31 мамыр — саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл — қазақ халқы үшін қаралы күн ғана емес, тарихи әділетті қалпына келтіруге үндейтін рухани жауапкершілік. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы бірнеше рет аштыққа ұшырап, миллиондаған адамынан айырылды. Қолдан жасалған нәубет пен саяси қуғын-сүргіннің ауыр салдары ұлт жадында өшпестей із қалдырды.
Осыған байланысты біз — Республикалық саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлымен сұхбаттасып, ұлт жадындағы зұлматты жаңғырту, тарихи әділеттілік пен бүгінгі жағдай туралы әңгімелестік.
«ҚАУЫМДАСТЫҚ ЖҰМЫСЫ ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАДЫ»
– Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастықтың төрағасысыз. Алдымен, осы қауымдастық туралы айтсақ. Халыққа айтар жаңалық бар ма?
– 2019 жылдан бастап біздің қауымдастықтың жұмысы тоқырауға ұшырап отыр. Кезіндегі НКВД мен КГБ үйі – 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаев, яғни Қазақстанның тұңғыш президенті қол қойып бекітіп берген жоба бойынша, саяси қуғын-сүргін тарихына арналған мұражай кешені болуы керек еді. Сол кешенге НКВД мен КГБ-ның ғимараты, оның ауласындағы атақты Түркістан түрмесі, атышулы Қарағай саябағы және Шайховский мен Наурызбай батыр көшелерінің арасындағы аллея түгел кіруі тиіс еді.
Біз сол жұмысты бастап та кеттік. Мұражай жұмыс істей бастады. Аллеяның екі бетіне түгелдей мәрмәр тастар орнатылып, сол тастарға атылғандардың – халық жауы деп атылып кеткендердің – аты-жөндері жазылуы керек болатын.
Қазіргі тұрған ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің қарсы бетінде, “халық жауы” болып атылған қазақ зиялыларына арналған ескерткіш тұруы керек еді. Бірақ өкінішке қарай, 2005 жылы НКВД мен КГБ-ның үйі заңсыз, құйтырқы жолмен жекешелендіріліп кетті. Бұған себеп – көзі шел басып, әбден дүниеқоңыздыққа салынған адамдардың тарихты таптап, осыншама қазақтың зиялылары мен бетке ұстар азаматтарын азаптаған, қаны төгілген тарихи орынды өз қолымызбен беріп қоюымыз.
Мен сол 2005 жылдан бастап, 2019 жылға дейін күрестім. Президентке, барлық жерге жыл сайын хат жолдап отырдым. Ең соңында бұл ғимарат қолдан-қолға өтіп, сатылып кетті. Сол кезде мен жұртты жинап, тарихи ғимаратты сақтап қалу мақсатында акция өткіздім. Сонда әлгі жаңа қожайындардың өзі шығып “жарайды, бізге ақшамызды қайтарыңдар, ғимаратты алыңдар", деп ұсыныс айтты. Бірақ біз ол ұсынысты жүзеге асыра алмадық, себебі ғимаратты қайтарып алуға қажетті ақшаны таба алмадық. Биліктегілер де қайтаруға ниеттенбеді. Осылайша тарихымызды таптаттық. Міне, осыған менің жаным ауырады, жүрегім түйіледі.
Қандай жұмыс істеп отыр едік? Мұражай жұмыс істеп тұрған кезде жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан, студенттер, оқушылар, қарапайым халық келіп, қазақтың басына түскен тозақты, нәубетті, зұлмат-зобалаңды көзімен көріп, тарихпен танысып шығатын. Сонда олардың санасы мүлдем өзгеріп, қазаққа деген жанашырлығы оянып, жүрегі елжіреп, рухы тірілетін. Біз мемлекеттің атқаратын жұмысын өзіміз атқарып жүргенбіз. Ал қазір – отыратын орнымыз да жоқ. Тек атымыз бар, телефонымыз бар, сол арқылы ғана жұмыс жүргізіп отырмыз. Бұл – өкінішті жағдай.
Бірақ біз бұл ғимаратты бәрібір қайтарып алуымыз керек. Ол – міндет. Бұл – тарих алдындағы борышымыз. Ғимаратты өз тарихи қызметіне жұмсауымыз қажет.
Енді бір үлкен жаңалықты, бір өзгерісті атап өткім келеді. 2020 жылы қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Бұл мемлекеттік комиссия – 1990 жылы құрылған алғашқы комиссияның жалғасы. Комиссия жұмысы барысында анықталғандай, 1929–1932 жылдары қазақ халқы Кеңес үкіметіне қарсы 500-ден аса көтеріліске шыққан екен.
Бұрынғы есеп бойынша біз 273 немесе 372 көтеріліс деп жүргенбіз. Бірақ кейінгі зерттеу деректері бұл санның 500-ден де асып түсетінін көрсетті. Осы көтерілістердің бәрі қарумен жаншылып, қатыгездікпен басып тасталған.
Мен де сол комиссияның мүшесі ретінде жұмыс істедім. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілес елдердің архивтерінен қазақтарға қатысты, қуғын-сүргінге байланысты құжаттар жиналды.
— Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демографиялық жағдайы туралы не айта аласыз? Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдарында халық саны қаншалықты қысқарды?
– Қазақтың санына қатысты мына бір маңызды деректі айта кетейін. Бүгін ғана "Қазақстан дәуірі" атты газеттен мынадай мәліметтерді оқып отырмын: 1916–1918 жылдары 1,5–2 миллионға дейін қазақ босып кеткен, 300 мыңнан 1 миллионға дейін ашаршылықтан қырылған, 1919–1923 жылдары 1,7–2,3 миллион босып кеткен, 2–2,5 миллион ашаршылықтан көз жұмған, 1929–1933 жылдары 1,8 миллион босып кеткен, 2,4 миллионнан 3 миллионға дейін ашаршылықтан өлген. Осының бәрін есептегенде, қырылғандардың саны 10 миллионға дейін жетеді. Тек аштықтан қырылғандар санының өзі 6 миллионнан асып кетеді.
Сондықтан бұл дерекке сенуге болады. Мысалы, 1921 жылы Орынборда шыққан Чулошников деген орыс ғалымының еңбегінде 1911 жылы қазақтардың саны 8 миллион 560 мың болған деп көрсетілген. Бұл туралы қазақтың белгілі жазушысы Смағұл Елубай ағамыз айтты.
Тағы бір дерек бойынша, Октябрь революциясына байланысты жасалған құжаттардың бірінде 1917 жылы қазақтардың саны 10 миллион деп келтірілген екен. Ал енді 1917 мен 1937 жылдың аралығын алсақ, яғни 20 жылдың ішінде 10 миллион қазақтан 2 миллион 400 мың ғана қалған. Сонда қалған 7 миллион 600 мың қазақ қайда кетті?
Бұл – қазақ ұлтының басына түскен ең ауыр нәубет. Мұндай зұлмат, мұндай қорлық ешбір өз жерінде отырған ұлттың басына түспеген. Бұның бәрінің астарында не жатыр? Бұның артында қазақтың кең, қойнауы-қоншы толған бай жеріне көз тіккен саясат жатыр.
1932 жылы қазақтар жаппай қырыла бастаған кезде біздің басшылар Сталинге телеграмма жолдап, “аң аулауға рұқсат беріңіздер" деп өтінген. Бірақ сол телеграммаға жауап ретінде “аң аулайтын болсаңдар – жазаланасыңдар", деген. Бұл – қазақты аңнан да кем санағандары.
Кейін 1937 жылы қазақ зиялыларының жаппай қырылуы жалғасты. Қазір кейбір жас тарихшылар КГБ архивінен алынған құжаттарды негізге алып, "қазақтар бір-бірін сатқан" деген әңгімелер таратып жүр. Бірақ біздің қауымдастықтың негізін қалаған Бекболат Мұстафин ақсақал бұл туралы былай деген:
"Мен НКВД-ның қолына түсіп, қол қойған бірде-бір адамға өкпелемеймін. Себебі оларды айлап сабап, есінен тандырғанша азаптайтын. Қандай құжатқа қол қойғаныңды білмей қалатынбыз. Егер өкпелесем, сырттай көрсетіп бергендерге өкпелеймін," дейтін.
Сондықтан архивтен табылған құжаттарды зерттеушілер пайдалансын, бірақ оны жұртқа жария етіп, ұлт арасына іріткі салуға болмайды. Ол тек тарихшылардың ғылыми жұмысына керек.
«ХАЛЫҚ ШЫНДЫҚТЫҢ АЙТЫЛУЫН КҮТІП ОТЫР»
— Сіз бір сұхбатыңызда ашаршылықты “геноцид” деп тану керек деген едіңіз. Бірақ осы күнге дейін оны ресми түрде “геноцид” деп танымай келе жатқанымыздың себебі неде деп ойлайсыз?
–Бұл өте өзекті сұрақ. Мен бұл туралы талай рет айттым. Ашаршылық — қазақ халқының басынан өткен ең ауыр зұлматтардың бірі. Бұл — қолдан жасалған қасірет. Сондықтан оны “геноцид” деп атауымыз қажет.
Өкінішке қарай, осы күнге дейін бұл қасірет ресми түрде геноцид ретінде мойындалған жоқ. Біз бұл мәселені жыл сайын көтеріп келеміз. Мысалы, украиндар өздерінің ашаршылығын "Голодомор" деп атап, оны халықаралық деңгейде геноцид ретінде мойындатты. Олар бұл жолда бірлікпен күресті.
Тіпті бір жолы украиндар бізге “сіздерде ашаршылық кезінде пайыздық есеппен алғанда бізден де көп халықтан айырылғансыздар. Бірігейік, бірге үндеу жасап, әлемдік ұйымдарға шығайық” деді.
Бірақ сол кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы “ашаршылықты қайта-қайта қозғап, реніш тудырмаңдар” деп тоқтау салды. Алайда біз соған қарап қалған жоқпыз. Қоғамдық ұйымдар ретінде жұмысымызды жалғастыра бердік.
Бірақ бұндай маңызды тарихи мәселелерді ресми мойындату үшін мемлекет өзі бастама көтеруі тиіс. Біз тек қоғамдық деңгейде айта аламыз, ал оны заңдастыру – биліктің міндеті.
Бұл жерде біздің саяси басшылықтың батылсыздығы, жайбасарлығы кедергі болды. Ашаршылықты геноцид деп атау үшін халықаралық ұйымдарға шығу, тарихи дәлелдерді ұсыну, ресми түрде мойындату үшін жігерлі саясаткерлер, мемлекетшіл тұлғалар қажет. Мысалы, 1965 жылы Хрущев Қазақстанның бес облысын Ресейге қосам дегенде, Жұмабек Тәшенов “Бұл Конституцияға қайшы. Егер сіз осылай жалғастыра берсеңіз, мен халықаралық ұйымдарға жүгінемін”, деп қарсы шықты. Хрущев шегінді, жеріміз өзімізде қалды.
Қазір де дәл сондай тұлғалар керек. Халық қолдауға дайын. Халықтың шындықтың айтылуын күтіп отыр. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі билік үнсіз қалып отыр.
— Айтқандай, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысы үшін қиындықтар бар ма?
– Қазір, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін, ондай ешқандай кедергі жоқ. Бұрынғы КГБ-нің жасырын
архивтері, арнайы құжаттар — бәрі ашылды. Солардың негізінде том-том кітаптар дайындалып жатыр. Алда бұл деректер көпшілік қауымның қолына тиеді. Сондықтан бұл бағытта уайымдаудың қажеті жоқ. Табылған деректер, адамдардың есімдері, барлығы да дәлелдермен негізделіп, кітап түрінде жарияланады.
Қуғын-сүргін құрбандарын жыл сайын еске аламыз. Бірақ әлі күнге дейін ақталмағандары бар. Мысалы, 1929–1932 жылдары көтеріліске шыққандардың бәрі «бандит» деп танылып, ақталмады.
Ашаршылық пен көтерілістерге қатысқан, қырылған мыңдаған адамның құжаттары жоқ, есімдері ұмытылған. Дегенмен, іздесе табылады. Маған да адамдар хабарласып, “сол жылдары жоғалып кеткен атамыздың аты-жөнін тауып беріңізші, деп сұрайды. Бірақ бізде тұрақты кеңсе, қаржылай қолдау жоқ. Соған қарамастан, қолдан келгенше зерттеп, жұмыс істеп жүрміз.
— Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шерулер ұйымдастыруға еліміздің кейбір қалаларында рұқсат берілмеді. Сіз бұған не дейсіз?
Шынымды айтсам, ондай тосқауыл жайлы өзім естіген жоқпын. Бірақ менің ұстанымым — ешқандай тосқауыл болмауы керек. Бұл — біздің тарихымыз. Бұл — біздің ұлттық қасіретіміз. Осындай ауыр тарих арқылы біз ұрпақты тәрбиелеуіміз керек.
Ұрпақ өз бабаларының қандай зұлматтардан өткенін, қандай қорлық пен қиянат көргенін білуі тиіс. Сонда ғана оның бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік, нағыз патриоттық сезім оянады. Патриотизм — ең алдымен, өз халқыңның тарихын білуден басталады.
Мен өзім Алматыдағы жоғары оқу орындарын аралап, кездесулер өткізіп жүрмін. Тарих факультетінен басқа, көптеген студенттердің бұл зұлматтар туралы мүлде хабары жоқ. Қазақтың басынан мұндай нәубет өткенін естігенде таңғалып, алғаш естігендей болады. Сондықтан тарихты жастардың көзімен көріп, жүрегімен сезінуіне жағдай жасауымыз керек.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары жыл сайын әлсіреп бара жатқан секілді…
– Иә, өкінішке қарай, еске алу шаралары бұрынғыдай қуатты емес. Мысалы, 1997 жылы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жиырма шақты автобуспен баратынбыз. Бүгінде бар болғаны екі-ақ автобус, оның өзіне әр жерден қосыла салған, нақты репрессия құрбандарының ұрпағы емес адамдар мініп жүр.
Қуғын-сүргінге ұшырағандар азайып бара жатыр. Ал біз, солардың ұрпағы ретінде, қауымдастықтың атынан ұйымдассақ, қайтадан үлкен топ болып жиналар едік. Бірақ бізге нақты жұмыс істеуге мүмкіндік берілмей отыр.Мен өзім осы бағытта жастарды жұмылдырып, тарихпен жұмыс істейтін топты ұйымдастыра алар едім. Жастар арасында тарихқа шынайы қызығушылық танытып жүргендер көп, бірақ бізге тек мүмкіндік керек.
Біз тіпті елордадағы "Ақ жол" партиясынан бір бөлме сұрап хат жаздық. Олар өздерін "Алаштың мұрагеріміз" дейді, алайда “мүмкіндігіміз жоқ" деп жауап берді. Бүкіл бизнесмендердің басын қосып отырған партияға бір бөлмені беру қиын болды ма? Бұл – нағыз бетперде: сырттан алашшыл, ал іштей бейтарап.
«ЕЛДІҢ РУХЫ - ОНЫҢ ТАРИХЫНДА»
— Билік бұл іске неге немқұрайлы қарайды деп ойлайсыз?
— Былтыр 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қалалық әкімдікке келдім. Бұған дейін бірнеше жыл қатыса алмаған едім, өйткені Астанаға қоныс аударғанмын. Ішкі саясат басқармасының қызметкерлерімен сөйлестім. Олар маған: “Бізді сынамай-ақ қойыңызшы”, деді. Мен де келістім, уәде бердім. Бірақ сөзді әкім бастасын, мен қорытынды сөз сөйлейін деп өтініш айттым.
Алайда, әкім келіп, амандасудың орнына тік қарамай өте шықты. Сол сәтте мен де барлық шындықты айтып, ренішпен кетіп қалдық. Кейін ішкі саясат басқармасына хабарласқанымда олар: “аға, былтыр сіздің сөзіңізден кейін әкім орынбасары екеуміз жұмыстан шығып қалуға қалдық, биыл келмесеңіз екен” деді. Мен не істедім? Тек шындықты айттым. Ал олар қайта келгеніме, сөйлегеніме ұялғандай кейіп білдіреді. Бұл не масқара? Сонда мен — тарих үшін шырылдағаным үшін кінәлімін бе? Жасым жетпістен асты. Бірақ халыққа қиянат жасалып жатқанын көріп тұрып, үнсіз қала алмаймын.
Тарихымызды өзіміз бағаламасақ, оны ешкім де біз үшін сақтап қалмайды. Мен осыны айтып, шырылдап жүрмін. Егер бүгін біз — бұл жағдайды көріп, біліп отырғандар — үнсіз қалсақ, ертең өсіп келе жатқан ұрпақ ештеңе білмей өседі.
Сондықтан, ұлттық тарихты мектеп пен университет бағдарламасына жүйелі түрде енгізу, мұражайлар жұмысын күшейту, тарихты зерттейтін комиссиялар жұмысына еркіндік беру, қауымдастықтарға нақты қолдау көрсету керек. Мұның бәрі мемлекеттің стратегиялық міндеті болуға тиіс. Өйткені, елдің рухы — оның тарихында.
– Жас ұрпаққа тарихты, осынау зұлмат күннің қасіретін ұғындыруу үшін не істеуге болады?
– Біріншіден, музейлердің жұмысын жандандыру керек. Мысалы, Қарағанды маңындағы Долинкада репрессия құрбандарына арналған музей бар, Шымкентте де осындай музей бар. Осыларды қолдап, кеңейтіп, елге қолжетімді ету қажет.
Алматыдағы НКВД–КГБ үйін қайтаруымыз керек. Егер бізге сол мүмкіндікті берсе, мен өзім отырып, бүкіл жұмысты ұйымдастырар едім. Өйткені біз мемлекетке қажет идеологиялық жұмысты атқарып отырған едік. Алайда, өкінішке қарай, мені биліктегі ешкім жолатпайды.
— Ұлттың жадыны сақтап қалу үшін тек музей мен ескерткіш жеткілікті ме? Жастармен жұмыс істеудің қандай жаңа формалары керек деп ойлайсыз?
– Бұрын біздің орталыққа көптеген студент келіп тұратын. Тарихи деректер жинап, ғылыми жұмыстар жазатын. Міне, сол жұмыс тоқтап қалды. Біздің мақсатымыз – тек музей ашып қою емес, сол зұлмат туралы жиналған деректерді халыққа жеткізу, насихаттау.
Халықтың санасына сіңіру үшін тек музей аз. Бізге мектеп бағдарламасына арнайы сабақтар енгізу, ЖОО-ларда дәрістер басталғанда үш минуттық тарихи шолу жасау керек. Сонда ғана бұл зұлмат ұрпақ жадында сақталады. Мен бұл жайында жаздым да, айттым да. Бірақ қазіргі таңда 31 мамырда ғана еске аламыз, оның өзінде кейбір адамдар ғана, салтанатты концерт өткізумен шектелеміз. Шын мәніндегі ұғыныс, сезім, санада жаңғыру жоқ.
Халыққа тарихты жеткізу үшін тек ескерткіш емес, жүйелі насихат керек. Мектептерде арнайы сабақтар енгізілуі керек. Университеттерде ұстаздар дәріс алдында үш-ақ минут болса да, осы ұлт трагедиясын еске салып отырса – соның өзі ұрпақтың санасына сіңеді.
Бізге – тарихқа адал, шыншыл ұрпақ керек. Сонда ғана біз тәуелсіздікті тек формалды емес, рухани түрде де иеленеміз. Ұлт ретінде жаңғырамыз.
«ҰЛТҚА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ БОЛМАСА ЕКЕН ДЕДІМ»
– Естуімше, Алматыдағы Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына өзіңіздің үлесіңіз бар екен. Сол мүсіннің тарихына тоқталып өтсек.
– 1992 жылы 31 мамыр күні алғаш рет Ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті. Сол күні осы жерде үлкен қара тас тұр еді. Сол тастың астына "1931–1933 жылдары ашаршылықтан қаза тапқандарға ескерткіш қойылады" деген сөз айтылды. Бірақ, бұл уәде көп жылдар бойы тек сөз күйінде қалып, орындалмады.
Бір кездері Бауыржан Байбек әкім болып тұрған тұста, 31 мамыр күні шеру кезінде мен сөз сөйледім. Сол кезде мен оған: “Айналайын, мына қара тастың тұрғанына ширек ғасыр болды. Әкімдер ауысып жатыр, бәрі уәде береді. Бірақ бірде-бірі орындамай кетті. Бұл — ұлтқа жасалған қиянаттың белгісі болып қалмасын” дедім.
Сонда Бауыржан “Уәде беремін, келесі жылы ескерткіш орнатылады”, деді.
Сол сөз сонымен қалғандай болған еді. Арада бірнеше ай өткенде, шамамен наурыз айы болу керек, мен Алматыда жүргенімде қалалық әкімдіктен хабарласты. «Сізді әкім іздеп жатыр» деді. Артынан әкімнің орынбасары Арман Қырықбаев шақырды.
Барсам, мені комиссияға қатыстыру үшін шақырыпты. 23 жоба ұсынылған екен. Соның ішінен бірін таңдауымыз керек болды. Сол жобалардың ішінде бір ескерткіш макеті маған бірден қатты әсер етті.
Не әсер етті дейсіз бе? Ең бірінші — келіншектің бетіндегі қасірет. Оның жанарында бүкіл ұлттың қайғысы тұрды. Ол көзқарас менің жүрегімді қарып өтті. Сосын — қазан. Бос қазан. Мал түгел қырылып, тек терісі мен тұяғы қалған. Қазан төңкеріліп жатыр. Ошақ сөнген. Бұл — ашаршылықтың ең ауыр символы еді. Қазан қайнамай қалған елде өмір де тоқтаған.
Тағы бір назарымды аударған нәрсе — қабырғасы қабысқан баланың сүйегін көтеріп отырған ана бейнесі. Ана — тіршіліктің символы, ал ол тіршіліктің өзегі — бала. Ал бұл жерде ана өлі баласын құшып отыр. Бұл көрініс адам жанын шошытады, бірақ тарих үшін — өте маңызды.
Содан мен осы жобаны таңдадым. Кейін комиссия да толық қолдап, дәл сол жобаны бекітті. Ескерткіш осы таңдаудан кейін орнатылды. Осы іске атсалысқаныма ризамын.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Новости по теме

Дана Нұрмұханбет
«Адырна»