Сақ алтындары. Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленді деген құнды заттар музейге берілді

1017
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/whatsapp-image-2025-05-31-at-10.28.02-960x500.jpeg?token=7cbf5fa030cb87d170186a2b41c24385
Астанадағы Ұлттық музей қорына сақ дәуіріне тиесілі алтын бұйымдар мен артефактілердің бірегей топтамасы берілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп. Бұл жәдігерлер бұрын белгісіз олигархтан тәркіленген болатын. Құнды тарихи заттар Қазақстанға қайтарылған активтерді басқару компаниясы арқылы мемлекеттік меншікке өтті. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, қайтарылған активтер тек экономикалық емес, мәдени игілікке де айналуы тиіс. Бірақ аталған артефактілердің Қайрат Сатыбалдыға тиесілі екендігін ресми растаудан бас тартты. "Біз заң бойынша активтердің иесі туралы мәлімет бере алмаймыз. Барлық қайтарылған дүние мемлекет меншігіне өтеді, ал тарихи құндылықтар музейлерге беріледі", — деді Мұқаш. VII ғасыр б.з.д. мен III ғасыр аралығына жататын бұл артефактілер ежелгі сақ-скиф дәуірінің «жануарлар стиліне» сай жасалған. Олар – Ұлы дала өркениетінің көркемдік шеберлігі мен мәдени байлығын дәлелдейтін сирек дүниелер. Музейге металлдан жасалған бүркіт басы, араб жазуымен өрнектелген сақина, мүйізді аң бейнеленген пластина, қанатты арыстан, қанатты ат, жүгіріп келе жатқан барыс, секіріп тұрған бұғы мүсіндері, 15 көне тиын және екі спиральді сақина және арыстан басы бейнеленген жүзік табысталды. Жинақтың жалпы салмағы 118 граммнан асады. Сарапшылар бұйымдарды дайындаудағы нақыштау, шекіме және гравировка сынды ежелгі техникаға таңданыстарын жасырмай отыр. Бастапқыда бұл бұйымдарды мемлекет мүлкін сату аукционында сатуға әрекет жасалған. Алайда бағалаушы олардың тарихи маңызын ескермей, тек алтын салмағы бойынша есептеп, араб жазулы жүзікті небәрі 136 мың теңгеге бағалаған. Бұл бұйымдардың бір бөлігі бұған дейін Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген люкс сағаттар мен әшекейлер топтамасының құрамында болған. Солардың ішінде Ulysse Nardin сағатын Сатыбалдының қолынан бір кездегі ресми жиында байқауға болатын еді. Қазір ол сағат 7 млн теңгеге аукционға қойылған.
Комментарии