бұзылғаннан кейін олар жатақханадан шығарылып, тамақтандыру мен жаттығу мүмкіндігінен айырылған.

Ақпаратқа сәйкес, арызда 9.7.2 тармағы Pro Hokei Ligasy лигасының типтік келісімшарттарына тек 2024–2025 жылғы маусым басталар алдында енгізілгені де көрсетілген. Алайда лига да, Қазақстан хоккей федерациясы да оның нақты қолдану тәртібін бекітпеген. Бұған қоса, хоккейшілердің мәртебесі мен ауысуы туралы ережеге сәйкес, егер келісімшарт клубтың бастамасымен бұзылса, спортшыға келісімшарттың орындалмаған мерзімі үшін өтемақы төленуі тиіс. Бұл талаптар орындалмаған.

Жағдаймен таныс заңгерлер клубтың әрекеттері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын және спортшылардың құқықтарын бұзады деп санайды. Бұл — лига тарихында келісімшарттың дәл осы тармағына байланысты сотқа жүгініп отырған алғашқы жағдай.

Комментарии