Қырғызстанның Ош қаласында Лениинің Орталық Азиядағы ең биік ескерткіші ресми түрде алынып тасталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әлеуметтік желілерде жерге құлатылған ескерткіштің суреттері тарап, жұртшылықтың назарын аударды. Белгілі болғандай, ескерткіш 7 маусым күні қала әкімдігінің шешімімен демонтаждалған.
Ош қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Лениннің орнына биіктігі 95 метр болатын алып ту көтергіш орнатылады. Ал ескерткіштің өзі қаладағы саябақтардың біріне көшірілмек.
Қала әкімдігінің айтуынша, мұндай өзгерістер Ресей қалаларында да жүзеге асырылып жатыр.
«Мысалы, Санкт-Петербург пен Белгородта да Ленин ескерткіштері бұзылып
немесе басқа орындарға көшірілді. Бұл — қалалардың архитектуралық және эстетикалық келбетін жақсарту мақсатындағы қалыпты тәжірибе», — делінген мэр мәлімдемесінде.
Оштағы 25 метрлік Ленин ескерткіші 1975 жылы орнатылған. Соңғы бірнеше жыл бойы ол тұрғындар арасында қызу пікірталас тудырып келген. Бір тарап оны тарихи-мәдени мұра ретінде сақтап қалуды жақтаса, енді бір тарап қала көркіне сай келмейтінін айтып, бұзуды талап еткен.
Айта кетейік, Қырғызстан астанасы Бішкекте де Ленин ескерткіші өз орнынан алынып, қала ішіндегі басқа орынға көшірілген.