Президент 72 томдық жинақты әзірлегендер марапатталатынын айтты

1033
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/5319095565218346384-960x500.jpg?token=5eac4c08bfd5b3b74733ccfafccb18ac
Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасы маңындағы АЛЖИР мемориалды-мұражай кешенінде сөз сөйлеп, өткен зұлмат жылдардың ауыр мұрасын ұмытпау керектігін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Президент өз сөзінде АЛЖИР-де жазықсыз жазаға тартылған 8 мыңға жуық әйелдің тағдыры туралы айтып, олардың арасында қазақтың беткеұстар қайраткерлерінің жұбайлары болғанын еске салды. "АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр. Бұл – біздің ұлттық тарихымыздың ең қасіретті беттері. Саяси қуғын-сүргін – тек қазақ халқының ғана емес, барлық этностардың басына түскен нәубет", – деді Мемлекет басшысы. Президент соңғы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанын мәлімдеді. Мемлекеттік комиссияның үш жылдық еңбегі нәтижесінде 300 мыңнан астам азамат ақталды, екі жарым миллионнан астам құжаттың құпия белгісі алынды. "Комиссия зерттеген деректер негізінде 72 томдық құжаттар жинағы жарыққа шықты. Бұл – бұрын-соңды болмаған ғылыми жұмыс. Еңбегі сіңген зерттеушілер міндетті түрде марапатталады", – деді Тоқаев. Сондай-ақ, Президент архиві жанынан арнайы зерттеу орталығы құрылғаны, оған 700 мыңға жуық бұрынғы құпия құжаттар тапсырылғаны белгілі болды. Президент тарихты саяси құралға айналдыруға жол берілмейтінін атап өтті. "Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – біздің қастерлі борышымыз. Тарихты бұрмалап, зұлым саясатты ақтауға болмайды", – деді ол. Сөз соңында Мемлекет басшысы жастарды өткеннен сабақ алуға, ұлттық тарихты терең түсінуге шақырды.
Комментарии